АҚШ сенаты Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкцияларды мақұлдады
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Шектеу шараларының бір парасы КХДР-ға жаппай қырып-жою қаруын жасауға көмектесетін кез келген елге де қолданылады. Санкцияның тағы бір тармағы Ким Чен Ын мен Солтүстік Корея билігінің өзге де өкілдерінің өзге елде жасырған қаржыларынан қағуды да қарастырады.
6 қаңтар күні Корей Халықтық Демократиялық Республикасы сутегі бомбасын сынақтан өткізгенін хабарлаған еді. Алайда, сарапшылар жарылыс күшін есептей келе, оның шын мәнінде сутегі бомбасы екеніне күдікпен қарай бастады.
Айта кетейік, бұл Пхеньянның соңғы он жыл ішінде жаппай қырып-жою қаруын төртінші рет сынақтан өткізуі. Бүған дейін осы тектес жарылыстар корей түбегінде 2006, 2009 және 2013 жылдары орын алған. Солтүстік Корея ядролық қару жасау бағдарламасын қолға алған жылдары-ақ сол кездегі АҚШ президенті Билл Клинтонның әкімшілігі бұл елді райынан қайтару үшін қорқытып та, алдап та бақты. АҚШ КХДР-ға жеңіл су реакторларын ұсынды, оған қажетті отын мен азық-түлік те берді. Кедей мемлекет саналатын Солтүстік Кореяға мұндай көмекті Қытай да жасап отырды. Алайда, Пхеньянның алған бетінен қайтапуы гуманитарлық көмекті тоқтатумен аяқталды. Сайып келгенде, Солтүстік Корея ядролық қаруды өзге елдерді бопсалау үшін жасайтыны анық болды. Ең алдымен, өзінің саяси режимін сақтап қалуды көздейтін Пхеньян өзіне қыр көрсететін елдерге осылай жауап беретінін байқатты.
АҚШ-тың барлау жөніндегі сенат комитетінің бұрынғы қызметкері, Бостон университетінің құрметті профессоры Анджело Кодевила енді «сутегі бомбамыз бар» дейтін Солтүстік Кореяның АҚШ тан, оңтүстік көршісінен түрлі экономикалық және саяси жеңілдіктерді талап ете бастауы мүмкін екенін айтады. Әсіресе, сынақтың сәтті өтуін жаһанға жар салу арқылы Ким Чен Ын астарлатып қос Кореяның бірігуін ұсынған Қытайға сес көрсеткен болуы иқтимал,-дейді профессор.
Пхеньян өткізген сынақтан ең алдымен Жапония сасып қалды. Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ бұл әрекетті қатаң сынап, өз еліне төнген қауіп ретінде қарайтынын мәлімдеген еді.
- АҚШ сенаты
- Солтүстік Корея
- Ким Чен Ын