Жер сілкінісі жиілеп барады
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Байқап жүрген шығарсыздар, соңғы бір-екі жылдың көлемінде елімізде жер сілкінісі тым жиілеп кетті. Биылдың өзінде Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында 3-4 баллдық бірнеше жер сілкінісі тіркеліп, елді әбігерге салды. Бұл нені білдіреді? Үлкен бір қауіптің басы емес пе? 8-9 баллдық жер сілкінісі болса қайтеміз? Біздің тұрғын үйлеріміз, ғимараттар зілзалаға дайын ба? Жер сілкінісінің қашан және қандай күшпен боларын алдын-ала болжауға бола ма?
Табиғаттың тосын мінезіне таңданыс білдірген ға-лымдар ұзақ жылдардан бері бұл құбылысты зерттеумен келеді. Нақтылы нәтиже болмағанымен, жер-ананың шамдануына байланысты там-тұмдап бірдеңелерді тапқан болып жүр. Олар жер сілкінісін екі түрге бөліп қарастырады. Біріншісі, жердің үстіңгі қабатын қамтыса, жер денесіне таралатын екінші түрі жиі болғанымен, онша біліне бермейді екен. Көлемді толқындар жердің үстіңгі қабатындағы толқындарға қарағанда шапшаң жүреді және де жер сілкінісі болғаннан кейін бірнеше секундтан соң білінеді. Кейде білінбей кетуі де мүмкін. Дегенмен олар міндетті түрде қайталанады. Ал, қайталанғаны алдыңғысынан әлдеқайда ауыр болады. Әрбір жер сілкінісі кезінде осы жарылыс нәтижесінде жер қойнауында жинақталған энергияның бір бөлігі сыртқа шығарылады.
АПАТТАН АМАН АЛЫП ҚАЛҒАН ИТ
Сондай-ақ, ғалымдар жер сілкінісін алдын ала сезетін жан-жануарларды да анықтап отыр. Сейсмограф Қабдырашид Қайымовтың айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі 373 жылы Сицилия аралындағы Этна қаласында күшті жер сілкінісі болған. Тарихи деректерге қарағанда, соның алдында сол жерде тіршілік ететін жыландар мен тышқандар індерін тастап, басқа жаққа қарай ауып кетсе керек. Жер сілкінуді ит, мысық, қорқау, жолбарыс, піл, арыстан, жылқы және басқа үй жануарлары да дер кезінде сезе алады. Мысалы, «Знание-сила» журналының 1968 жылғы тоғызыншы нөмірінде Ашхабадта болған қайғылы уақиға жөнінде шыны зауытының қызметшісі: «Сол түнгі кеште мен сыртта, тапшанда ұйықтадым. Апат болардан бір сағат бұрын есік алдында байлаулы тұрған ит мазасыздана берді. Қыңсылай берген соң босатқан едім ары-бері жүгіріп, бейне бір тығылатын жер іздегендей болды. Ақырында киімімнен тістеп, төсектен сүйреп әкетуге тырысты. Мен есік шатыршасының астында біреу жүрген болар деп ойладым. Тұрып есік аштым. Ит көшеге атып шықты, қайта оралып, халатымнан тістеп алып, үйден аулақ алып кетудің әрекетін жасады. Мен тротуарға шықтым. Осы кезде жер де солқ ете түсті», - деп еске алады.
ЖЕР СІЛКІНІСІН АЛДЫМЕН ЖАНУАРЛАР СЕЗЕДІ
Жер сілкінісі болардың алдында тыным таппай, қозғалысқа түсетін жәндік құмырсқалар екен. Ғалымдар оларды өте сезімтал жәндік деп санайды. Бұл түсінікті Венадағы еуропалық географиялық қоғамның ға-лымдары үш жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықтаған. Зерттеу барысында ғалымдар: «олар жер сілкінісінен бірнеше сағат бұрын белсенді қозғалысқа түсті әрі тыным таппай ұясына кіріп-шығып, бір сәт байыз таппаған. Тек зілзала болған күннің ертеңіне ғана сабырлы қалыпқа келді» деп түсіндіреді.
Ғалымдар назарын аквариумда өсірілетін кішкене ақ балық көбірек аударады. Ол жердің сілкінуін бір сағат бұрын сезеді. Жер сілкінер алдында тынышсызданып, аквариум ішін әрлі-берлі кезіп, дамыл таппайды екен. Терең суда тіршілік ететін балықтар да жер сілкінуді алдын ала сезеді деп есептеуге болады. Өйткені жер сілкінер алдында олар жағада қайырылып қалатындығы сирек те болса байқалады. Мысалы, 1923 жылы Токио қаласына тақау жағалаудан балықшылар тек тереңде ғана тіршілік ететін мұртты треска тауып алған. Арада он жыл өткеннен кейін Одавара ауданынан ұсталған жыланбалық жапондықтарды тағы да секем алғызған. Айтқандай-ақ дәл осы күні Жапонияның Тынық мұхит жағасында жер қатты сілкінген. Балықшылар әкелген жыланбалық мың метрлік тереңдікте тіршілік ететіндігі анықталған. 1963 жылы тереңде тіршілік ететін ұзындығы 6 метрлік алып балықты ұстап алғаннан кейін екі күн өткенде сол Ниидзими аралының маңында жер сілкінісі анықталған.
ТАУЛЫ АЙМАҚТАР ҮШІН ӨТЕ ҚАУІПТІ
Зерттеушілер жер сілкінісі негізінен таулы аймақтар мен теңіз түбінде жиі орын алатынын анықта-ған. Бірақ, теңіз түбіндегі дүмпулердің балдық көрсеткіші жоғары болмағандықтан, біліне бермейді. Ал, таулы аймақтар табиғаттың тосын мінезінен аман қалуы қиын. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, Алматы төңірегі, Тянь-Шань таулары Орта Азиядағы сейсмологиялық ең қауіпті өңір болып табылады. Қазақстан аумағының оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігі табиғи жер сілкіністерінің ошағы орналасқан аймақ деп айтуға болады. Қазіргі Алматы қаласы, расын айтқанда, жүз жылдың сыртында салынып отырған қала. Мәселен, 1887 жылы 9, 10 балдық жер сілкінісі болғанда Алматы мүлдем қирап қалған. Тас үйлер, саманнан жасалған үйлер жермен-жексен болды. 1889 жылы Шелекте ошағы 7, 8 балдық тағы да бірнеше жер сілкінісі болып өткен. Осыдан кейін Верныйда үйлерді бөрене ағаштан салу туралы қаулы шыққан. Бірақ бәрі бірдей ағаштан үй сала бере ме?! Мәселен, 1911 жылы қаңтар айында Шөңкемен сайында болған жер сілкінісі де Алматыға өзінің үлкен зардабын тигізді. Тағы бір айта кететін мәселе, қазір Алматыда көптеген тұрғын үйлер салынып жатыр. Стратегиялық нысандар, биік құрылыстар микросейсмоаудандар картасы жоқ болса да сол жерлерде салына береді. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде жердің тектоникалық жарығы бар аймақтарға салуға тыйым салынатын. Бірақ қазіргі нарық заманында үлкен бизнес өкілдері оған қарайтын емес. Алматының соңғы кезде салынған тұрғын үй нысандары өте тығыз орналасқан. Құрылыс салып жатқан бизнес компаниялары сейсмоқауіпсіздікті ескермейді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер жер сілкінісі алдағы уақытта болған жағдайда жағдай өте қиын болғалы тұр.
ҚАЗБА БАЙЛЫҚТАРДЫҢ ОРНЫ ОПЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Білім және ғылым министр-лігіне қарасты Сейсмология институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, академик Таңатқан Абақановтың айтуынша, қазба байлықтарының орындары да жер сілкінуіне бірден-бір жол ашады. «Қазір шикізат алынған жер қыртыстары босап қалып жатыр, - дейді ол. - Ондай бос кеңістікті сумен толтырғанмен, ондай жерлер өзінің бастапқы қалпына келе қоймайды. Себебі мұнай мен судың қысымы бір-біріне сәйкес емес. Демек, табиғи заңдылық бұзылып отыр. Сөйтіп, физика-механикалық құрамы өзгерген аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болады. Бұл техногенді жер сілкіністері табиғи жер сілкіністерінің болуына әкеп соғады. Мұндай жағдайлар шикізат өндіретін көптеген аймақтарда орын алатындығын тәжірибе көрсетуде. Оған мысал ретінде АҚШ-та, Норвегияда болған техногенді жер сілкіністерін айта аламыз. Мәселен, бұрындары Башқұртстанда, Татарстанда бұған дейін жер сілкіністері болған емес. Бірақ жер қойнауынан табиғи шикізаттың көп мөлшерде алынуы себепті сол аймақтарда бес-алты балдық жер сілкіністері үдеп кетті. Біздің бақылауымыз бойынша, елімізде 200-ден астам кен орны бар. Соның 80-ге таяуын пайдаланып болсақ, ал 30-ын бақылап отыру туралы Үкімет қаулысы шықты. Бірақ шикізат өңдіріп отырған жеке компаниялар шыққан қаулыдағы нұсқауларды орындап отырған жоқ. Көбіне олар қадағалау турасында жалған ақпарат береді. Салдарынан сейсмикалық жағдайлар орын алып жатыр. Мәселен, 2008 жылы сәуір айында Шалқар көлінің маңында жер сілкінді. Шалқар, Рихцех ауылдары сол жер сілкінісінен қирап қалды. Сонда мұндай жер сілкінісі неден болды? Орынбордан Қарашығанақ кен орнын, Шалқар көлін басып Кавказға қарай кететін орынборлық тектоникалық жер жарығы бар екен. Бұл табиғи жер жарығының индуктивті пайда болуына шикізат алынған орындардың босап қалуы, сол жердегі табиғи жағдайдың бұзылуы себеп болған. Яғни, қазба байлақтардың орны опырылып жатыр. Ол ертелі-кеш өзінің зардабын тигізбей қоймайды.
ЖЕР ЖҰТҚАН АУЫЛ
1987 жылы Тәжікстанда бір ауылды тұтастай жер жұтқан болатын. Таулы тәжік жеріндегі Гиссарда болған тосын жағдай талайлардың жағасын ұстатты. Көрер жарығы бар екен, бір түнде тау басып қалған ауылдан бар-жоғы екі-ақ адам аман қалды. Оның бірі бесіктегі бейкүнә нәресте болса, екіншісі – жасы жетпіске таяп қалған кемпір. Құтқарушылар бұл екеуінің қалай аман қалғанына таң қалысқан. Өйткені, тау етегіндегі шағын ауылдың кейбір тұстарын тіпті трактормен де аршып алу мүмкін болмаған. Топырақ басып қалған. Тағы бір таң қаларлығы, жер сілкінісі анау айтқандай қатты болмаған. Жерінің 94 пайызы таулы аймақтардан тұратын Тәжікстан үшін 2-3 балдық жер сілкінісі үйреншікті жағдай болса, сол күні ары кеткенде 6 балл болған екен. Көршілес жатқан ауылдардың ешқайсысына зардабын тигізбеген. Көнекөз қариялардың айтуынша, ол ауылды қарғыс атқан. Өйткені елдің көзінен оңаша жатқан шағын ауылда сол жылдары жеңілжүрістілер мен некесіз туылған балалар көбейіп кеткен көрінеді. Шынында да, бүкіл бір ауылдың басын жұтқан алапат оқиғадан тек бесіктегі бала мен жасы келіп қалған кейуананың ғана аман қалуы бекер болмаса керек. Кім білсін...
ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУ КЕРЕК?
Бұл енді әрбір адамның көкейінде жүруі керек. Өйткені, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, жер-ананың сілкінуі айтып келмейтін апаттың үлкеніне жатады. Кез-келген уақытта тосын мінез танытатын табиғаттың қатал сынынан сақтана жүрген жөн. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, соңғы жылдары жер сілкінуі сияқты тосын оқиғалар жиелеп кеткенін байқаймыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, бас-аяғы он жылда бірнеше елдерде үлкен жер сілкіністері болып өтті. Тек бертінде болған жер сілкіністеріне тоқталар болсақ, мәселен, 2004 жылы Индонезияда болған жер сілкінісінен 300 мыңға жуық адам зардап шеккен. Ал Қытайдың Cичуань аймағында 2008 жылы болған жер сілкінісінің күштілігі сонша, 10 мың адам өліп, 70 мыңы түрлі дене жарақатын алған. Одан кейін Индонезияның Суматра аралына жақын аймақта Тынық мұхитында аралға 40 шақырым жерде үлкен жер сілкінісі болды. Оңтүстік Америка елдері – Перу, Чили елдерінде болған жер сілкіністері де қай тұрғыдан алғанда зор шығындар алып келгені белгілі.
Түйін.
Ал, елімізге келер болсақ, сейсмологтар Қазақстан бойынша жылына жеті мыңнан астам жер сілкінісін тіркейтінін айтады. Оның көбі 1-2 балдың ар жақ, бер жағында болғандықтан, жариялана бермейді. Бірақ «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, әлемде болып жатқан көптеген тектоникалық өзгерістерге біздің еліміз де дайын болуы тиіс.
- жер сілкіні
- Алматы облысы
- қызық ақпарат