Шайтан көрген шал
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Шайтан көрген шал

Әр ауылда әңгіменің майын тамызып айтатын адамдар болады. Әсіресе, әзіл-шынын араластырып айтқанда, ауыздыға сөз бермейтін бәдіктердің бір-екеуі біздің ауылда да бар. Кейде жұмыстан қолымыз қалт еткенде сондай әңгімешіл ағаларды іздейміз. Олар да өздерін арнайылап іздеп келгендердің меселін қайтармай, өтірік-шыны аралас біраз нәрсенің басын қайырады.

Біздің ауылда Қылышбай деген жасы 60-тарды алқымдап қалған кісі болатын. Ол әңгіме айтқанда анау-мынау әртісіңді жолда қалдырады. Өзінің білмейтіні жоқ. Тақырып талғамайды, қай нәрсенің болмасын басын қылтитсаң, ары қарай алып кетеді. Қорқыныштысы бар, күлкілісі бар, қайғылысы бар, қызықтысы бар, барлық оқиға бейне бір соның басынан өткендей етіп айтады. Бір күні сол Қылышбайдың үйінің жанынан өтіп бара жатқан едім, анадай жерде жұмыс істеп жатыр екен. Ішім пысып, қасына бардым, бір жағынан өз аузынан біраз әңгіме естігім келген. Күтпеген жерден келген маған таңырқап қарады. Жөнімді айттым. «Ақымақ екенсің, - деді. Жұрттың балалары жұмыс істеліп жатқан жерден қашық жүреді. Ал, сен...»

Ә дегеннен әзілін осылай астарлап жеткізген ағамыз қолыма күрек ұстатты. Екеулеп малдың қиын шығардық. Уақыт сәске түске таяды. Жұмыс істеп жүріп-ақ аузына тыным болмаған бәдік аға шайға отырғанда тіпті шешіліп сала берді. Шайтан көрген шал туралы айтып берді.

«Қасқыр көрсе, қырғынын беретін Қырықбай деген шал өткен ертеректе, - деп бастады әңгімесін. - Сол шал бір күні, әтаснәлет, қасқыр аулауға шығыпты. «Охотаның» қызығына түсіп кетіп, түн ауғанша елсіз даланы кезіп жүре берген ғой. Түнде қасында итінен басқа жан жоқ Қырықбай ауылға қайтып келе жатады. Ауылдан 300 метрдей жердегі моланың қасынан өте бергенде иті үре бастапты. Молаға қараса, қарайып біреу жүр. Қолында қосауыз мылтығы бар болғасын ба, аяқ астынан батырлығы оянып, жер бауырлап жүріп молаға қарай жақындапты. Шынымен де біреудің жүргеніне көзі жеткен Қырықбай бұтына жіберердей болып ауылға қашыпты. Ауылға келіп, күншуақта өсек айтатын бүкіл құрдас, көрші кемпір-шалдарын «ойбай, шайтан көрдім» деп оятып алыпты. Содан не керек, 20 шақты кемпір-шал көптігіне сеніп, қолдарына айыр-күрек алып, молаға аттаныпты. Шептің алдында жаңа ғана қашқанда итін шаң қаптырып кеткен Қырықбайдың өзі. Бұқпантайлап келіп, бақылап қараса жаңаға біреу алдына бір сиырды салып моладан шығып келе жатады. - Шайтан ба екен? - Жоқ, өзің бір шыдамсыз бәле екенсің, тыңда! Осынша адамның өзіне қарай келе жатқанын көрген жаңағы біреу қаша жөнеліпті. Қырықбай оны қуып жетіп, құлақ шекесін қыздырады. «Ойбай жібер, менің не жазығым бар» деген жіңішкелеу даусы шыққанда ғана бір кемпір «әй, мынау ақсақ Махмұд қой» деп танып қалыпты. Махмұд шалдың үйі бұрын мал бағуға қолайлы деп каналдың арғы бетінде қалып қойған молаға жақын орналасқан 5-6 үйдің біреуі еді. Жаңағы шайтан деп жүргені моланың арасынан сиырын іздеп жүрген Махмұд шал болып шықты. Сол Махмұд әлі күнге дейін «бүкіл ауылды қорқыттым» деп «шелек болып» жүреді екен. Ал қасқыр атқыш Қырықбай осыдан кейін түнделетін жалғыз жүруін сап тыйыпты, - деп әңгімесін аяқтады.

Аман-Бек АТА

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter