Қырық қыз
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қырық қыз

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Қырық қыз – қырық жартас. «Алагеуімнен қыздардың сыңсып салған әні естіледі» деп Қырық қызбен дүйім жұрттың назарын аударған Өгем. Қазақтар мыңдаған жылдан бері кие тұтіп келе жатқан Қазығұрт өңірінде бүгінде отыздан аса археологиялық ескерткіштер бар. Соның бірі – Қырық қыз.

Итке айналған қоңтайшы

Қазығұртта Қырық қыз деп аталатын қос бірдей ескерткіш бар. Оның бірі – жауымен қоса қара тасқа айналған алғашқы Қаратастағы, Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы сарқырама маңында орналасқан ескерткіш. Ал екіншісі – кәдуілгі «Қырық қыздың» мүсіндері іспетті жоталар. Қазығұрт тауының шығысында, 4–5 шақырымдай қашықтықтағы Өгем өзені бойында. «Күйеу тас» аталып кеткен, қалыңдығына келген күйеу жігіттің сұлбасын да нақ осы жерден көруге болады. Бүгінде Оңтүстік өңірінде ақ бураның өркешіндей тау-тау боп үйілген тастар бар. Көзкөргендер бұл тауларға зер салып қарасаңыз, қырық қыздың бейнесін көруге болатынын жиі айтады. Ал аңызға сенсек, ертеде бір бай қызын бесікте айттырылған адамына ұзататын болыпты. Қызының бойжетіп, басқа ауылға келін атанарына амалсыз көндіккен әке перзентінің алдындағы парызын өтемекке кіріседі. Атан-атан түйеге жүк қылып жасау тиеп, қызын күйеу баласына аманаттап тұрған шағында «жау шаптылап» келген шабарманның айғайы дүйім елді дүрліктіреді. Осы кезде тау басында тұрған қырық құрбысын ерткен бойжеткен: «А, Құдай, ақыры арыстай азаматтарымызды алған екенсің, бізді жау қолына жетектетіп, күң еткенше тас қыла гөр!» деп жалбарыныпты. Ол бір қарғыс пен алғыстың, тілек пен ниеттің қабыл болатын шағы екен. Бір сәтте қырық қызға қоса қалыңдық та тасқа айналып кетіпті-міс. Ал тағы бір аңызда елінен ұзап кеткен қалыңдық көшінің алдынан қалмақтың қанішер қоңтайшысы шығып, қыз нөкерлерін қырып, қыздарды күңдікке алмақ болғанда қырық қыз құдайдан: «Бізді мына итке қор қылғанша, тас қып қатыр»,- деп жалынған екен. Сол мезетте тасқа айналған қырық қызға қоса қоңтайшы да тас мүсінді итке айналыпты. Сондықтан, көзкөргендер қатпар-қатпар таудан тек қыздардың сұлбасын емес, итке ұқсас бейнені де аңғаруға болатынын айтып жүр.

Қызжылаған, Қызқұлаған, Қыземшек, Қызәулие...

Қазақ елі қашанда әйелге деген сый-құрметін жоғалтпаған. Сондықтан болса керек, бүгінде елімізде әйел затына қатысты жер-су атаулары да жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ әйел затын да жік-жікке бөліп, жас мөлшері мен атақ-дәрежесіне, тұрмыс құрып, ақ босаға аттамағанына қарай әртүрлі атаған. Мысалы, Әйелсай, Қатынқамал мен Қатынкөпір, Келіншектау мен Келінтөбе, Бекбике мен Ақбикеш, Айша бибі атаулары – соның айғағы. Солардың ішінде ең көбі «қыз» сөзі тіркескен әулиелі-әмбиелі өңірлер. Мысалы, Қызжылаған, Қызқұлаған, Қыземшек, Қызәулие және бүгін жоғарыда біз айтып отырған Қырық қыз осы санатқа енеді.

Қырық қыз қазақта ғана бар ма?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарақалпақстанның Беруни қала-сынан 27 шақырым жерден біздің дәуіріміздің ІІІ-VI ғасырына жататын қалашық табылғанын естіп едік. Қателеспесек, қаланы зерттеген ғалымдар онда «Қырыққызқала» атты қамалдың болғанын баяндаған болатын. Сондай-ақ, қарақалпақтарда, жоғарыдағы айтқанға ұқсас аңызға саятын «Қырық қыз» атты дастан да бар екен. Тек бұл ғана емес, көрші өзбек ағайындарда да Сұрхандария қаласы аумағында, Әзірбайжан елінде осымен аттас жерлер бар.

Қырық қыз сарқырамасы

Қырық қыз сарқырамасы Қаржантаудың Бәйдібек шоқысы маңындағы сілемдерден бастау алады. Тау шатқалдарынан өтетін Қарабау өзенінің арнасы Сарқырамадан кейін кеңейіп, үлкен каньонға ұласады.

Сарқырама тек тас мүсіндер-дің қасында болғандықтан емес, кей ауыздан-ауызға жеткен аңыздарда сарқырамада қырық қыз шомылып жүргенде ауылға жау шабатыны айтылады. Жаудан жапа-тармағай қашқан қыздар осы сарқырамадан өрлеп бара жатқан бойы тасқа айналады. Сарқырама 43 метр биіктіктен ағады. Қазығұрт ауданындағы ең биік сарқырама. Биіктен құлаған су төменге жеткенше тастан-тасқа соғылып, ұсақ су тамшыларына айналады. Тастай суық судың төменге түсетін жерінде бассейн іспетті орын жасаған. Жаз жетіп, шомылу науқаны басталғанда алыс-жақын ауыл-аймақтардан суық суға түсуге арнайы ат арытып алыстан да келетіндер баршылық.

Ал сарқыраманың шығыс беткейіндегі ортағасырлық қо-нысты жергілікті тұрғындар «Қырыққыз әулие» немесе «Қырыққыз қорғаны» деп атайды екен.

Аңыз түбі – ақиқат. Кешегі қызын қырық үйден тыйған қазақтың бойжеткендерінің бұл да бір бет-бейнесі. Кешегі құдықтан құтқармақ боп білегін ұстаған Бәйдібек биге тұрмысқа шыққан Нұрила анамыздың әрекеті, Қараханмен өлген соң некесін қидырған Айша бибінің адалдығы, Төле бидің келіні Данагүлдің даналығы... Бәрі-бәрі ауыз толтырып айтарлықтай өнеге, астарына үңіле білгенге айтары бар ақиқат емей немене? Бүгінгі біз баяндаған Қырық қыздың да көзкөргенге көңілге түйері, оқығанға берері бар. Жау қолына түсіп, күңге айналғаннан бұрын аядай ауылдың қыздарының арын жанынан биік қойғаны, біз айтпасақ та тайға басқандай түсінікті. Тек осынау қойнауы қазынаға, қамбасы аста-төк астыққа, аймағы адамға бай Оңтүстікте әлі де әулиелі-әмбиелі жерлердің көптігінен туристік аймақтың дамып, туристік аймақтардың тасы өрге домалап тұрғаны шамалы. Мұны біршама уақыттан бері айтудай-ақ айтып келеміз. Көзтартар келбеті бар көрікті жерге бай кеңпейіл, қонақжай қазақтың кең-байтақ жеріне осындайда көрермен іздеп бәйек болғанымыздың өзі қызық. Кешегі «Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!» деп тамсанған Мұқағалилар аспанды көрпе ғып жамылып, жұмыр жерді төсеніш етіп талай таңдайынан тәтті, шербет-шекер жыр төкті. «Батырлар дүрілдеп өткен жер, Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, Ғашықтар бір-бірін өпкен жер, Сарылып сал-сері кеткен жер. Бас иіп, иіскеп топырағын, Тағзым жасамай өтпеңдер!»-деп кетті ақиық ақын.

Иә, кейде топырағын иіскемек тұрмақ, тағзым жасауды қаперімізден шығарып алып жататынымыз да жоқ емес. Олай болса, қолымыздағы алтынға бергісіз дүниелерімізді бағалай білсек, нұр үстіне нұр болар еді-ау...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter