Қорқыт ата
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қорқыт ата

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Қорқытқа ерсе, арманы жоғын айтқан Мағжан Жұмабаев «Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап, Құшақтап қобызымды көрге кірсем!..» деген екен. Ол бір ақылы асып, аспап ойлап тапқан Қорқыттың өзіне де бұйырмаған бақ. Әйткенмен, көз көрмегенімен, ауыздан-ауызға жеткен аңыздардың арқасында кейінгі ұрпақ Қорқытты жете таниды, оның дені оған бір уыс топырақтың Қызылордадан бұйырғанын да бес саусақтай біледі.

Құбылаға қарап жатқан қобыз...

Қорқыт бабаның ескерткіші Қызылорда облысына қарасты Жосалы стансасынан 18 шақырым жердегі биік төбеде орналасқан. Ескерткіш жоғарыдан қарасаң, кәдімгі құбылаға қарап жатқан қобыз. Қобыздың екі құлақшасы сияқты қос ғимарат – мұражай мен қонақжай. Ескерткішке көтерілетін баспалдақтары – ішегі болса, ортадағы көк қошқардың мүсіні – тиегі. Ал арка ысқыш іспетті. Ескерткішті жағалай қоршаған жасыл мозаикалар Қорқытты шаққан жыланға ұқсайды. Темір бетоннан жасалған тіп-тік төрт көктастан тұратын ескерткіштің биіктігі - 8 метр. Оның жоғарғы жағына төрт бағытқа қаратыла аузы кең метал түтіктер орнатылған. Сол 40 түтікше арқылы соққан жел әсер етіп, қобыз үніне ұқсас дыбыс шығарады.

Атақты жырау, қыл қобыздың атасы, асқан күйші, ойшыл, келер күнді болжайтын бақсы болған Қорқыт қорымының маңында 1300 адам сиятын амфитеатр орын тепкен. Дыбыстық акустикасы өте жоғары, төменнен дыбыстаған адамның даусы ешқандай техникасыз жоғарыға қарай анық естілетін театрда түрлі концерттер мен конференциялар өткізіледі. Ал осындағы тілеуетханада Алладан шын ниетімен тілек тілеген адамның тілегі қабыл болады-мыс.

Өз заманында Сыр өңірін мекендеген Қорқыт баба Оғыз қыпшақ тайпасында өмірге келген. Оның құрметіне орнатылған қобыз 1980 жылы алматылық архитектор Бек Ыбыраев пен С.Исатаевтың жобалауымен салынған. Төрткүл дүниенің төрт бұрышына қаратыла салынған ескерткіш – оның өлімсіз өмір іздеп, әлемнің түкпір-түкпірін шарлағанының белгісі. Ал ескерткіштің ішкі жағы Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін ишаралайтын “Түйе табан” өрнегімен безендірілген.

1997 жылы қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілген ескерткіштің маңында амфитеатр, қонақүй сынды нысандар тұрғызылып, мемориалдық кешенге айналдырылды. 2000 жылы кешеннің жанынан 700-ге жуық экспонаты бар мұражай ашылған.

Су шайып кеткен мазар

Қорқыт Ата кесенесі шамамен IX-X ғасырларда Қызылорданың Қармақшы ауданы Қорқыт станциясынан 3 шақырым жерде тұрғызылған. 1925 жылдан бастап опырыла бастаған кесенені 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Қазір орыны белгісіз. Ал мазардың бұрынғы орнына, жоғарыда айтқан мемориалдық ескерткіш салынған. Сондай-ақ, Қорқыт атаның қабiрi қайда екенін дөп басып айту қиын. Бірі оның мазары осы Қармақшыдағы мазарда жатыр десе, енді бірі басқаша жорамал жасайды.

«Қорқыттың көрі»

Ғалым Әбубәкір Диваев Қорқыт Атаның 95 жасқа келіп көз жұмғанын баяндаған. Ал түрколог Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбегінде ол ХІ ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Әлкей Марғұлан оның VII-VIII ғасыр аралығында өмір сүргенін жазып қалдырыпты. Бір сөзбен айтқанда, деректер санқилы.

Аңыз бойынша, Қорқыт анасының құрсағында үш жыл жатады. Жыл сайын бір рет толғақ қысқанымен, күйші үшінші жылы ғана жарық дүниені өз көзімен көреді. Ол дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басқан деген сөз де жоқ емес. Сондай-ақ, нақ сол күні сұрапыл дауыл соғып, ел-жұрттың үрейі ұшқан деседі. Осыған байланысты оның есімі «Қорқыт» қойылса керек.

«Қорқыт» сөзінің этимологиясын Ә.Қоңыратбаев “құтты адам, құт әкелетін адам” десе, С.Қасқабасов «өмір сарқылды, адам өлді» деген мағынаны білдіретінін айтыпты. Ал В.Жирмунский болса, Қорқыттың атын «қобыздың иесі, шаман, абыз» деген сөзбен байланыстырады.

Қорқыт Ата туралы аңызға сенсек, бірде ұйықтап кеткен Қорқыт Ата егер өлімді есіне алса, мәңгі өмір сүрмейтіні туралы аянды естиді. Бұл аян есінен шығып кеткен Қорқыт бірде баспақты қуып жүріп, жете алмаған соң: «Өлсем де, жетемін!» дейді. Соны айтқаны сол екен, Әзірейіл: «Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!»- дейді. Аңызда Қорқыт Ата желмаямен желтіп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өліммен күресуші ретінде суреттеледі. Алайда ол қайда бармасын, алдынан көр қазып жатқан адамдар ұшыраса береді. Ол өзінің: “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап алады. “Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалса керек.

Жер жүзін кезе-кезе құты қашқан Қорқыт: «Жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың» деп аян берген соң, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен. Ол жөнінде М.Әуезов: “Ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт Ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады”, – деп жазады. Аңызға сенсек, содан қобызды ойлап тапқан ол өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күйдің құдіреті сол – суға батпаған-мыс. Тіпті Қорқыт Ата қобыз тартқан кезде жер бетінде өлім болмаған деседі. Алайда шаршап, ұйықтап кеткен оны судан шыққан жылан шағып өлтіреді. Аңызда ажалдың жылан кейпінде келгенін, қазақтың «ажал айтып келмейді» деген тұжырымын анық аңғаруға болады.

Қобыз кімге мұң шағады?

Азынаған желмен уілдеп, «ыңылдап» тұрған қобыз үні мұңлы... Кезінде бабамыздан «Қорқыт», «Желмая», «Тарғыл тана», «Елімай», «Ұшардың ұлуы» деген сынды қобыз-күйлер мұраға қалған.

«Қорқыт бабамыздан қалған

Қобыз - өкініш пен арман.

Тыңдасаң, сыр айтады,

Өкініп мұң айтады» деп әндеткен жолдар тап осы Қорқыт пен қобыздың мәнісін аша түсетіндей...

Бозінгеннің боздағанындай жүректі қозғайтын, шежіре шертіп, мәрттігін мақұлдатқан, өлместің отын жаққан аспаптың азынаған желмен жеткізген базынасы жүректі шымырлатып, өне бойды тітіркендірмей қоюы екіталай... Ол мұң шағатындай... Бәлкім, өзін ойлап тауып, өзін қолданысқа енгізген иесін «іздейді»... Ал біз Қорқыттың қорымын таба алдық па? Оны қаншалықты еске алып, қаншалықты дәріптей алып жүрміз?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter