Банктердің алатын комиссиясы заңсыз
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Банктердің алатын комиссиясы заңсыз

  • Жан КЕНЖЕ

Несие алу үшін банк табалдырығын аттамаған жан кемде-кем шығар. Ондайда алдыңыздан пайызы жоғары несиенің неше түрі шығады. Бірақ, сонымен қоймай есепшотқа деп комиссия сұрайтынын қайтерсіз. Көп жыл бұрын мен де елдегі ірі банктердің бірінен 1 млн теңге несие алып, соның 60 мың теңгесін комиссия ретінде банкке тастап кеткен едім. Одан өзге, ай сайын есепшотыма деп белгілі бір сомада ақша ұстап отыратын боп келісті. Менеджерден «бұл ненің ақысы, онсыз да пайызын төлеп отырамыз ғой?» деп сұрағанымда «бұл – біздің жалақымыз» деп жауап бергені есімде. Алайда, сол комиссияңыз қаншалықты заңды?

Ақтөбе қалалық соты-ның судьясы Айна Абдраеваның айтуынша, бұл заңсыз. Былайша айтқанда – тонау. Банктен несие алған әрбір қазақстандық осындай жолмен тоналып жатыр.

Несие аларда қол қойылатын келісімшартқа көз салсаңыз, «клиенттен ай сайын қарыз (ссудалық) есепшотына қызмет көрсеткені үшін комиссия алынады» деген жолдарды байқауға болады. Қарыз есепшоты – банктің қарыз алушының атына ашатын есепшоты. Клиентке осы шотқа ақша аударылады. Сосын клиент несиені төлеген сайын ақшаны осы шотқа салып отырады.

«Орта есеппен алғанда бұл комиссия – ай сайын 2500-4000 теңге аралығында. Бұл ақшаны банкирлер заңсыз алып отыр. Неге екенін айтайын. ҚР «Төлемдер мен ақша аударымдары туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, банк есепшоты – банк пен клиент арасындағы ақша қабылдау және (немесе) клиентке банктік қызмет көрсету бойынша келісімшарттық қарым-қатынастарды көрсетудің жолы. Банктік есепшот жеке және заңды тұлғалардың ағымдағы және сақтау шоттары, сондай-ақ, банктің корреспонденттік шоты деп бөлінеді. Бұдан шығатын қорытынды – несиеге қызмет көрсету екінші деңгейлі банктің клиент алдындағы емес, Ұлттық банк алдындағы міндеті болып табылады. Қарыз есепшоты – қаржыны бухгалтерлік есептеудің бір жолы, ал бұл есептесу операциясына жатпайды! Демек, қарыз есепшоты үшін ақша алуға банктің қақысы жоқ. Шамалап есептейтін болсақ, әр банк осы заңсыз комиссияның арқасында айына 1,5 миллиард теңге табыс табады екен.

Заңгердің айтуынша, бұдан барлық банк хабардар.

«Сөзіме сеніңіз, бәрі біледі ол жайлы. Ұлттық банк сонау 2012 жылы барлық коммерциялық банктерге осыған байланысты хат жолдаған. 9 ақпан күні жіберілген №667/206/740 хатта қарыз есепшоты үшін клиенттен комиссия ұстап қалу заңға томпақ екендігі айтылған. Қазақстан заңнамасы кредитке қызмет көрсеткені үшін ақша алуды құптамаған және қазір де құптамайды. Яғни, қарыз алушыға осындай жауапкершілікті артып қою – қазіргі заңнамаға қайшы және несие алушының тұтынушы ретіндегі құқығын шектейді. Сондықтан, несие алушыны әр ай сайын заңсыз төлем жасауға мәжбүрлейтін келісімшарттың күші жоқ» дейді судья Айна Абдраева.

Енді клиент не істеуі керек? Өйткені, «мынауың тонау ғой» деп бәлсінсең, банк несие бермей қояды. Дегенмен, заңгердің оған да жауабы дайын.

«Сіз ештеңе демеңіз. Үндемей келісімшартқа қол қойыңыз да, артынша сотқа шағымданыңыз. Сот істі сіздің пайдаңызға шешіп береді, өйткені заң – сіздің жағыңызда» дейді ол.

Заң өкілінің осы сұхбатынан кейін журналистер қаладағы бүкіл банктерді аралап, келісімшарттарымен танысып шығыпты. Барлық банкте судья айтқандай, аталған комиссияны төлеу талап етілген. «Бұларыңыз заңсыз ғой» деген журналистерге банк қызметкерлері «Сізді ешкім мәжбүрлеп отырған жоқ, басқа банкке барам десеңіз, есік ашық» деп жөн сілтеп жіберген. Тіпті кей менеджердер «осындай ақылды болсаң, несиені қайтесің» деп зекіпті. Сондықтан, судьяның сөзіне құлақ асып, алдағы уақытта өз құқымызды сот арқылы қорғаудан басқа амал жоқ. Біле жүріңіз.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter