Ер Дәуіт
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Пайғамбар ретінде етене таныс Ер Дәуіт әулие екі жерге жерленген бе? Отызында патша тағына жайғасқан ол қырқында қалай Пайғамбар атанды? Отыз ұлға әке атанып, отызынан да айырылғанда қайғының қамытынан қалай құтылды? Осындай сан сауалға жауап беретін тағдырлы жанға Тәңір темір қорыту өнерін дарытса, баһадүрді бүгінгі ұрпақ қолбасшылық пен ұсталықтың пірі ретінде біледі.
Тұңғыш қару-жарақ жасаған адам
Ислам мифологиясында темірден түйін түйіп, қару-жарақ жасауды игерген тұңғыш адам Дәуіт еді. Ұсталықтың арғы атасы саналатын ол аңызға сенсек, жас кезінде сақпанмен Джалут атты алыпты өлтірген. Соған байланысты қазақтар оны Ер Дәуіт деп атаса, арабтар кіреу сауытты «Дәуіттің сауыты» дейтін көрінеді.
Бағзыда әр кәсіптің өз пірі болатынына сенетін, сондықтан онда көбіне темір қыздырып, ұсталық еткендер оның қабірінің басына барып, құран бағыштайтын. Ал бертін келе оған ұрпағына амандық-саулық тілеп, жатырына бала бітуін сұрай бет бұратындар көбейіпті.
Қолын отқа көсеу еткен қолбасшы
Күн сайын 90 әскерді қару-жарақпен қамтып, оларға сауыт соққан ұста туралы ел ішінде әфсана көп. Солардың бірі жанын алғалы келген Алдашыны, яғни сол кездегі мифтік жаналғыш Дәуіттің өзі істеген әдемі сандыққа қызықтырып, алдап соның ішіне отырғызып, суға ағызып жіберсе керек. Содан үш жүз жыл ол суда ағып, Дәуіт те үш жүз жасапты деседі. Тағы бір аңызда, әлі құрал-сайман пайда бола қоймаған кезеңде Ер Дәуіттің жалаңаш қолымен отты көсеп, нарттай боп қызарған темірді игені айтылады. Алайда оның бұл қасиеті баласының бойына дарымаған. Оның атадан балаға аманатталмағанының себебін ұсталықтың сертінің бұзылуымен, елдің ыдыс-табағын бүтіндеп бергенде тиын-тебен алғанымен түсіндіреді. Осылай кәсіптің киесі ұрған оған Дәуіт көз жұмарында: «Мен өлген соң ұсталық өнерді иттен игересің» деп өсиет қалдырыпты. Дәуіт пайғамбар өмірден өткен соң отқа жуыса қолы күйетін ұлы іске жарамай, елдің мұқтаждығы артып, әбіржи бастайды. Әбден әбігерленген ол әкесінің сөзін есіне алып, итке қарап отырып оның аяғымен сүйекті қысып алып мүжігенін байқайды. Содан ол иттің сирағына ұқсатып қызған темірді оттан алатын ең алғашқы қысқышты ойлап табады. Ал бір деректерде оның ұлы Сүлейменнің аң-құстың тілін түсінетіндігі туралы да айтылады.
Отыз ұлынан айырылған ол қайғыдан қалай құтылды?
Әкелі-балалы Дәуіт (ғ.с.) пен Сүлеймен (ғ.с) пайғамбар туралы баласын қара жерге қимай қамыққан Аралбайға Қашаған ақынның айтқан басуында баяндалады. Ақын отыз ұлынан айырылған Дәуітке Алла Сүлейменді бергенін айтып сабырға шақырған.
Құранның Сәббә сүресінің аяттарында Дәуіттің (ғ.с.) қасиеттері жөнінде: «Расында Дәуітке (ғ.с.) өз жанымыздан ізгілік бердік: «Әй, таулар, құстар! Онымен бірге үн қосыңдар» (дедік). Және оған темірді жұмсарттық.(10); Кең сауыттар жаса, оны тоқығанда мөлшерле. Оң істеңдер. Әрине не істегендеріңді толық көрушімін (11)», – делінген.
Бақсы ма, ұста ма?
Дәстүрлі ортада Ер Дәуітті ел ұсталықтың пірі ғана емес, бақсылықтың да жебеушісі ретінде де біледі-міс. Өйткені ертеде ұста мен бақсы Тәңір мен қауымның арасын жалғастырушы дәнекер саналса керек. Оған бұрындары ұста мен бақсыны бір қорымға жерлегенінің өзі дәлел шығар...
«Әуеден көмір түсірген,
От жақпай темір пісірген!
Қау көрігі бақылдап,
Балға төсі шаңылдап,
ЕрДәуіт пірім, сен қолда!
Сен қолдасаң, мен мұнда — деп, бақсылар оны піp ретінде көмекке шақырып, бақсы-балгерлер оның науқас адамды аурудан айықтырарына имандай иланатынға ұқсайды. Қазактың жырларындағы: «... Атам киген ақ сауыт, Беркітіп соққан ЕрДәуіт...» - деген жолдар да соның дәлелі болуы мүмкін. Кемпір-шалдардың да ауырған адамға ем ретінде құрал-саймандарды пайдаланып жататыны да содан қалса керек. Оған қоса бұрындары жауынгерлер де айқас алдында осы Ер Дәуіттің атын атап, одан қолдау күткен екен.
Екі жерге жерленген бір әулие ме?
Сарыағаштың батысынан 50 шақырым әріде жатқан Ер Дәуіт әулиеге келетіндер «Жаратқаннан кейінгі жебеушіміз өзіңсіз» деп жалбарынатын көрінеді. Бұл маңнан бір перзентке зар отбасыларды, өмірде жолы болмай, ісі алға баспағандарды, тағдыр тауқыметін тартқандарды да табуға болады. Өз руластары басына кесене тұрғызып, мешіт салдырған Ер Дәуіттің мазары маңында түрлі пішінді тастар бар. Алғашқы тастың астынан өткен адам арқасындағы ауыртпалықтан арылса, келесі бесік сынды тасқа жатып келушілер «Тапқан-таянғанымды немере, шөбереме жеткізе гөр!»-деп тілейтін көрінеді. Ал тал түбіндегі аттың ер-тоқымына ұқсас тасқа отырған кісі «Астымдағы арғымағым жер шалмасын!»-деп Аллаға жалбарынса, тақта іспетті тасты құшағын жазып құшақтап тұрып: «Кеудеме иман толтыра гөр!» деседі. Кәрісі де жасы да ат арылтып келетін бұл киелі орын қысы-жазы зиярат етушілерге толы болады екен.
Ал енді бүгінде Оңтүстікте де Ер Дәуіттің қабірі бар дейтін бір қауым ел бар. Созақ ауылынан 23 шақырымда Қаратаудағы Суындық өзенінің бойында Дәуітбек әулие атты кесене бар. Осы күні суы тартылған ескі өзеннің аңғарына барып тірелген айналасы ашық жатқан қорымға да келушілер көбейіп келеді. Бұл жерді зиярат орнына айналдырғандар 6-7 молалы қорымның ортасынан ақ мраморлардың бөліктерін тауып алып, құрастырғанда одан «Дәуітбек би» деген жазу шығыпты. Бірақ ол кісінің нақты кім екені туралы нақты ақпар таппаған ел оны Ер Дәуітпен де байланыстырады. Сондықтан көбіне жол-жөнекей өтіп бара жатқан кісілер де бір пәс аялдап, құран бағыштап кететін көрінеді. Мұндағы үлкен кісілердің айтуынша, әулиеге келушілер оны дәулет пен ырыс, отбасына береке мен ынтымақ сыйлаушы әулие санайды екен. Ал жергілікті халық осы араны «Көкбұлақтың қорымы» деп атап кетіпті.
«Әулиелер Құдай емес, бірақ Құдайдан да былай емес!» деп оның рухани болмысына баға берген бұрынғылар олардың артықшылығы барына күмән келтірмеген. Мысалы, Нұхтың кемесінің топан суға батпауы, Ибраһимнің отқа күймеуі, Сүлейменге жындардың бағынуы, Мұсаның асасымен ұрғанда Нілдің суын, Мұхаммедтің аспандағы айды екіге қақ бөлуі, Ер Дәуіттің жалаңаш қолымен от көсеп, қызған темірді игендігі...
Иә, бүгінгі біз «әулие» деп атап жүргендердің де осы пайғамбарлар сынды кез-келгеннің қолынан келмейтін кереметті жасай алатын қабілеті болған жоқ па?
Өз заманында әулиелердің тылсым қасиетін түсінбегендер көп болған деседі. Олардың отқа салса күймейтін, суға салса батпайтындығына таңданып, бір мезгілде екі қалада намаз оқи алатынының құпиясын түсінбегендіктен де оларды адамдар түсіне алмаған. Осы түсініспеушілік олар өмірден өткеннен кейін оларға зиярат етумен жалғасса керек. Мысалы, Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзиз, Қарабура әулиелер Түркістанда тұрып бір мезгілде Меккеде де намаз оқи беретін болыпты. Бекет Ата да Маңғыстауда тұрып Хиуадағы Шерғазы Хан медресесінде намазға жығылған көрінеді. Тізбектей берсек мұндай деректерді көптеп кезіктіруге болады, ал Ер Дәуіттің бір мезетте екі жерде жан тапсыруы мүмкін бе? Бәлкім, Құдайдың өзіне құлшылық еткен кей жандарға осындай қабілет бергені рас болса, бәлкім бүгінде Созақ жұртының «Дәуітбек бидің» қорымын Ер Дәуіттің мазары болуы мүмкін деп ойлауы да әбестік емес шығар, кім білсін...
- Ер Дәуіт әулие