«Жекенсаяқ» пен «Мұңлық-зарлық»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Жекенсаяқ» пен «Мұңлық-зарлық»

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Жанына жуыған адамнан ауыл-аймақ пен мал-жанның амандығын сұрасу қазақтың ескі әдеті емес пе?! Туған жердің тау-тасының тарихын бес саусақтай білу де – қазақтың қанына сіңген қасиеттердің бірі. Осындай үлкенді-кішілі кісілерден естіген әңгімеміздің бірі Арыс маңындағы әулиелі жерлерге келіп ойысқан-ды. Арыстың тумасы Мереке Қасқарбектің студент болса да, білері біз ойлағаннан әлдеқайда көп болып шықты. Бала күнінен бері жиі баратын Жекенсаяқ әулие туралы әңгімесін ол әріден бастады.

Ханның қызын ұнатқан жетім бала

Шымкенттен Арысқа қарай темір жолдың бойымен 5 шақырым жолды жүріп өтсеңіз, алдыңыздан Арыс өзенінің маңынан Жекенсаяқ әулиенің кесенесі шығады. Осыдан 44 жыл бұрын Әсілхан атты молда демеушілік жасап, әулиенің қабірінің үстінен кесене тұрғызып, күмбезін Түркістаннан алдырады. Ал бертін келе Бауыржан Абылайұлы атты жеке кәсіпкер пішінін өзгертіп, қайта жаңа күмбез жасатыпты.

«Үйде Жекенсаяқ әулие туралы жазылған кітап бар. Өте білімді, діни сауатты кісі болыпты. Біздің қазақта алдымен ру сұрасып жатады ғой, ол кісі Ұлы жүздің ішіндегі Дулаттан тараған Жаныс екен. Мен де журналистикада оқығым келген, сондықтан өзім де аңыз-әңгімелерді үлкендерден жиі сұрап жүруші ем. Ата-әжелердің айтуынша, бұл жерде бұрын сарай болған. Содан әлгі сарайдың ханы бір күні баласын үйлендіріп, ұлан-асыр той жасайды» деп, Мереке әңгіменің тиегін ағытты. Әрине, ертеден отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын, ас та төк ас беріп, ат шаптыратын, теңге ілдіріп, арқан тартқызатын қазақтың тойын ұлттық ойындарсыз елестету әсте қиын шығар. Әсіресе, ол хан болатын болса, «той қылыпты» деп екі-ақ ауыз сөзбен қайырудың өзі сөкеттік сынды. Содан әлгі күндік жерге жөнелткен сәйгүліктерден қара торы ат мәре сызығын бірінші болып кесіп өтеді. Аңтарылған ауыл адамдары қара торы жылқының ұшқан құстай жүйріктігіне таң-тамаша болып, иесін сұрастыра бастайды. Сонда «қусирақ жетім баланың аты екен» деген ақпар лезде дүйім елдің құлағына жетсе керек.

Аңыздарға сенсек, сол Жекенсаяқтың ержеткен соң ханның қызына көңілі ауады. Әке-шешеден жастайынан жетім қалған жігітке білдей хан үкілеген перзентін қайдан бере қойсын. Амалын тауып, сезімін білдіріп, қыздың да өзінде көңілі барын білген Жекенсаяқ пен хан қызы уағдаласқан уақытта қашуға бел байлайды. Алайда оның астындағы атына аңсары ауғандар әлдекімдерді ханға айдап салады. Бағып-қағып, маңдайына күн тигізбей өсірген қызының қылығына ашынып, қаһарына мінген хан ашу үстінде екеуін бірге өлтірткізеді. Ал бүгінде Арыста аты мәшһүр әулие мазары қос ғашықтардың қатарын толықтырып тұрғандай. Махаббаты баянды болмаған жігіт көз жұмған жерге жерленіпті. Алайда, кей деректерде Жекенсаяқ әулиенің жыл сайын Жетісудан Түркістанға келіп тәу ететіні туралы айтылған. Ұзақ жолға осыған дейін бес рет шыққан оның алтыншы сапарында дәм-тұзы таусылған көрінеді.

Мазар үстінен неге пойыз жол салынбады?

«Тағы бір естігенім бойынша, бұрындары осы Жекенсаяқ әулиенің қорымының үстінен Түріксіб темір жолын салмақшы болған екен. Ауылдың адамдарын білесіз ғой, әулиелі жердің киесі ұратынын айтып, байбалам салыпты. Бірақ оларды тыңдамай, теміржолшылар жол салуға кірісіп кеткен ғой. Алайда теміржолшылар ертеңіне келсе, кешегі төсеп кеткен темір жолының рельстері екіге айырылып жатыр екен» дейді ол. Алайда мұны жергілікті халықтың өзі жасаған болуы мүмкін деп жорамалдайтындар да жоқ емес.

Он бес жасар анадан туған Мұңлық пен Зарлық

Арыс аумағы – сонымен қатар Ақын баба мен Жақып әулиенің де жатқан жері. Ал ел ішіне етене таныс тағы бір кесене – Мұңлық-Зарлық мазары. Ақын Әлібек Шегебайдың «Бәсеңдетпес бағын да, бағасын да, Ауылым – сұлу Сырдың жағасында. «Мұңлық-Зарлық» сонан соң, көне қорым. «Ұзын Ата» бейіті, бәрі осында» дейтін «Ауыл мен ақындар» атты өлеңіндегі «Мұңлық-Зарлықтың» дәл өзі. Арыс пен Шардараның арасын жалғап жатқан жолдардағы кесененің өзін білмейтіндер табылса да, аңызға құлағы қанығып өскендер аз емес шығар. «Мұңлық-Зарлық» кесенесі туралы ғылыми жұмыс жазып шыққан Айнұр Полатова «Мен Оңтүстіктегі Арыс ауданына қарасты Байырқұм ауылында өстім. Сыр бойында орналасқан Байырқұмға көршілес Аққала, Жиделі жерлері бар. Осы Шардараға апаратын жол Аққала мен Жиделіні, Байырқұмды кесіп өтеді. Сырдариядан өтсеңіз, Балтакөл, Маяқұм, Ақынтоғай, Ақтөбе сынды ауылдар бар. Бір сөзбен айтқанда, Сырдың сағасы мен Шардараға апаратын жолдың түйіскен тұсынан үш шақырым әріде әулиелі қорымдар бар. Ол қорымдарды ертеден бері ел Мұңлық пен Зарлықтың қорымы деп атап кеткен», – дейді. «Мұңлық-Зарлық анасы Ханшайым, әкесі Шаншархан патша дүниеден өткеніне 440 жыл» деген жазуы бар кесене жиырма жыл бұрын салыныпты-мыс. Ол туралы аңыз да аз емес. Жиделі жерінде 60 әйел алса да, бір перзентке зар болған Шаншархан 15 жасар Ханшайымды әйелдікке алады. Бірде хан жол жүріп кеткенде, жары айы-күні жетіп, шекесі торсықтай ұлға қоса бір қызды өмірге әкеледі. Алайда жалмауызға алпыс кесек алтын беріп, ханның бәйбішесі Мұңлық пен Зарлықты дарияға ағызып жібергізеді. Бірақ құндақтаулы балаларды тау тағысы құтқарып қалады. Кейін ұзақ сапардан келген ханға Ханшайымның күшік туғанын айтқанда, ашуға булыққан хан әйелін дарға асуға бұйрық береді. Алайда үш рет дарға асса да, арқан үзіліп түсе береді. Сонан соң күшіктерімен қосып, Ханшайымды тау-тастың арасына апарып тастайды. Оқиға осылай өрбіп, бүтін отбасының табысуымен тәмамдалады.

«Егіздер тағдыры – өмірде болған шын оқиға»

«Мұңлық-Зарлық» дастанын ел арасында қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы жазып алып, ауыздан-ауызға таратқан екен. Бертін келе Дулат Исабеков жазып шыққан пьеса театрда сахналанып жүр. Ол жөнінде Оңтүстіктен шыққан жазушы Мархаббат Байғұт та өз толғанысын «Егемен Қазақстан» газетінде бөліскен еді. «Мұңлық-Зарлық» Шығыс жұртына ортақ дастан саналғанымен, қазақтың төл туындысы екенін ешкім жоққа шығара алмайтынын айтқан ол «Ағалы-қарындасты егіздер Зарлық пен Мұңлықтың көнеден келе жатқан кесене-күмбездері – осы Оңтүстікте. Арыс пен Сырдарияның, Ақдала мен Жиделінің аралығында. Жазушы-драматургтің туып-өскен топырағында. Дулат қаршадайынан-ақ “Мұңлық-Зарлықтың” сағынышты сарынын, сырлы әуезін құлағына құйып, зердесіне түйіп өскен. Бәлкім, болашақ суреткеріңізді әдебиет айдынына жетелеп-жебеген де сол ғажайып дастанның дара әуені болар» деген еді. Осылайша жазушы «Мазарлары маң дала төсінде мұнартып, мұңды ызың ызатын ағалы-қарындасты егіздер тағдыры – өмірде болған шын оқиға. Бірте-бірте аңызға айналған, дастан болып өрілген» деп суреттейді. «Исабековше ишараланған» образдарға тәнті болғанын тарқатып айтқан жазушының жазушыға берген бағасынан бұрын, әулиелі аймақтың да тарихын шолып шыққанын тілге тиек еткіміз келген. Демек, бүгінде ауыз толтырып айтатын аңызы бар, тіпті театрда сахналанып жүрген «Мұңлық пен Зарлықтың», аңызға бергісіз Жекенсаяқтың кесенесінің Арыс аумағында жатқанын кейінгі ұрпақ құлағына сіңіріп өссе, оның несі әбестік?! Оның үстіне Оңтүстіктегі киелі орындардың қазірдің өзінде тек қана бет сипап, зиярат ететін ғана емес, тарихи орын ретінде де таныла бастағаны рас.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter