25 жылда экономикамыз дамыды ма, кері кетті ме?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

25 жылда экономикамыз дамыды ма, кері кетті ме?

  • Жан КЕНЖЕ

Тәуелсіздік туының астында өткен 25 жылда біздің экономика нендей жетістіктерге жетті? Қанша зауыт салынып, қанша өнім экспортқа шығарылды? Әлемге паш етер мұнайдан басқа мақтанышымыз бар ма? Саралап көрейік. «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасы – 21 есе, ал халықтың табысы – 19 есе өсті» деп мәлімдеді жыл басында Елбасы Н.Назарбаев. Оның айтпағы – адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 1990 жылы – 600 доллар болса, биыл – 13 000 долларға жеткен.

Әрине, бұл мәліметтерге күмәнмен қарайтындар аз емес. Мысалы, экономист Олжас Байғановтың айтуынша, мұндай еселеген өсім көңілде күдік туғызады.

«Өсім қанша есе болса, сонша жаңа Қазақстанды құрдық деген сөз бе? Бұл мәліметтен кейін маған біздің Кеңес заманындағы ата-бабамыз мүлде жұмыс істемегендей көрінді, шынымды айтсам. Әрине, мұндай салыстырулар қарапайым, әсершіл халыққа арналып жасалады. Мұнда тек номинальды цифрлар келтірілген. Инфляция ескерілмеген. Таңғалмаңыз, доллар да инфляцияға ұшырап тұрады. Тарихи әділеттілік үшін айтайықшы, 1990 жылғы адам басына шаққандағы ІЖӨ көлемі қазіргі бағамен 6000 долларды құрайды, ал 2015 жылғы ІЖӨ-нің қазіргі есеппен – 10 000 доллар. Өзіңіз көріп тұрғандай, маңызды көрсеткіштің 25 жылдағы өсімі – 1,7 есе ғана! Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (оның көлемі – 2,5 есе) де төмен. Біз басқалардан салыстырмалы түрде кедейлене түсіппіз. 2016 жылғы көрсеткіш біздің артта қалу «дәстүрімізді» әрі қарай жалғастыратын сияқты, себебі, девальвация ықпал етпей қоймайды. Соған қарамастан мұнай өндіру көлемі 25 млн тоннадан 80 млн тоннаға дейін үш есе артқан. Экономиканың құрылымы көмірсутегін өндіруге басымдық беруде. Ішкі жалпы өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі Кеңес заманы тұсындағы 25 %-дан 5 %-ға дейін төмендеп кетті. Әрине, әлемнің алдына шығып, озып кеткен жөн емес шығар. Бірақ шабан аттай салпақтап, бәрінің соңында қалып қойған да ұят екен» дейді экономист.

Статистикалық көрсеткіштер де біздің алға жылжымақ түгілі, бір орыннан жылжи алмай тұрғанымызды айғақтайды. 2012 жылы экспортқа шығарылатын шикізаттың максималды мәні 86,4 млрд долларды құраса, жылдан-жылға тек азаюмен келеді. 2013 жылы – 84,7 млрд, 2014 жылы – 79,5 млрд, ал былтыр тіпті 45 млрд долларға дейін төмендеді. Биыл әрі кетсе 30-35 млрд болатын түрі бар, өйткені, алғашқы бес айдың өзінде 13,7 млрд доллардың тауары ғана экспортталған. Онда 2005 жылдардың деңгейіне қайта оралдық дей беріңіз.

Әрине, экспортымыздың үлкен бөлігін шикі мұнай құрайды. Соның арқасында күн көріп отырған экономиканы 25 жылда дамыды деп қалай ғана айта аласыз? Мұнай бағасы өзгерген күні теңгеміз құлдырап шыға келеді. Бұл дегеніңіз – біздің тағдырымыз сол мұнайдың «қолында» тұр деген сөз. Міне, сондықтан ұлттық валютаның девальвациясы сыртқы нарықта біздің экспортерлер үшін ешқандай бәсекелестік артықшылық бермейді, демек теңге қанша құнсызданса да, әлемдік биржадағы мұнайдың бағасы одан өспейді.

Сыртқы сауда статистикасы бұл девальвацияның шикізаттық емес экспортқа да жақсы әсер етпегенін көрсетіп отыр. Әдетте девальвация отандық өндірістің дамуына оң әсер етеді деуші еді ғой. Қайдағы. Шикізаттық емес экспорт 2014 жылы – 1,2 млрд долларға, ал 2015 жылы тағы 1 млрд долларға кеміген. Бірқатар танымал тұлғалардың биік мінберлерден айтқан «девальвациядан кейін отандық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп өркендейді» деген болжамының соңы не болды? Демек, өтірік болғаны. Зауыттар ашылмай жатып, жабылып жатқанда қайдағы даму, қайдағы өндірістік дүмпу?!

Ішкі жалпы өнім 2013 жылы – 236 млрд, 2014 жылы – 221,4 млрд болса, былтыр – 184,4 млрд долларға бір-ақ «құлады». Яғни, бірден 16,7 пайызға төмендеді. Ұлттық қорымыз жылдан жылға түгесіліп, түбі көрініп қалды.

Осы цифрлардан кейін де экономика алға басты деп айғайлап айту үшін өтірікке былқ етпейтін, сазарған бет керек шығар. Әсіресе, соңғы жылдардағы кері кеткен жағдайымызды қандай сөздермен ақтап алуға болады? 25 жыл бұрынғы көрсеткішті алға тартқанда 25 жылдағы инфляцияны ескермей, өткен заман мен қазіргі ахуалымызды салыстырудан ләззат алып, алаңсыз жүре берейік онда. Бірақ, «ауруын жасырған адам түбі өлетінін» бәрі біледі ғой.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter