Қоқыс өңдеу зауыты қаңтарылып тұр
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қоқыс өңдеу зауыты қаңтарылып тұр

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Шымкентте қоқыс өңдеуге тиіс зауыт бір жылдан бері қаңтарылып тұр. Лентасы қиылмай жатып жабылып қалған зауыт бар болғаны алты ай ғана жұмыс істепті. Қазынаның қыруар қаржысына салынған жаңа кәсіпорын осылайша жұмыс істемей тұра берсе, бірер жылда жарамсыз болып қалуы мүмкін. Сонда қанша жылдан бері айтылып келе жатқан жобаға бөлінген қыруар қаржы желге ұшқаны ма?

ЖАҢА АЛАҢНЫҢ ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС

Рас, біраз жылдан бері түтінге тұншыққан қала тұрғындары ашық аспан астында аңқып жататын қалдықтардың зардабын ойлап, қазірден уайым шегіп жүр. Шынында да миллионға жуық тұрғыны бар Шымкенттен күніне 500 тоннаға жуық қалдық шығарылады екен. Оны дер кезінде өңдеп, залалсыздандырып отырмаса аз күнде айналаның бәрін қоқыс басып кетуі мүмкін. Біраз жылдан бері қала басшыларының басын қатырған зауыт мәселесі де өзінің оң нәтижесін бермеген болса, демек, тұрғындардың алаңдайтындай да жөні бар. Көкейдегі көп сұрақтың жауабын іздеп таяуда қоқыс полигонына барып қайттық. Қаланың сыртында деген аты болмаса жаңадан ашылған «Қоқыс алаңын» тауып алу аса қиынға соқпады. Шымкент-Сарыағаш тас жолының оныншы шақырымында жеріндегі оң жақтағы алаң анадайдан менмұндалап тұр. Жақындағаннан-ақ өзінің жағымсыз иісімен қарсы алатын қоқыс қалдықтары жел тұрып, самал тербеген күндері жақын маңды өзінің «жұпар» иісімен жаулап алатынын да аңғару қиын емес. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан жүк көліктерінде есеп жоқ. Міне, осы қарқынмен төгіле берсе, бар болғаны 34 гектардан тұратын жаңа алаң ары кеткенде екі-үш жылда толып қалатын түрі бар. Демек, бұл бүгіннен бастап қамдана беруді керек етеді.

ҚОҚЫС АЛАҢЫН КӨРСЕТУГЕ НЕГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ?

Жасыратыны жоқ, түйенің етін жегендей сақалды құрылысқа айналған қоқыс өңдеу зауытының айналасында алыпқашпа әңгіме көп. «Қыруар қаржының басын жұтқан жобаға бөлінген ақша өз мақсатына жұмсалмаған» дейтіндер де бар. Ол аз десеңіз, залалсыздандырылуы тиіс қоқыс-қалдықтар да қалай болса солай көміле беретін көрінеді. Оған бөлінген ақшаның да ізі байқалмайды. Сол себепті шығар, қоқыс алаңын көрсетуге ондағы қызметкерлер құлықсыздық танытты. Тек сыртынан ғана суретке түсіргеніміз болмаса айналасы анадайдан мүңкіп, экологиялық талаптары мүлдем сын көтермейтін жерге бізді жақындатпауға әрекет жасап бақты. Құдды алтын өндіріп жатқан жерге кіргізетіндей кіші басшылар үлкен бастықтарына қоңырау шалып, мүмкіндік болса «пропуск» алып келуіміз керек екенін айтып әуреге түсті. Өзі айналдырған жиырма шақты қызметкердің жартысына жуығы жиналып, тілшілердің ішке кіріп, суретке түсіруін талқылағанына қарағанда, бұл жерде, бәлкім, біз бен сізге беймәлім бір құпияның бар болғаны ғой. Әлде, алыпқашпа әңгімеде айтылатын «қыруар қаржы өз мақсатына жұмсалмаған» деген қауесеттің расқа айналғаны ма? Қалай болғанда да бұл құпияның құлағын қылтитуды құзырлы органдардың назарына қалдырамыз.

ТИІСТІ ҚАРЖЫ НЕГЕ ДЕР КЕЗІНДЕ БӨЛІНБЕГЕН?

Жергілікті телеарналардың бірі таратқан мәліметке сенсек, «Мастер» ЖШС атты мердігер осыдан бір жыл бұрын зауыт жұмысын толық бітіріп берген. Бірақ, коммуникация тартылмағандықтан, қыруар қаржыға салынған зауыт жұмыс істемей, тоқтап тұр. Ең басты түйткіл – мұнда су да, жарық та жоқ. Ал, еліміздегі үшінші қала болудан үмітті Шымкентке қоқыс тастайтын алаң ауадай қажет. Ол алдағы уақытта заман талабына сай өңделуі керек. Әйтпесе, аз күнде алақандай алаң аузы-мұрнына сыймай толып кетуі мүмкін. Міне, осыны ойлаған жергілікті атқамінерлер қоқыс зауытын салуды қажет деп тауып, оны екі көзден қаржыландыратын болып шешкен. Бірі тапсырыс беруші «Технология 21» ЖШС болса, ол өз қаржысы мен инвестордың көмегіне сүйенсе, инженерлік инфрақұрылымға қала бюджетінен тиісті қаржы бөлінеді деп қарастырылған. Алайда, қала бюджетінен бөлінуі тиіс 428 млн. теңгенің бар болғаны 21 млн. теңгесі беріліп, қалғаны кейінге шегірілген. Коммуникациялық жұмыстарды жүргізуі тиіс «Асбест строй» ЖШС-не қажетті 407 млн. теңге де тым кешеуілдеп кеткенге ұқсайды. Әлде ақша аударылып, бірақ межелі жеріне жетпей қалды ма екен? Бұл тақырып та тереңірек зерттеуді қажет етеді.

ЖОБА О БАСТА ДҰРЫС ЖОСПАРЛАНБАҒАН

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2014 жылдың мамыражай маусым айында іске қосылғанын айтып, сүйінші сұраған жергілікті билік өкілдерінің қуанышы ұзаққа бармады. Себебі, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, жаңа зауыт жарты жылға жетпей жатып жұмысын тоқтатты. Жылына 200 мың текше метр қалдық өңдейтін өндірістің жұмыс жүйесімен сол кезде қала әкімінің орынбасары танысып, алғашқылардың бірі болып өңделген шикізатты көрген болатын. Алайда Шымкентегі алғашқы қоқыс өңдеу зауыты тірліктің үдесінен шыға алмады. Көп жыл бойы күткен іс көңілден шықпады. Жылына 170 мың текше метр қоқыс өңдеуі тиіс зауыт қаладан шыққан қоқыстарды игере алмады. Он жыл күттіріп барып жүзеге асқан жоба жұмыс істеген жарты жылда бар болғаны 30 тоннаға жуық қоқыс өңдепті. Күніне төрт жүз тонна қоқыс шығарылытан қалада бар болғаны бес айда отыз-ақ тонна өндірген болса, оның несін алаулатып әңгіме етіп отырмыз. Сонда бұл жобаның да о баста дұрыс жоспарланбағаны ғой. Мамандардың айтуынша, күніне 200-ге жуық көлік қатты тұрмыстық қалдық тасымалдайды екен. Өкінішке қарай, соның бар болғаны 2 пайызы ғана қоқыс өңдеу зауытынан өтеді. Қалғанын полигонға жинап, көмуге тура келеді. Жоспар бойынша мұнда өңдеуден қалған қалдықтар ғана көмілуі тиіс болатын. Қазақстан Республикасының экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, қалдықты сұрыптау, кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды тиімді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Бірақ, біздегі билік өкілдері өздеріне жүктелген міндетті осылайша ашық аспан астында қалдықтың иісін мүңкіту арқылы жүзеге асырып отыр. Сонда заң талаптары қайда қалады?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter