Оқшы ата
Көне архитектуралық ескерткішке жататын Оқшы ата мазары Шиеліге қарасты Жөлек ауылынан 7 шақырым жерде, теміржол торабында орналасқан. Мазарға жерленген кісінің шын аты – Ибраһим шайхы, лақап аты – Көгентүп, ал Оқшы ата – кейіннен елдің берген есімі. Түрколог Әуелбек Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. Қазір батырдың көне қорымы бар өңір кезінде шаһар болған деседі. Ел ішінде ІХ–Х ғасырлардан бастау алып, ХV–ХVІ ғасырларда белгі қойылған қорымның күмбезіне қатысты аңыз-әпсаналар да аз емес.