Мектептер мұғалімсіз қалуы мүмкін
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Мектептер мұғалімсіз қалуы мүмкін

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Қазақстанда дүниеге келген балалардың әрбір бесіншісі – Оңтүстіктің тумасы. Бүгінгі таңда аталмыш облыста 585 мыңнан астам оқушы бар болса, оларға 63 мыңнан астам педагог сабақ береді. Бірақ жыл сайын жүйкесі тозып, баланы ұратын, айлығын азсынып өзге салаға бет бұратын ұстаздардың қатары ұлғаймаса, кемімей тұр.

Баяғының қариялары «Мұғалім бол, қарағым!» деп бата берген көрінеді. Алайда кейінгі ұрпақ мұндай бата ала қойған жоқ. Тап осылай бата беретін қарияға қарық болған күннің өзінде, кейінгілердің тыжырына қалмайтынына тағы кепіл бола алмаймыз. Бұл да бір мұғалімдіктің қадірі қашқанының көрінісі шығар... Тас лақтырсаң, ұстазға тиетін мына заманда, айлығы шайлығына жетпейтін мамандықты таңдауға неге әйел заты ғана үйір? Неге ер азаматтар «ағай» болудан ат-тонын ала қашады? Бір шәкіртке болса да мардымды білім берсем деген мұғалімдер жалақыға қашан жариды?

Қоғам бейжай қарайтын осы бір мамандық күллі саланың мамандарын даярлап шығаратын академия іспетті. Кешегі ғалым да, шахтер да бас иетін ұстазға бүгінде ұқсағысы келетін ұрпақ аз. Өйткені қаланы былай қойғанда, ауыл-аймақтың түкпір-түкпірінде дәріс оқымақ түгілі, тапсырманы өзі түсінбей жүрген сауатсыз ұстаздар қаншама десеңізші... Көпке топырақ шашпайық, әдептен аспайық деп орағытып әкелдіңіз не, әкелмедіңіз не, бары сол. Әйтсе де бала мен бала ерегіссе де, бір оқушысы әлденеге ұшыраса да, шыр-пыр болатын, көше-көше кезіп, үй-үйді аралап мектеп жасындағы балаларды тізімдейтін, қала берді, оқтын-оқтын көше сыпырып, сынып тазалайтын да – осылар. Жұмыстан тыс дәптер тексеріп, жоспар жазатыны тағы бар. Оқушысы өз-өзіне қол салса, шәкірті төмен балл жинаса, яки біреумен шекіспек түгілі мұрны қанап, тісі ауырса да, ұстаз жауапты. Тіпті, түннің жарымында бала тентіреп жүріп әлденеге ұрынса да, мұғалім қоса жауапқа тартылады. Оған баласына айқайласа, жетіп келетін, жинаған ақшаның есебін сұрап естен тандыратын кей ата-аналарды қосыңыз. Мұндай оқиғаның ақыры кейде ұстаздың жұмысынан қуылуына апарып соғады. Айтпақшы, олардың жалақысынан алатын керекті-керексіз газет-журналдары мен кітаптары өз алдына жыр. Бір сөзбен айтқанда, арқалаған алғысынан гөрі ауыртпалығы мол-ақ.

Етене жақын сөйлесе қалсаңыз, ұстаздар тарапы: «Ата-ана баланы өмірге алып келгеннен кейін соған жауапкершілікті сезіну керек қой. Бәрін мұғалімдерге ысырып қоя салмай, тәрбиесіне де, біліміне де қарауы керек»,-деп шыр-пыр болады. Ал ата-аналар олардың сол үшін айлық алып отырғанын алға тартып әлек. Депутаттар болса, мұғалімдердің жалақысын мың долларға дейін көтеру керегін айтып келеді, айтып келеді. Құрғақ сөзден өзгеріп жатқан дәнеңе де жоғын білгенмен, өткен айдағы ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Ирина Смирнова білім беру саласын қаржыландыру мәселесін тағы көтерді, тағы қазақстандық мұғалімдердің жалақысының тым аз екенін жеткізді. Шынында да, бізден өзге елдердің қайсыбіріне көз салсаңыз да, мұғалімдердің жалақысы осыншалықты төмен емес. Мысалы, Дания, Исландия және тағы басқа Еуропа мемлекеттеріндегі білім беру саласын қаржыландыру – жоғары деңгейде. Ал Германия сияқты алпауыт елдерде мұғалімдердің жалақысы 4 мың еуродан жоғары. Көрші Қытайда да мектеп мұғалімдері, кем дегенде, 1 мың АҚШ долларын алады. Ал Кореяда қоғамдық көлікте ақсақалдың өзі ұстаз деген төсбелгісі бар өрімдей қыз көрсе де атып тұрып орын береді екен. Ал кей елдерде ұстаздарға арналған азық-түлікті жеңілдетілген бағамен алатын дүкен-дүңгіршектер де бар көрінеді. Көрдіңіз бе, құрмет қандай?! Мұғалім болу дегеніңіздің өзі – әжептәуір лауазым, едәуір абырой. Ал бізде ше? «Бізде болса, мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Класс жетекшілігі үшін 5-ақ мың қосады. Ондай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын». Бұл – біздің емес, білдей депутат Смирнова ханымның сөзі. Сөзінің жаны бар. Бізде ұстаздарға деген құрмет пен жасалған жағдай төңірегінде жақ ашудың өзі қиын.

Мұғалімнің мұңы көп. Көсегесі қашан көгерері белгісіз бұл саланың тағдыры қыл үстінде тұрғандай. Білімі тасып тұрған бүгінгі шәкірттің көз алдында жүрген ұстазындай болғысы келетіні бірен-саран. Өйткені өзге елдер сияқты біздің ел мұғалімдерді іріктеп, тестілеуден өткізіп, білімінің бар-жоғына көз жеткізіп жатпайды. Жуырда қаладағы мектептердің біріне жұмысқа орналасқан ұстаздың бірімен тілдескенімізде: «Кем дегенде 500 мың бермесеңіз, ешкім де жұмысқа қабылдамайды. Ол түгілі балабақшаның өзіне 200-300 мыңмен кіресіз. Өзім жақында ауылдан ауысып келдім. Қаланы қойшы, анау-мынау курстарға жазылады, балалардың көзі ашық. Ауыл балаларына обал, кім көрінген сабақ беріп жүр» – деп ағынан жарылды. Екі дипломы, он бес жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаз өзінің жалақысын да жасырған жоқ. Жетпіс мыңның о жоқ, бұ жағы екен.

Ал жас маман Айдананың айлығы – 50 мың. «Алатын жалақымның жартысы қағаз, файл мен бітпейтін папкаға, жазылуға міндетті газеттер мен көрнекіліктерге кетеді. Қазір жалғызбын, пәтерде емес, өз үйімде тұрамын, білінбейді. Ал кейін не боларын ойлаудың өзі ауыр. Мектепте істеп жүрген бес жылдың ішінде атақ-абырой әкелмейтін, жалақысы мардымсыз, жүйке жүйесін тоздыратын жұмыстан басқа салаға ауысып кеткен талай мықты мамандарды көрдім», – дейді ол. Сауалнама жүргізе келе, ата-аналардың да баласын сауатты ұстаздың оқытқанын қалайтынын, ондай білікті мамандарға 400-500 мың жалақы да көптік етпейтіндігін құптайтындардың баршылығына көз жеткіздік. Әйтсе де әлі ұстаздардың айы оңынан тумай келеді. Айлығы көбеймесе, бір күні мектептер мұғалімсіз қалып жүрмесін деңіз...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter