«Нұр Отаннан» еместерге әкімдіктің ауылы алыс
Парламенттегі депутаттық мандатымен қош айтысып, ауылға оралғандар мен заң шығарушы органның дәмін енді тата бастағандардың кейбірі Оңтүстікте «Коалиция против акима области» құрғанын әнеугүні айтып едік қой. Есіңізге түсті ме?
Ішінде сыр сақтай алмайтын кісілердің сөзіне сенсек, «Сол «ұйымның» отымен кіріп, күлімен шығамын, адал қызмет етемін» деп ант суын ішкендердің қатары біртіндеп қалыңдап жатыр екен. Олардың сапына енді түмен баптар мен сансыз баптар мекені саналатын қала-аудандардың әкімдері де қосылыпты. Арасында жүрегі сыр бергеніне қарамастан, Б.Атамқұловтың шарапатымен облыс орталығына жақын білдей бір ауданның тізгінін ұстап отырған шенеунік те бар көрінеді. Бәрінің көксегені – облыстың бірінші тұлғасын «тақтан» тайдырып, орнына өз «көсемдерінің» бірін жайғастыру. Білуімізше, «коалиция» мүшелері, әсіресе, «таранамын деп талай тойды тарқатқан» серкесіне «ставка» жасап отырған сияқты. Ол бір жағынан депутат дегендей. Әй, бірақ, қайдам, оның кандидатурасы өтпейді-ау. «Нұр Отаннан» әлдеқашан шығып кеткен. Қазір басқа партияның сойылын соғып жүр. Биліктің «Нұр Отанға» мүше емес адамды облыс әкімі етіп қойғанын көріп пе едіңіз?! Сондықтан ішкі түйсігіміз «Коалиция жеме-жемге келгенде, дәл қазір облыс әкімінің сеніміне кіріп, әрдайым қасынан табылып, сыр суыртпақтап жүрген лауазымды адамға жұмыс істейді» дейді.
- әкім
- ОҚО