«51 кәсіпорын 51 «Чайна-таунға» айналып кетпесін»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«51 кәсіпорын 51 «Чайна-таунға» айналып кетпесін»

  • Жан КЕНЖЕ

Қыркүйектің басында Қытайда өткен G20 саммиті кезінде «Синьхуа» агенттігі мен басқа да ақпарат құралдарына сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдан Қазақстанға 51 кәсіпорын көшірілетіндігін хабарлаған болатын. Жобалардың жалпы құны – 26 миллиард АҚШ долларына тең. Бұл қандай кәсіпорындар және олардан Қазақстанға төнген қауіп бар ма?

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттiгi өкілдерінің айтуынша, бұл кәсіпорындар «Қазақстан-Қытай индустриалды-инвес-тициялық ынтымақтастық бағдарламасы» аясында салынатын болады.

«Бұл «қатып қалған» тізім емес. Әрбір жобаны талқылаймыз, экономика өзгеруі ықтимал, мүдделеріміз өзгеруі мүмкін, соған байланысты кейбір жобаларды бұл тізімнен шығарып жіберуімізге болады. Кейбір жобаларды, керісінше, енгізуіміз мүмкін. Олар өндірген өнімдер негізінен экспортқа, тікелей Қытайға жіберіледі. Біз үшін бұл – үлкен олжа. Бізде Қытайдың өте үлкен, көлемді нарығы пайда болады. Қытай қазір әлемде ірі инвестор елдердің біріне айналды. Мысалы, Еуропа Одағының мемлекеттері Қытай инвестициясы үшін арнайы бағдарламалар жасап жатқандығын мен білемін. Осының барлығы өз елдеріне Қытай инвестицияларын тарту үшін жасалуда. Қазақстанға бұл мүмкіндікті пайдаланбау, осындай ірі инвестормен көрші тұрып, оның инвестицияларын тартпау үлкен ақымақтық болар еді», - деп атап өтті ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Е.Хаиров.

Айтқандай, қытайлық инвесторларға салық жөнінен айтарлықтай үлкен жеңілдіктер жасалмақ. Егер инвестор Қазақстанның 6 басым бағытына: химия, мұнай-химия, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі салаларына 2 млн. АЕК немесе 13 миллион АҚШ долларын салатын болса, үш салықтан босатылады. Он жылға дейін корпоративті салық, он жылға дейін жер салығы, сегіз жылға дейін меншіктегі мүліктік салық салынбайды. Е.Хаировтың айтуынша, бұл бағдарлама шеңберінде Қытайдан өндірістер көшірілмейді, керісінше, жаңа өндірістер құрылады.

Аталмыш 51 жоба тау-кен, машина жасау, энергетика, химия, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтып отыр, яғни олардың барлығы мемлекеттің индустриалды даму басымдықтарына жауап береді. Бұлардың негізгі бөлігі дайын өнім шығаратын болады. Шикізатты өндіруші жобалар мұнда жоқ, негізінен, олар — өңдеуші кәсіпорындар. Қытаймен бірлесіп салынатын 50 жоба Қазақстанның барлық облыстарына бірдей көлемде таралады. «Кәсіпорындардағы акция үлестерінің негізгі бөлігі қазақстандық инвесторлардың қолында» деді вице-министр.

Осы орайда саясаттанушылардың да, жалпы халықтың да көкейінде бір қауіп бар. Ол – өнеркәсіптермен бірге, қытайлық жұмыс күшінің ағылып келуі. Құзырлы органдар «15 мың жаңа жұмыс орны ашылады, оның негізгі бөлігін қазақстандықтар иеленеді» деп жауап бергенімен, қытай менталитетін жақсы білетін мамандар бұл сөзге аса илана қоймады. Журналист М.Тоқашбаев осыған қатысты «51 зауыт – 51 Чайна-таун» деп пікір білдірген болатын.

«Қытай еш нәрсені жайдан-жай жасай салмайды. Бұл әрекеттердің негізінде үш себеп жатыр. Біріншіден, алысты көздейтін саяси себеп – бұл Қытайдың бейбіт экспансиясы. Жер көлемі орасан Қазақстан Қытайды бұрыннан қызықтырып келеді. Қытайға қандай себеппен болса да өзінің Қазақстанға жаппай енуін қамтамасыз ететін жобалар ауадай қажет. «51 кәсіпорын» – соның таптырмас жолы. Ал Қытай бір кірген жерінен шықпайды. Ресейдің Қытайға жалға берген жері – соның дәлелі. Екіншіден, бізге көшірілетін зауыттар Қытайдың экологиялық проблемаларын Қазақстанға көшіреді. Өйткені дәл бүгінде Қытай экологиялық қиындықтардың ауыр зардаптарын бастан кешіруде. New York Times газеті атап өткеніндей, Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары, әсіресе, Қытайдың мұнай, химия корпорациялары мен энергетикалық компаниялары халықтың денсаулығынан гөрі табатын экономикалық пайдасын жоғары қояды. Үшіншіден, Қытай жағы «міне, сіздерге 51 зауытымызды бердік, енді өздеріңіз істей беріңіздер» деп қарап отырмайды. 51 зауыт орташа есеппен әрқайсысы мың адамнан жұмысшы, маман кіргізетін болса, 51 мың қытай кіреді деген сөз. Оларға қытай мұғалімдері, қытай дәрігерлері, қытай аспаздары керек болады. 51 зауыт – 51 «чайна таун» деген сөз. Абылай атамыз кезінде «Қытайға түссең, қыл бұрау» деген, сол қыл тұзаққа басымызды өз еркімізбен неге тығамыз?» дейді журналист.

Ал, саясаттанушы Қазбек Бейсебаев жер дауына байланысты бұл шешім әлі қабылдана қоймас деп кәдімгідей үміттеніпті.

«Осылай істегендеріне қарағанда, экономикалық және қаржылық жағдайымыздың расымен де мүшкіл болғаны ғой, демек. Бұл мәселені былтыр Кәрім Мәсімов Бейжіңге барғанда келісіп қойған сияқты. Тиісті мәмілеге қол қойылған, енді екі жақ өз міндеттемелерін орындауға тиіс. Бізге сол кәсіпорындардың лек-легімен келіп, ашылғанын тамашалаудан басқа амал жоқ. Өкінішке қарай, Қазақстан билігі ел мүддесіне қатысты шешімдерді үн-түнсіз қабылдап, сосын барып ел назарына ұсынатын болып жүр. Бірақ бір нәрсе анық. Кез келген кәсіпорын өз персоналын көшіріп алып келеді. Ол – бұлжымас қағида. Басқаша болуы мүмкін емес. Сол қытайлық қызметкерлер қандай талаптармен және қанша мерзімге келетінін бізге ашып айтып берер жан бар ма? 51 қытайлық зауыттың елімізге келуі – 2003 жылдан бастап қолға алынған экономиканы әртараптандыру бастамасының нәтиже бермегенін білдіреді. Бірақ сол мақсатта көптеген бағдарламалар қабылданып, үлкен сомада қаржы бөлінген еді ғой. Енді ешкім ол үшін жауап бермейді. Сол әртараптандырудың орнын қытайлық зауыттарды көшіріп әкелу арқылы толтырмақ. Ол зауытқа жұмысқа тұратындарға қытай тілін үйренуге тура келеді. Жалпы, осы шешімнің салдары қандай болмақ? Бізге ол үшін жауап беретін біреу бар ма? Ауыз ауыртып қайтем, біз жауапкершіліктің жоқтығына да үйрендік қой» дейді саясаттанушы.

P.S. Ал сол кезде қытайлық кәсіпорындар шетінен ашылып, жұмыс істеп жатыр. Екі жоба іске қосылып үлгеріпті — Павлодар облысындағы полипропилен жасайтын және Қостанай облысындағы ірі торапты көлік құрастыру зауыттары. Биыл тағы 4 жоба жүзеге асырылады. Олар — ірі диаметрлі құбыр өндірісі, рапс майын шығару, ұсақ торапты көлік құрастыру, көліктік жүйе құру жобалары. Ал бұқара халықтың, халық қана емес-ау, білікті мамандардың да демографиялық экспансия, ұлтқа төнген қатер жайлы ескертуіне, ішкі наразылығына құлақ асқан әзірге ешкім жоқ.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter