Ақсу-Жабағылы қорығына – 90 жыл
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Оңтүстікте орналасқан Ақсу-Жабағылы қорығының ашылғанына биыл тоқсан жыл толды. 1926 жылдың 14 шілдесінде қызметіне кіріскен ол Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігі мен Өгем жотасын алып жатыр. Ақсу-Жабағылы еліміздегі тұңғыш қорық қана емес, ол Орта Азиядағы ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне де алғаш болып енген қорықтың бірі.
Өсімдіктердің 1400, құстардың 238, аңдардың 42, жыланның 9 түрі...
Ақсу Жабағылы қорығының жерін Ақсу өзенінің аңғары жарып өтеді. Мұнда өсімдіктер де саналуан. Онда мүктің 61, қынаның 58, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1400 түрі кездеседі. Техникалық өсімдіктен: арша, рауғаш, итқұмық, таран, жеміс-жидектерден: жабайы алма, шетен, шие, қарақат, бүлдірген, жем-шөптіктен: жоңышқа, кекіребас, бедебас, түлкіқұйрық, көде сынды өсімдіктердің жеті атасы бар.
Қорық жануарларға да өте бай. Мысалы, онда арқар, таутеке, елік, марал, барыс, Тянь-Шань қоңыр аюы, борсық, сусар сынды сүтқоректілердің 42, гималай ұлары, кекілік, сақалтай, бүркіт, қара құтан, бозторғай, сарыторғай, ителгі, шымшық сияқты құстардың 238 түрін, сондай-ақ алай жалаңкөзі, сарыбауыр кесіртке, қалқантұмсықты қара шұбар жылан, сұржылан деген бауырымен жорғалаушылардың 9 түрін табуға болады. Оған қоса қосмекенділердің 2, яғни жасыл құрбақа және көлбақа, балықтың да 2 түрі тіршілік етеді. Сонымен қатар омыртқасыз жәндіктердің де түр-түрі кездеседі. Ал, жергілікті тұрғындардың айтуынша, Ақсу-Жабағылы қорығы нағыз жаның тыныштық табатын жанға жайлы таулы аймақ болса, ал ғалымдар оған табиғаттың нағыз ғылыми лабораториясы деп баға берген.
Жазық далаға ұласатын таулы аймақ
Теңіз деңгейінен 1000-нан 4280 м биіктікке дейінгі Тянь-Шань тауларында орналасқан қорық жазықтармен жалғасып, аршалы ормандарға ұласады. Ылғалды климаты басым өлке жіңішке бұталардың өсуіне қолайлы, сондай-ақ мұнда жауыны көп қарлы шыңдардың бөктерінде түрлі-түсті альпі гүлдері жайқала өседі. Жоғарыда айтқанымыздай, мұнда сирек кездесетін және тек осы аймақтарға ғана тән өсімдіктер мен жануарлар жетерлік. Бұл жерден тау қойын, ешкісін, маралдарды және еліктерді, сілеусіндер мен қар қабыландарын, қасқырлар мен түлкілерді, аюлар мен тағыларды, ақкүмістерді таба аласыз. Сондай-ақ, сарышұнақтарды да көруге болады. Сыбызғының үніндей тоқылдақтың дауысы, көбелектердің гүлден гүлге ұшып-қонғаны, грейг қызғалдақтары Ақсудың реңін одан бетер кіргізе түсердей. Мұп-мұздай суы өңіңізді көрер айнадай, жазық пен тау, өзен мен шатқалдар шектесіп, арқыраған сарқырамалар тынысыңызды кеңейте түседі. Ал теңіз деңгейінен 3 000 м биіктіктегі ұңғымалардан тастарға ойылып түсірілген «сурет галереясын» көруге болады. Онда үй мен жабайы жануарлар, ертедегі адамдардың аң аулауы бейнеленген. Сондай-ақ, қызығы сол, Жабағылының сазды топырағынан палеонтологтар тасқа айналған өсімдіктер мен жәндіктердің, балықтар мен кесірткелердің іздерін тапқан.
Қорық неге қонақ үйге жарымай тұр?
Қорықтың басшысы Айтбек Меңлібеков те оған: «Бүкіл әлем таңырқайтын табиғаттың тамаша түкпірі ғой бұл», - деп баға берген-ді. Алайда, білікті басшы өзінің бір сұхбатында: «Бірақ материалдық жағдай онша жақсы емес. Ең ақыры өрт сөндіру мәшинесі жоқ. Өзге қорықтарда мәшине емес, өрттен қорғау бөлімдері, тұтас техника бар» деген еді.
Бүгінде 70-тей адам қызмет ететін қорыққа жыл сайын 700-900 адам келіп-кетеді. Оған 600-дей шетелдіктерді қосыңыз... Осындай әжептеуір келімді-кетімді қонақтары бар болған соң біз де қорықтың сайтын ақтарып көрдік. Бізді қынжылтқаны – қорықта шағын ғана қонақ үйдің жұмыс істеп тұрғаны. Оған қоса кішігірім мұражайы бар. Ал осы кішігірімдерді үлкейту кімнің қолында? Сырттан келушілер сайтқа кіріп, анау қонақ үйдің сиқын көрсе қорық іздеп келер ме еді? Әйтеуір, айтып-айтпай не керек, сол баяғы күрмеуге келмейтін жіптің жыры...
Мейлі, мемлекеттің қаржысы әлемдегі жер көлемі жөнінен 9 орынға табан тіреген елдің еңсесін тіктей түсуге жетпей жатқан шығар... Бірақ біздің елде елім деген азаматтар аз емес сияқты еді ғой. Түлкібастан шыққан дөкейлер қайда?
Шерхан Мұртазаның түсіне кірген Ақсу-Жабағылы
«Парижде болдым - Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым - Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым - олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым - оны да түсімде көрмедім ... Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін»,- деп жазды көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза. Иә, ол өзінің шығармаларында да Ақсу-Жабағылының сұлу табиғатын көрсетіп, оны қорғауға, мәпелеуге кеңес беріп келеді. Бұл да болса бір қазақтың қазақ жеріне деген ыстық ықыласын жеткізе білген дәйекті, мәйекті сөз болса керек.
Ал Оңтүстіктің табиғатын тамылжыта жазған жазушы Мархаббат Байғұт Ақсу-Жабағылы жөнінде: «Ақсу-Жабағылы қорығының тұңғыш директоры табиғаттың шынайы жанашыры, аса білікті де білімді маман Борис Петрович Тризна деген кісі еді. Алғашқыда 30545 гектар болған қорық аумағы осы Тризнаның табандылығы мен Тұрар Рысқұловтың қамқорлығының арқасында 1935-1937 жылдары 69826 гектарға дейін ұлғайтылды. Бал татыған Балдыберек және Балабалдыберек өзендерінің бойы мен Майдантал тау қыраттарындағы Жабағылы өзенінің оң жақ қапталындағы аршалы алқаптары сол кезде қосылған. Өкінішке қарай, ерен энтузиаст, бұрынды-соңды замандардағы басшылардың ішіндегі ең мықтысы, аса абзалы болған Борис Петрович Тризнаның талқаны отыз жетінші жылы таусылды», - деп жазды.
Қызғалдақ пен сарғалдақтың «отаны»
Жабағылы және Аққу атты қос өзеннің арасына орналасқан қорық 131 934 гектар жерді алып жатыр. Ақсу-Жабағылы биіктік белдеуде орналасқан. Аталмыш өңірде бидайық, түрлі шөптер, боз жусан, жоғарысында селдір арша орманы, субальпі және альпі шалғыны өседі. Ал таудың құзар шыңын мұздықтар мен көп жылдық қар жапқан. Ал 1988 жылы Алматыдан шыққан «Ақсу-Жабағылы» атты альбом-кітапта Ақсу-Жабағылы төрткүл дүниеге түгел тараған қызғалдақ пен сарғалдақтың отаны делінген. Алқызылдың алты түрі де алғаш осында пайда болғаны дәлелденген. Төртеуінен жүздеген сұрыптар өсірілген. Ақсу-Жабағылыдан апарылып, аудандастырылған алқызыл, яғни грейг қызғалдағы 1877 жылы Голландияда жоғары бағаланып, дипломмен марапатталған. Содан бері біздің қызғалдағымыздан 200-ден астам түр тарапты. АҚШ-тан, Жапониядан, Канада мен Германиядан, Италиядан, Австрия мен Швейцариядан, жаңағы Голландияңыздың өзінен арнайы келетіндер өркениетті мемлекеттерде өсіп жатқан қызғалдақтар мен сарғалдақтардың түптөркіні көркемниетті қазақ топырағы екеніне көз жеткізіп кетіп жатыр екен. Демек, біз қызғалдақтың Отаны деп жүрген Голландияның өзі мұнда келіп, Ақсудың қызғалдақтарын көзімен көрсе қызғалдақ атаулының қазақ топырағынан тамыр алғанына күмән келтірмеуі бек мүмкін.
Арша ағашы мен жабайы алмалар...
Ал ботаник, ғалым Н.Х.Кармышева ханым кезінде Ақсу-Жабағылыда ғана өсетін өзгеше өсімдіктер түрін ашқан. Соның бірі – Ақсудың алшасы болса, бірі – Жабағылының жабайы алмасы. Кейінгі үш жүз жылдың ішінде оның үш түрі мүлде жойылып кеткен. Аршаны о бастан қазақ жұрты әулие ағаш санаған, беталды балталамаған. Тек бесік пен қобызға ғана аршаны қолданған. Алайда он тоғызыншы ғасыр аршаны отындыққа, шошқақораға дейін пайдаланды. Несін айтасыз, бір зауыт ашылса да, темір жол салынса да табан астына арша төседі, ең әрісі солдаттардың гимнастеркалары да осы аршадан алынатын бояумен боялды. Осының кесірінен Қаратаудың Құлантау, Жыландытау, Пістелітау, Бозторғай мен Боралдай жағы, Машат шатқалы мен Арыс арналары аршасыз қалды. Ал бүгінде Ақсу-Жабағылының мұражайында төрт жүз жылға жуық жасаған аршаның кесіндісі сақтаулы тұр. Алты жүз, жеті жүз жыл жасаған аршалар да бар. Ал жабайы алмаларға келсек, Ақсудың аңғарын жағалай өскен жабайы алмалар. Ақсудың аталмыш алманы өсіретін каньоны Америкадағы атақты Колорадо тауларының шатқалынан кейінгі екінші орында тұр. Түрлі-түрлі ақсары, сарғыш, қызғылт сары, қызыл алмалар қарашаның соңында сау-сау етіп төгіліп жатса, қуыс-қуысында қалып қойған жабайы алмаларда желтоқсанда қалың қардан аршып алып қарш-қарш шайнасаңыз тіпті есіңізден кете қоймас, сірә...
- АқсуЖабағылы
- қызық ақпарат