Түркістандағы жындыхананы тексеретін болды

- Жан КЕНЖЕ
Осы аптада отандық БАҚ беттерінде Түркістан қаласындағы психоневрологиялық әлеуметтік мекемесінің жағдайы көтерілді. Онда жатқан науқастардың аянышты суреттері бүкіл интернетті шарлап, қолданушыларды әжептәуір шулатты.
Ең әуелі нұр.кз сайтында жарияланған аталмыш материалда құр сүлдері қалған интернат тұрғындарының еденде және тапшанда тамақтанып отырған, жалаңаш аула кезіп жүрген суреттері жарияланған. Оларды түсірген – Лаура Сардарбекова. Оның да ұлы осында жатыр. Екі аяғын өзі басып, аман кеткен ұлы Нұрсұлтан бүгінде өздігінен жүруден қалыпты. Тіпті сөйлеуі де нашарлап кеткен.
«Баламды он бес-он алты жылдай өзім қарадым. «Балпанақтай» ұлым бүгінде жиырма келіге дейін азып кетті. Оған жиі барып тұрамын. Тек қана менің ұлым емес, ондағы өзге науқастардың да жағдайлары мүшкіл. Далада қатқан нан теріп жүреді. Тырдай жалаңаштанып жүргендерін де талай көрдім. Шағымдануға дәлелім болсын деп суретке де түсіріп алдым... Жейтін тамақтары кәдімгі жуынды секілді. Біз тіпті итке де ондай тағам бермейміз», - деп ашынған Лаура Сардарбекова аталған мекемеде жатқан 500-ге жуық науқастың әрқайсысына мемлекеттен қаржылай көмек төленгенімен, жағдайлары қаржыға тіптен сай келмейтінін алға тартты.
«Менің ұлым мемлекет қамқорлығына алынған. Естуімше, ай сайын 45 мың теңге көмек беріледі. Ол науқастың қажеттілігіне жұмсалуы тиіс. Менің ұлым сияқты науқастарға да мұндай көмек беріледі. Алайда оның қайда кетіп жатқанын білмеймін. Мекеменің басшылық қызметкерлері зәулім үйлер мен тойхана салып алған...», - дейді науқастың анасы.
Осыдан кейін Л.Сардар-бекова екі апта бұрын облыстық прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға шағым түсіргенін, алайда, аталмыш құзырлы мекемедегілер әзірге қимылдай қоймағанын жеткізген.
Кеше осы оқиғаға байланысты ҚР премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ОҚО Түркістан қаласындағы психоневрологиялық әлеуметтік мекемесінде орын алған келеңсіздіктерді анықтау үшін Денсаулық сақтау және әлеметтік даму министрілігінің өкілдерінен құралған арнайы комиссияны жолдады. Аталған комиссияның құрамына әлеуметтік қызмет департаментінің директоры А. Төлегалиева, психиатриялық ғылыми-тәжірибиелік орталығы директорының орынбасары Н. Нигай, қаржы департаментінің директоры Г. Имашева, әлеуметтік қорғау және еңбек комитетінің бас сарапшысы Р. Көшкімбековалар енді.
«Ең әуелі комиссия құрамы осы мәселені жіті зерттеп, орын алған олқылықтың себебін анықтауы шарт. Барлық тексеру жұмыстары аяқталған соң жұмыс тобы сараптама қорытындысын жариялайды. Бүгінгі күні кешенді тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ҚР Бас прокуратурасына арнайы ұсыныс жасалды», - делінген хабарламада.
Жұмыс тобының қорытын-дысына сәйкес, заңды бұзған тұлғалар жауапқа тартылады, сондай-ақ алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін арнайы шаралар жасалады.