Түлкібастың алма бағы қағаз жүзінде ғана «алма бақ» емес пе?
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Түлкібас десе, көз алдымызға ақбас таулары сонадайдан менмұндалап тұратын әсем де көрікті мекен елестейді. Сондай-ақ, бір кездері әңгелектей алмаларымен де ерекшеленетін еді. Қып-қызыл, жұп-жұмыр алмалар көздің жауын алатын. Түлкібастың алмасын Алматының апортына теңейтіндер де аз емес. Апорт демекші, бір кездері арман қалаға айналған Алматының алмалары да бүгінде сиреген. Есесіне Түлкібастың жаңа көшеттері жайлы жиі айтылады. Ауданның бренді алма болатынын айтқан түлкібастық атқамінерлер жылда бірталай жерге жеміс-жидектің көшетін еккенін мәлімдеп, есеп береді.
Сенімді дерек көздері мұнда 2007 жылдан бастап алма бау көлемін ұлғайту жұмыстары қарқынды қолға алынғанын айтады. Кешегі күнге дейін аудан бойынша алма бау көлемі 3200 гектарды құраса, соның 2000 гектары өнім бере бастаған. Кейінгі кезде алма өсіруге адамдардың әуесі ерекше болған себебі, 2009 жылдан бастап алма бауларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидия беріле бастапты. Осыған байланысты алма бау көлемін ұлғайту мақсатында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес агроқұрылымдардың арқасында біраз жұмыстар атқарылған. 2007-2012 жылдар аралығында бағдарламаға сәйкес жеміс-жидектердің өнімділігін жоғарылату және көлемін ұлғайту мақсатында жаңа заманауи технологиялармен 457 гектар алма бау, 103 гектар жүзімдік тамшылатып суару әдісімен отырғызылған.
Бұл, әрине, қағаз бетінде «сайрап» жатқан цифрлар. Тіпті соңғы үш жылда қосымша 500 гектарға көшет отырғызылғанына да күмән келтірмейміз. Мемлекеттен қолдау тауып жатса, түлкібастық бағбандар өздерінің ежелгі кәсібін өркендетуден аянып қалмасы анық. Бірақ бізді таң қалдыратын мәселе – әр жылы пәленбай гектарға егілетін көшеттер одан бергі он жылда үлкен ағашқа айналып, бүгінде жеміс беретін кезі келді емес пе?! Өкінішке қарай, әкім ауысқан сайын Түлкібастағы тау бөктеріне алма егілетіні айтылады да, бірақ одан алынған өнім жайлы ауыз ашпайды. Мысалы, бір кездері ақ мақтаның мекені болған Мақтарал ауданы кейінгі кезде қауын-қарбыз өсіруге шындап ден қойды. Көп ұзамай Мырзашөлдің бал татыған қауындары жайлы әңгіме шекарадан тысқары шығып, алыс-жақын елдерге де тарап кетті. Шардараның балығын да бүгінде білмейтін ел жоқ. Қазығұрттың қымызы, Отырардың шұбаты да біршама танымал. Ал, ауданның бренді болады деген Түлкібастың алмасы әлі күнге дейін тек көшет күйінде тұр.
Тамшылатып суғару технологиясын қолдана бастағанымызға да он жылға жуықтап қалды. Түлкібастағы жаңа технологиямен егілген алмадан әлі дерек жоқ. Сапасы да, көлемі де анау-мынау алманы он орап алады деген атқамінерлердің мақтауын келтірген алмасын жейтін уақыт жетті. Әлде, мақтауы келіскен алмалар темір жол маңындағы алыпсатарлардың майда-шүйде алмаларынан асып, нарыққа кіре алмай жүр ме?
- Түлкібас ауданы
- алма
- бақ
- қызық ақпарат