Шетелде демалу қымбаттап барады
- Жанат ҚАПАЛБАЕВА
Дағдарыс, дағдарыс болғанда да девальвация жыл сайын шетелде демалуды әдеткен айналдырған ағайынға ауыр тиді. Мәселен, шетелге 10 күндік жолдаманың құны орта есеппен 800 доллар болатын. Бұрынғы теңге бағамымен 800 долларыңыз – небары 145 мың теңге еді. Ал енді 800 доллар теңгеге шаққанда – бақандай 267 мың теңге. Айырмашылығы жер мен көктей. Қазақстандықтардың басым көпшілігі жалақысын теңгемен алатынын ескерсек, бұл сома онсыз да әбден жұқарған әмиянға оңайға түспейді.
2015 жылы қазақстандықтар ең көп саяхаттаған қалалар – Стамбул, Анталья, Париж, Нью-Йорк, Прага, Киев, Рим болса, биылғы тізім мүлде басқа – Стамбул, Тбилиси, Ташкент, Дубай, Прага. Тұрғындар барынша елімізге жақын, арзан қалаларға сапарлауды жиілеткен. Еуропаға саяхаттаушылар саны күрт төмендеген. Мәселен, Баку танымалдығы жөнінен бұрын 28-орында болса, биыл бірден 13-орынға көтеріліпті. 15-орындағы Тбилиси бірден төртінші орынға жайғасқан. Жалпы, бұл қалаларға дейінгі ұшақ рейстері арзан тұрады. Айталық, Алматыдан Тбилисиге тіке ұшып барып-қайту – 100-110 мың теңге болса, Стамбулға 62 мың теңгемен барып қайта аласыз. Санкт-Петербургке дейін және кері қарай ұшақ билетіне 90 мың теңге жұмсайсыз. Туристік компаниялар Еуропадағыдай шығындалмас үшін жақын жердегі Баку, Тбилиси, Ташкент, Киев қалаларына баруды ұсынады. Сондай-ақ Қырымдағы Сочи демалыс аймағына деген қызығушылық қайта оянып жатыр. Сочиге орта есеппен 100-150 мың теңгеге ұшаққа билет ала аласыз. Қалтасы тесік ағайын бүгінде Ыстықкөлге де шындап назар аудара бастады. Алайда, халық жаппай Ыстықкөлге тартып отырады деуге негіз жоқ. Ол негізінен ауа райына байланысты дейді мамандар. Жаз ыстық болса, сәйкесінше Ыстықкөлге құмартушылар да көбейеді. Ал салқын ауа райы бұл тенденцияға жағымсыз әсер етеді.
Дегенмен, жазғы демалыс жақындаған сайын Түркия жағажайына деген сұраныс қайта артып келеді. Біріншіден, онда бару үшін Еуропа елдеріндегідей виза рәсімдеудің қажеті жоқ. Оның үстіне Түркия мен Ресей арасындағы кикілжіңнен кейін ондағы демалыс орындары клиенттерін жоғалтқаны белгілі. Сондықтан олар қазақстандық туристерге үлкен жеңілдіктер ұсынуда. «КазТур» туроператорының коммерциялық директоры Салтанат Омарованың айтуынша, түріктер қонақ үй бағасын алдын ала түсіріп, біздің туристерді тартуға барынша тырысып бағуда. Алайда, барлық қонақ үй емес. Және олар қонақ үйін толтырғанша ғана жеңілдік ұсынып, сосын оны алып тастауы да мүмкін. «Сол үшін қазақстандықтар Түркияға арзан турпакет тапса, көп ойланбастан бірден келіскендері жөн» дейді С. Омарова.
Әрине, мамандар биыл бұл нарықтағы көрсеткіштер төмендейтінін болжап отыр. Қанша дегенмен, баға аспандап тұр. Былтырғыдай арзаншылық жоқ. Қазірдің өзінде былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 20-25 пайызға азайған. Халық әлемдік дағдарысқа орай ақшасын барынша үнемдеуге тырысуда. Мамандардың пікірінше, туризм саласын тек жеңілдіктер құтқаруы мүмкін. Сондай-ақ, қазақстандық туристер шетелден кем түспейтін жергілікті курорттарға да мән бергені жөн. Кендірлі, Алакөл, Балхаш сияқты демалыс орындарында қызмет сапасы бағасына сай келетін курорттар аз емес. Оның үстіне маусым айынан бастап Алматы мен Астанадан осы бағыттарға «Жетісу» авиакомпаниясының билеті 12 мың теңге болатын ұшақтары ұша бастайды. Бұл да – жақсы мүмкіндік.
- шетел
- демалу
- қазақстандықтар
- туризм