Әкімнен кешірім сұрай барыпты-мыс
Әкімдік жағалап жүретін ұзынқұлақтардың айтуынша, Шардараның әкімінің басына бөтелке тиіп, жұлдыз санап жатқан кезде қолын айқастыра көкірегіне қойып, күліп қарап тұрған бір үлкен кісі ОҚО-ға жаңа әкім келісімен әлгі таяқ жеген әкімнен барып кешірім сұраған көрінеді.
Жалғыз өзі баруға жүрексінді ме, әлде «бір өзім барсам, менің де басымнан бөтелкемен бір қойып жүрмесін» деді ме екен, әйтеуір Шардараның шалдарын да ерте барыпты. «Менікі ағаттық болды, қол қусырып қарап тұра бермей, ажыратуым керек еді» деп мүләйімсіпті-міс. Негізі бұл кісіге де оңай соқпаған сыңайлы. Осы бір «инциденттің» кесірінен үлкен «постта» отырған жерінен аунап түсті. Артынан неше түрлі сөздер ерді. «Үлкен кісілер соңына түсіп, іс қозғап жатыр екен» дейтін әңгіме де ел арасында кезіп жүр. Осының бәрі жүйкені тоздырмайды дейсіз бе? Бірақ енді кешірім сұрау бір бөлек, кешіре салу бір бөлек дүние. Онсыз да ел алдында біраз күлкіге қалған аудан әкімі аузымен «кешірдім» десе де, жан дүниесі кешірмеуі мүмкін ғой. Алайда, «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейтін қазақтың баласы екені рас болса, шынымен кешірген де шығар. Оны енді әкімнің іші біледі...
- әкім
- Шардара ауданы
- қызық ақпарат