«Болашағы жоқ» ауылдардың тізімінде болашағы зор ауылдар бар
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Болашағы жоқ» ауылдардың тізімінде болашағы зор ауылдар бар

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тоқырау жылдары көптеген ауылдар қараусыз қалғаны рас. Бір кездері мыңғырған малы, жайқалған егістігі бар шағын ауылдар аз уақыттың аралығында ажарынан айырылып, ондағы ел қалаға қарай үдере көшіп жатты. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі күнкөрістің қамымен жылы орнын суытып жатса, қалғаны қолдағы азын-аулақ малды қанағат тұтып, кіндік қаны тамған ауылдан ұзап кете алмады.

Кейіннен ел еңсе тіктей бастады. Тоқырап қалған ауылды аяғынан тік тұрғызу үшін жаңа бағдарламалар қолға алынды. Бірақ, қанша жерден қолға алғанымызбен, бір кездері қара тізімге ілінген ауылдардың ахуалы әлі күнге дейін оңала қойған жоқ. «Болашағы жоқ ауылдарды орталыққа қарай көшіру керек» деген асығыс шешімнің ақыры қаншама ауылдардың мемлекет қамқорлығынан сырт қалуына себеп болды. Ауызсуды арбамен тасып, жер ошаққа от жағып, асфальт жолға жете алмай жүрген ауылдар қаншама?! Бір кездері береке-бірлік пен молшылықтың мекені болған ауылдар осылайша бір демде «болашағынан» айырылып, жетімнің күйін кешіп шыға келді.

Міне, осы бір ғана дүдәмал саясаттың кесірінен етпеттеп қалған ауылдар кейінгі «Мәдениет жылында да, тіпті үш жылды «меншіктеген» «Ауыл жылында» да еңсе тіктей алмай қалды. Себебі қанша жерден тұрғындары болса да, болашағы жоқ деген сылтаумен оларға бюджеттен тиісті қаржы бөлінбейді. Үкімет қараспайды екен деп атақоныстарын тастап кетіп жатқандар да жоқ. Барды қанағат тұтып, бұйығы тіршілік кешіп жатыр. Мысалы, Сарыағаш ауданына қарасты Қалғансыр деген ауыл бар. Кешегі «шағын ауылдарды көшіру керек» деген шешім күшіне мініп тұрғанда бұл ауылдан да біршама сән кетті. Болашағына алаңдағандар жылы орнын суытып, көшіп те жатты. Бірақ қайда барады? Қалаға қарай үдере көшіп жатқандардың да жағдайы мәз емес. Одан да мал басын көбейтіп, ауыл шаруашылығын дамытуды ойлағандар осылайша өз тіршіліктерін жасап жүре берді. Бүгінде ауыл әжептәуір ұлғайған. Бұрынғы көшіп кеткендер қайта келіп жатыр. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі де оңалған, әр үйде кемі екі көліктен бар. Егін салады, мал бағады. Бір сөзбен айтқанда, Қалғансырда – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Тек, баяғы асығыс шешімнің салқыны әлі де өз ызғарын сездіріп тұр. Бір кездері «болашағы жоқ ауыл» тізіміне еніп кеткендіктен, бұл жерге мектеп те, балабақша да, медпункт те салынбаған. Тұрғындар саны жыл санап өсіп жатқандықтан, бүгінде мектепке бала сыймайды. Медпункт болмағандықтан, ауыл тұрғындары ауыра қалса, арақашықтығы 150 шақырымды құрайтын аудан орталығы – Сарыағашқа қатынауға мәжбүр. Жүз елу шақырым демекші, негізінен Қалғансырға Сарыағаштан гөрі Шардара жақын. Бар болғаны 17-ақ шақырым. Қалғансырдың қалам ұстаған азаматтары өз ауылдарын жақын жердегі Шардараға қосу үшін біраз жылдан бері арыз жазып, шапқылап жүр. Алайда «болашағынан» айырылған ауыл тұрғындарының арызы да атүсті қаралады. Соған қарағанда, бәлкім билікте отырғандар «болашағы жоқ ауылға» бас ауыртқысы келмейтін шығар. Қалғансырдың «болашағы» болмағанымен, жыл санап көбейіп жатқан адамдары бар. Еңбексүйгіш халқы бар. Мыңғырған малы, жайқалып жатқан шаруасы бар. Демек, Қалғансыр сияқты құтты мекендердің «болашағын» өздеріне қайтару керек.

Қалғансырмен тағдырлас ауылдар басқа аудандарда да кездеседі. Отырардағы Балтакөл де негізінен өз орталығынан гөрі көршілес жатқан Түркістанға жақын. Тұрғындары базарлығын Түркістаннан жасайды. Тек бір жапырақ қағаз-құжат үшін ғана өз аудан орталығы Шәуілдірге баратыны болмаса, былайғы тірлігінің бәрі Түркістанмен тікелей байланысты. Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылы да тек іс қағазға бола Шаянға баратыны болмаса, оларға негізінен Шымкент жақын. Мұндай мәселе Мақтаралда да, Сайрамда да, тіпті Түлкібас пен Қазығұртта да бар.

Әр ауылдың көркейіп-көріктенуіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына жағдай жасау керек. Олай болса, бір кездері «қара тізімге» ілініп кеткен ауылдардың «болашағын» өздеріне қайтарайық. Бір қауым елдің құтты мекені болған ауылдар да мемлекет қамқорлығынан сырт қалмасын. Бейімбет Майлин айтқандай, «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз». Бір сөзбен айтқанда, кейбір «болашағы жоқ» деген ауылдардың ішінде болашағы керемет ауылдар бар. Осы ауылдарға кішкене көмек берілсе дейміз. Қазақтың тамыры ауылда екенін ұмытпасақ екен.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter