Ұялы байланыс операторларының табысы азайып барады
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ұялы байланыс операторларының табысы азайып барады

  • Жан КЕНЖЕ

Жыл өткен сайын ұялы байланыс операторларының табысы барынша азайып келеді. Былтыр олардың қоржынына келіп түскен таза кіріс 657,1 млрд. теңге болды. Бір жылда байланыс қызметінің кірісі 13%-ға төмендеп, ғаламтордан түсіп отырған пайда 15%-ға артқан. Қайта IP-телефония, байланыс операторларының трафигі, техникалық қызмет, желінің жұмысын қамтамасыз ету сияқты салалардың табысы көбейіп жатыр. Бұл салалардағы өсім 34%-ды құрады.

Заман қарыштап дамыған сайын барлық салада соны өзгерістер орын алып жатыр. Оның ішінде ұялы байланыс та бар. Осыдан санаулы жыл бұрын ғана ұялы байланыс операторларының жағасы жайлауда еді. 2012 жылы олар әр минут сайын тек қана SMS-хабарламаның арқасында 812 000 доллар тауып отырған-ды. Табысы 2011 жылмен салыстырғанда 11,5 %-ға өсіп, 140 млрд теңгені құрады. Ал, интернет-провайдерлердің табысы сол жылы небары 7 млрд теңге болған.

Қазір интернет халыққа барынша қолжетімді. Соның арқасында жағдай өзгеріп шыға келді. Тұтынушылар телефонда бірлік болмаған кезде, жалпы, кез келген жағдайда интернет арқылы байланысу мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, WhatsApp, Messenger арқылы қоңырау шалуға, сондай-ақ IMO, Skype, Viber қосымшаларының көмегімен видеобайланысқа шығуға болады. Тіпті, Facebook сияқты әлемдік желілердің өзі «тікелей байланысқа» шығу функциясын қосып қойды. Ең бастысы – интернет-пакетің болса жеткілікті.

Соның салдары болар, биыл ғаламтор табысы алғаш рет ұялы байланыс операторларымен теңесті. Мұндай оқиға Қазақстанда бірінші рет тіркеліп отыр. Ресми мәліметке сенсек, биылғы ақпан айының өзінде ұялы байланыс қызметінің табысы азайып, 33 миллиард 700 мың теңге болса, интернет тұтынушыларының қатары көбейіп, кіріс 33 миллиард 500 мың теңгеге жеткен. Ұялы байланыс қызметі табысының төмендеуіне себеп болған – Астана қаласындағы ұялы байланыс мекемелері кірісінің азаюы. Елордадағы түсім ақпан айында 8 миллиардқа немесе 30 пайызға төмендеген. Табыстың азаюы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында да тіркелді.

Ұялы байланысқа төнген «қауіпті» бақылаушы меморгандар да мойындап отыр. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарифтерді реттеу басқармасының басшысы Тимур Баилов «жыл басынан бері байланыс операторлары 86 млн теңге пайда көрген. Ал былтыр осы уақытта олардың табысы 20 млн-ға артық болатын. Сондықтан, байланыс операторлары жаңа абоненттерді тарту үшін тарифтерін төмендете бастады. Олар пайда табудың жаңа жолдарын ойлап табуда» деген болатын.

Мұндай дағдарыс жағдайында ұялы байланыс операторлары не істемек? Маман дұрыс айтады – әрқайсысы әртүрлі амал ойлап табуда. Мысалы, жуырда ғана «ұялы байланыс операторлары Қазақстан азаматтарына кредит беруді бастайды» деген ақпарат тарады. Несиенің көлемі – 10 000-100 000 теңге аралығында. Жаңа қызмет биыл іске қосылуы тиіс. Өздері «айына 10 мың теңгелік шағын несие берсек» деп жоспарлап отыр. Оны алу оңай, рәсімдеу уақыты – небәрі 1 сағат. Монополистер ұсынған жаңа қызметті еліміздің кез келген азаматы пайдалана алады. Алған қарызыңды бір айда өтеу керек. Бастысы – несие беретін ұялы оператордың абоненті болуың шарт.

Ұялы байланыс қаржы сервисі-нің жетекшісі Т. Шалекеновтың айтуынша, бұл аяқасты ақшаға мұқтаждық туғанда зор көмек болмақ. «Мысалы, сізге шұғыл түрде Астанадан басқа қалаға ұшу керек болып тұр. 40 мың теңгенің билетін алу қажет. Қаражатты жедел алу үшін банкке бара алмайсыз. Ал достарыңыздан қарызға ақша алғыңыз келмейді делік. Сол кезде ұялы операторға несие алуға өтініш жолдауға болады» дейді маман. Мұндай тәжірибе Ресей, Пәкістан, Украина және Африканың кей елдерінде кездеседі.

Ал, «Beeline-Казақстанның» PR-директоры Алексей Бендзь most.com.kz сайтына берген сұхбатында компанияның алдағы уақытта табысын ұлғайту үшін қандай амалдар қолданатынын айтып өтіпті.

«Қазір бізде 9,2 млн абонент бар. Біз Қазақстанда жұмыс атқарған 10-11 жылдан бері абоненттер саны бойынша көш бастау туралы алғаш рет ойлана бастадық. Телеком қазір қиын кезеңдерді бастан өткеріп отыр. Бірінші рет нарықта теріс динамика байқалды, бұл жағдай тарихта ешқашан болмаған. 2015 жылы барлық операторлар 2014 жылмен салыстырғанда аз табыс тапты. 2016 жылы да табыс 2015 жылдан қарағанда аз болады. Мұның барлығы қызметтер ақысы арзандағандықтан болып отыр. Ғаламтор трафигінің көлемі өте қарқынды өсіп келеді. Мысалы: әлемде технология интеллектісінің үш орталығы бар: Ericsson (Швеция), Nokia (Финляндия) және Huawei (Қытай). Жаңа стандартты жасап шығатын компаниялар – осылар. Біз білетін 2G, 3G және 4G сол жақтарда ойлап табылған. Әлем бойынша телеком капитализациясы құлдырап барады. Телефон операторларының акциялары да түсіп кетті. Осының барлығын көріп отырған біз «5 жылдан соң біз қандай боламыз?» деген сұрақ төңірегінде еріксіз ойланамыз. Бұған дейін көш бастап келген SMS жүйесінің орнын WhatsApp, Viber, Facebook секілді әртүрлі мессенджерлер басты. Олар мобильді компаниялар табысының үлкен бөлігін тартып алып жатыр. SMS-тен түсетін табысқа біз салық төлейміз, ал мессенджерлердің мойнына мұндай жауапкершілік артылмаған. Қазір біздің алдымызда бірнеше жол бар. Алғашқысы – әр түрлі ойыншылар жармасатын жай ғана интернет арнаға айналып, сол арқылы табыс табу. Екіншісі – «түтік», яғни трафик тасымалдап қана қоймай, басқа ойыншыларға бәсекелес болатын қызмет түрлерін де ұсынуды жалғастырушы болып қалу. Өткен жылдан бері біз бизнесті трансформациялау бағдарламасын жоспарлап жүрміз. Біз қазір мобильді оператор болсақ, екі жылдан соң өзімізді қоңыраулар мен ғаламтор тасымалдаудан басқа көптеген пайдалы қызметтер ұсынатын интернет-компания, digital-оператор ретінде көреміз» дейді А.Бендзь (7kun.kz).

Түйін.

Ұялы байланыс операторлары қаншалықты табыс тапса, соған қарай мемлекетке салығын төлеп отырған болатын. Олар тіпті мұнай және металлургия компанияларын артқа тастап, салық төлеу бойынша жоғары орындарға көтерілген-ді. Әрине, байланыстың сапасына сын айтушылар аз болмаған, бола да береді. Бірақ, ол – бөлек әңгіме. Әзірге білетініміз – бұл нарықтың күйі келмей, жағдайы кері кетіп барады. Кезінде секундтық тарифке өтуге қиналатын, тұтынушыларына ТМД-дағы ең қымбат ұялы байланысты ұсынатын операторлардың қазіргі ахуалы мәз емес. Олардың әрі қарай өз беделін сақтап, табысын арттыруы, бұл нарықта қалу-қалмауы өздерінің біліктілігіне, жаңа жағдайға қаншалықты бейімделе білуіне байланысты.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter