Тұрғындар күрделі жөндеуге 8 000 000 теңге жұмсалғанына сенбейді
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Тұрғындар күрделі жөндеуге 8 000 000 теңге жұмсалғанына сенбейді

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Шардара қаласындағы көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу мемлекеттік бағдарлама бойынша жүзеге асып жатыр. Қанша жылдан бері қараусыз қалған үйлер әктеліп, сырланған соң әдемі кейіпке келіп қалды. Алдын ала айтылғанындай, жөндеу жұмыстарының шығынын тұрғындар он бес жылға бөліп төлеуге тиіс. Бірақ, бар болғаны екі қабаттан тұратын он екі пәтерлік үйдің сыртын сырлап, подъезге салынған есік-терезе үшін 8 млн. теңге жұмсалды дегенге тұрғындар сенбейді.

Қаладағы Мәншүк Мәметова атындағы көшенің тұрғындары жергілікті биліктің бұл ұсынысына наразылық білдіру үшін таяуда тағы жиналды. «Сіз өзіңіз ойлаңызшы, мына есік 180 000 теңге тұрады дегенге сенесіз бе? Мысалы мен сенбеймін. Көп болса бұл есіктің шығынына 20 мың, жұмысына 20 мың теңге кетеді. Ары кеткенде 70-80, тіпті 100 мың кетеді дегеннің өзінде екі есеге жуық қымбат емес пе? Ал, құжатта 180 мың теңге жұмсалды деп жазылған. Сондай-ақ, бар болғаны екі қабатты, он екі пәтерлі үйдің екі подъезіне көп болса төрт терезе қойылды ғой. Әктеп, сырлағаны болмаса басқа қандай жұмыс істелді? Енді тұрғандар мойындарына ілінген 8 млн. теңге қарызды төлеуге мәжбүр».

Осылай деген тұрғынның сөзін қалғандары да қоштады. Олардың айтуынша, мұндағы тұрғындардың көбісі жұмыссыз. Күнделікті нанын әрең тауып отырғанда оларды қарызға тығып қою ақылға сия ма? Зейнет жасындағылардың кейбірі бүгінде банктегі шоты бұғатталуына байланысты зейнетақысын да ала алмай жүрген көрінеді. «Мен бар болғаны 30 мың теңге зейнетақы аламын, - дейді жасы алпыстан асып қалған бір апай. - Оның жартысына жуығын дәрі-дәрмекке жұмсаймын. Қант диабеті бойынша тіркеуге алынғанмын. Бүгінде банкке берешек болғанымыз үшін шотымызды бұғаттап тастапты. Ол не қылған қарыз? Кейіннен білсек, үйіміздің күрделі жөнделуіне байланысты бәріміз қарыз болып қалыппыз. Жарайды, үйдің жөндегеніне, әктеп-сырланғанына қарсы емеспіз. Есік-терезе ауыстырғаны да дұрыс шығар. Бірақ неге қымбат?».

Тұрғындардың көкейінде қөлденең тұрған бұл сұрақты біз Шардара қаласының әкімі Нұрмаған Сапаровқа қойдық. «Бұл мәселе бойынша тұрғындар қайта-қайта арызданып, ол құзырлы органдар тарапынан тексерілді. Прокуратура да тексерді. Бірақ заңға қайшы ештеңе таппады. Есік-терезе қымбат салынған дегеніне өз басым келіспеймін. Олар қара базардағы қарапайым, арзанқол дүниенің бағасымен салыстырады. Бұл үйлерге талап үдесінен шығу үшін жақсы есік пен сапалы терезелер салынды. Оған төленетін салықты қосыңыз. Сол үшін баға қымбат болып көрінуі мүмкін».

Осылай деген қала басшысы банктегі шоттары бұғатталып қалған зейнеткерлердің мәселесін де қалыпты жағдай деп қарау керек екенін айтады: «Күрделі жөндеу жұмысын бастамас бұрын тұрғындармен келісімшарт жасалады. Оған өздері қол қояды. Егер бірен-сараны бұл шартпен келіспесе, өздері білсін... Бірақ тұрғындардың үштен екі бөлігі келіссе болды. Қалған бір бөлігінің келісімі қажет емес. Жаңағы арыз жазып жүргендер де солар шығар? Сол үйде тұратын болған соң бәрібір төлеуі тиіс. Оны банк төлетпей қоймайды. Үйінің таза, әдемі болғаны жақсы емес пе?! Меніңше, әр айда 2-3 мың теңге төлеу анау айтқандай ауыр емес».

Қаланың әдемі, заман талабына сай көрікті болуы үшін әрекет жасап жүрген әкімнің бұл әрекеті құптарлық-ақ. Дегенмен, зейнетақысының жартысына жуығын дәрі-дәрмекке жұмсап, қалғанын бір айдан екінші айға дейін нан-суына амалдап жеткізіп жүрген жалғызілікті жандар үшін әкім айтқан «анау айтқандай ауырлық етпейтін» ақшаны табудың өзі оңай емес. Осы тұрғыдан алғанда, тек зейнетақыға ғана телміріп отырған кейуананың банктегі шотын бұғаттап тастау қаншалықты дұрыс?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter