ЭКСПО-ға оңтүстік не ұсынады?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

ЭКСПО-ға оңтүстік не ұсынады?

Бейне google.kz сайтынан
  • С.Қасымов

2 қараша 2015 жыл. Бұл күні, яғни осы аптаның дүйсенбісінде жарты әлемді өзіне қаратқан кезекті ЭКСПО халықаралық көрмесінің туы Миланнан Астанаға арнайы жетті. Ғаламның ендігі назары да, эстафета да бізде. Италиядағы көрмені бағалауды сарапшылар мен саяхатшылардың  еншісіне қалдырайық. Ал, біз осы аты дардай жаһандық көрмеге қаншалықты дайынбыз? Әне-міне, тақым қысатын уақыт шындап таяп қалған секілді.

Бәрін айт та, бірін айт, Астана төрінде ЭКСПО өткіземіз деп бөркіміз қазандай болып жүргеніміз рас. Бірақ, өзімізге сын көзбен қарамасақ болмас. Өйткені, біздің тақырыбымыз – «Болашақтың энергиясы». Әдетте өзге елдер Қазақстан десе, дені шикізаттан тұратын мұнайлы мемлекетті елестетеді. Қазір біздер жасыл энергия тұрмақ, атам заманғы «қара алтын» мен көгілдір отынды толыққанды тұтына алмай келе жатқан елміз.

Менің қиялымдағы таза экологиялық қуаттан тұратын алып мекен қандай? Иен даласындағы алқабы мен қаладағы сан-мыңдаған шатырлары күн көзінен қуаттанатын құрылғыларға толы, жарықтары самсаған, ауасы таза, инфрақұрылымы аршынды дамыған, жасыл желегінде қылаудай шаңы жоқ тұнық көрікті жер көз алдыма келеді. Ал, жан-жағыңызға шынайы келбетпен қараңызшы. Түтінге қақталған қалалар, әлі күнге от жағып, күл шығарып отырған бәз-баяғы бейнеткеш ауылдар... Жасыл энергия оларға қиял-ғажайып ертегі секілді. «ЭКСПО» жайлы да сұрап көріңіз. «Ойбай, не дейсіз? Биыл жолдың жөнделмеген себебі, қаржының барлығы ЭКСПО-ға кетіп жатыр екен...», несие берілмесе де, бюджет қаржысы, штат қысқартылса да «эксподан» көретін жағдайға жеттік.

Қаржы кетіп жатыр дейміз-ау, алғаш «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы құрылған жылдары оның төрағасы Т.Ермегияевтың қамаққа алынғаны елдің есінде болар. Ә дегеннен «ЭКСПО-ның» қаржысын жеп қойған төрағаның әрекетінен-ақ біздің даму деңгейімізді, бет-алысымыз бен оған дайындығымыздың қаншалықты дәрежеде екенін аңғару қиын емес. Содан бері де өзгеріс бар ма? Бес жыл ішінде күн мен жел энергиясын меңгере алдық па? Қайдам? Меңгеру былай тұрсын, қолға алуымыз мұңға айналған секілді. Басқа өңірлерді айтпағанның өзінде, қайбір жылы Оңтүстік Қазақстан облысының делегаттары Германияға барып, әріптестік келісім орнатып келген. Сонда күн және жел стансалары қаптап салынатын болған. Одан бері уәде етілген уақыттан асып кетті, тым-тырыс. Қала сыртында бірді-екілі қондырғылар мен жабдықтар орналасқанын жергілікті БАҚ жарыса көрсетті. Содан кейін не болды? Тағы жым-жырт.

Жалпы, «ЭКСПО» бүкіләлемдік көрмесі қалауынша екі түрлі бағытта өрбиді. Бірі әмбебап көрме, екіншісі – салалық. 2017 жылы белгілі-бір тақырыпқа негізделген салалық көрме өткізуді Қазақстан жауапкершілігіне алды. Ал әмбебап көрмені 2010 жылы Қытай өткізді. Шанхайда болған көрмеге 190 мемлекеттен 73 миллион адам жиналған, павильондық алаңы 5 шақырымды алып жатты. Еліне 12 миллиард доллар табыс әкелді.

Ал, бізде бекітіліп қойған тақырып бар! Қанша елден қанша жолаушы дәм айдап келеді? Қаншалықты жетістікке жете аламыз? Таяуда ғана экспоға қатысты сөз болғанда Елбасы тым болмағанда 100 мемлекеттен қонақтар келіп қатысуын қадағалауды тапсырды. Дайындыққа көңілі толмайтынын айтып салды. Оның үстіне көрме ғимараттарын салатын құрылыс материалдарының қымбаттап кеткені, доллар бағамын ауыздықтай алмай жатқанымыз кедергісін тигізіп жатыр. Әрі-беріден кейін көңілі толмайтындай бар, өзіңіз айтыңызшы аты аңызға айналған қазақстандық брендтер бар ма бізде? Бәсекеден бас бермей шығатын, өз өніміміз деп, өз қызметіміз, өз технологиямыз деп көрсететін қандай жаңашылдығымыз, жаңалығымыз бар? Ұлттық павильонның сөресіне нені қоя аламыз? Соңғы кезде «Алтын сапа», «Халық маркасы» байқауларынан оза шауып жүргендер жұмыртқа, макарон, кондитер өнімдерін шығаратын кәсіпорындар ғана. Жарайды, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған азық-түлік және тағы басқа ұсақ-түйек тұрмыстағы тауарларды өндіретін кәсіпкерлеріміз төбе көрсетіп шығар. Дегенмен, қазақ халқы деген кезде есінде қалатын, өзіндік қолтаңбасы сақталған танымал өндірістің жоғы әрине, өкінішті. Бір ғана Шымкенттен шығатын кілем фабрикасын мысалға алайық, ашылу сәтінде жер-көкке сыйғызбай мақтандық. Біздің енді кілем тоқитын мүмкіндігіміз бар дедік. Нарыққа шығардық. Қатардағы ортаңқол кілемдердің бірі ретінде қалды. Түркияның, Иранның сапалы кілемдеріне жете алмадық. Аяқ киім зауыты, әйелдер шұлығын тігетін фабрика да осының кебін киді. Осыдан соң, аспандағы күн мен желді әңгімелеп көріңіз. Әлемде күн қуатын тиімді энергияға айналдырып, алға шыққан үздіктер қатарына Германия, Италия, Жапония, АҚШ, Испания, Қытай, Франция, Чехия, Бельгия және Австралия жатады екен.

Р.S. Бес жылда тіктей алмаған тақырыпты, ендігі қалған бес жүз күнде бүтіндей аламыз ба? Облыс басшысының осы мәселеге жауапты орынбасарына хабарласқанымызда, ЭКСПО-ға қатысты мәліметтер мен есептер тиісті басқармадан алынатынын меңзеді. Не себепті басшы қосшыға сілтейді? Басқармадағы бүкіл мағлұматтар орынбасарға аян емес пе? Тіпті, «ЭКСПО-ға дайындығымыз қалай болып жатыр?» деген бір ауыз сұраққа жауап беру үшін қағаздарға шұқшиып, ұзын-сонар сандарды тізіп шығудың қажеті шамалы. Тек өз ойын жинақтап, қандай дайындықта екенімізді тілге тиек етсе болғаны. Керек десе, түн ұйқысынан оятып сұрасаңыз да, бұл бес саусағындай сайрайтын тақырыбы ғой. Орынбасар «жөн сілтеген» ОҚО кәсіпкерлік индустриалдық инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы жұмыс сапарымен кабинетінде, қалада болмай шықты. Болған күннің өзінде ондағы құлаш-құлаш цифрлар мен ақпарды жаттап алғанбыз. Бәрібір тіл ұшында көлбеңдеп тағы сол сұрақ туындайды айналып. «Біз ЭКСПО-да нені көрсете аламыз?», «Тақырыпқа сай туынды жасай аламыз ба?» Уақыт тақаулы. Ал, шаршы әлем бізге сынай қарап, «қайтер екен» деп аңдып отыр.

 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter