ОҚО-да қазақша жаза алмайтын баспасөз хатшысы жергілікті журналистерге жақпай қалды
Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының баспасөз қызметіндегілер Шымкентте пресс-тур ұйымдастырамын деп журналистерге ұнамай қалды. Ұйымдастырушылық жұмыстары ойдағыдай болғанымен, тілшілерге берілетін ақпараттың мемлекеттік тілде жазылмауы олардың шамына тигенге ұқсайды. Бұл туралы жергілікті журналист Нұрмахан Кенжехан әлеуметтік желідегі парақшасында орталыққа деген ашуын жеткізді.
"Шымкентте тұрып қазақша баспасөз мәлімдемесін ала алмайтын жағдайға жеттік. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне (мың алғыс). Орыс тілін жақсы біледі екен. Алайда Қостанайдан келген Алия деген қыз бен Тараздан келген Алмас деген ұлдың қазақ тілінде баспасөз мәлімдемесін жаза алмауы масқара емес пе? Ойланатын жағдай. Аттай қалап алдырған азаматтардың қолынан түк келмесе кім кінәлі? Екі күн бойы пресс-турда да осы жағдай. Қысқасы масқара. Әсіресе Шымкент үшін" деп ашуға булыққан автор. Журналист жазбасын тағы біраз әріптесі қолдай кетті.
"Кеше мен де талап еткенмін. Неге мемлекеттік тілде дайындамағансыңдар деп. Бетіме жіберіп қойған бала сияқты қарап, аузына құм құйылған еді. Қайталап сұрай бергенімде әр нәрсені бір айтып, ақтала жөнелді..." деп жазды автордың әріптесі.
Белгілі болғандай, кәсіпкерлерге қызмет орталығындағылардың қазақ тілінде ақпарат таратуды ұмыт қалдырып кете беретініне аз уақыт болмапты. Оған жазба астына қалдырылған пікірлерді дәлелге келтіруге болады.
"Шындығында ана тілімізде ақпарат ала алмау қазір үйреншікті жағдай айналып барады... Бұл тіл болашағы үшін өте қауіпті. Менімше орыс тілін білгеннің бəрін білікті деуден арылуымыз керек", "Өз жұмысына салғырт қарап қазақ тіліне мұрын шүйіре қарағанына қарағанда Ресейге жұмысқа тұруға дайындалып жүр ме екен деп қойдым", "Өте орынды. Мемлекеттік тіліміз есіктен сығалап, жетім баланың күйін кешуді озіміз тоқтатпасақ, шалдыр гүлдерлерге бәрібір"деп автор ойына қолдау білдірген. Тіпті бірі мемлекеттік тілде ақпарат беру қиындық туғызған баспасөз қызметіндегілерге тілді білмесе, жаза алмаса жақсы аудармашыны алуға кеңес берген.
- ЦОП ЮКО
- кәсіпкерлерге қызмет көсрету орталығы
- ЦОП
- КҚО ОҚО
- Корреспондент
- Нұрмахан Кенжехан
- Береке Дүйсебеков
- қызық ақпарат