Замәкім Астанадан ұялып қайтыпты
Ұзынқұлақтың айтуынша, ОҚО әкімінің бір орынбасары Астанаға бостан-босқа барып келіпті. Не үшін барды дейсіз ғой? Білім басқармасына сонау елордадан үшбу хат келген. Онда оқулыққа қаржы бөлу мәселесі талқыланатын жиын өтеді, осыған жауапты облыс әкімінің орынбасары қатысуы тиіс делінген көрінеді.
Осылайша білім басқармасы жиналысқа барып келіңіз деп әкім орынбасарын Астанаға ұшатын ұшаққа отырғызып жіберсе керек. Түскен бойда министрлікті бетке алыпты. Кіріп барса, «неғып жүрсіз, бұл келетін жиналыс емес, кабинетіңізде, онлайн режимде өтетін селекторлық мәжіліс қой» деп ұялтып қойыпты. Ызаға булыққан замәкім келе салып басқарма басшылығын бір шыбықпен айдапты дейді ұзынқұлақ. Басқарманың да сылтауы дайын екен, бар кінәні қойдан жуас бір маманға жауып, құтылыпты-мыс.
- замәкім
- Астана
- ОҚО