«Алты ай бойы Отырарды ала алмау...» немесе Қайыр ханға бір ескерткіш қимағанымыз қалай?
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Төске өрлеген даңқы мен 200 мың әскері бар жауға тойтарыс берген кіп-кішкентай Отырардың біз білмейтін құпиялары қалды ма? Тек жеңiспен көзiн ашқан Шыңғыс ханның ұрпағының сүйегiне зор таңба, намысына сызат түсірген Отырардың алты ай бойы алынбауының астарында не бар? Неге төтеден келген шапқыншыларға жарты жыл төтеп берген Қайыр ханның елімізде бірде-бір ескерткіші жоқ? Бізді толғандырған осындай сансыз сауал, бәлкім, сіздерді де бейжай қалдыра қоймас...
«Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын»
400 мың әскермен Қытайды жаулап алмақ болып, Самарқан қаласынан шыққан Ақсақ Темір қайтыс болған Отырар – осы. Бір ғана рухты қолбасшыны ғана емес, талай саудагерді Самарқаннан күтіп алып, шығарып салған Отырар. Білетіндер болса, Тараз-Ташкент арқылы Самарқанға жету әлдеқайда тиімді, әрі қысқа жол. Алайда, соған қарамастан «бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дегендей сауда-саттықпен айналысатындар діттеген жеріне кезінде Отырар арқылы барған көрінеді. Өйткені Самарқаннан Қытайға барар жолдың солтүстігін бетке алғандар Қызылқұм мен Бетпақдаланы басып өтуі керек. Шөлді, шөлейтті жерлерге шыдас беру қиын екені түсінікті шығар. Ал оңтүстігінде бір-бірін жетектеген таулар, оған қоса таулардың етегіне жармасқандай кішігірім өзен-көлдер Қытайға жетуге алыс та болса әлдеқайда қолайлы болса керек.
Бір сөзбен айтқанда, осыдан екі ғасырдан астам уақыт бұрын Кавказдағы Дербент қақпасы мен бұрынғы Византиядағы, қазіргі Түркия жеріндегі Босфор бұғазы, Мысыр жеріндегі Азиядан Африкаға өтетін тар мойнақ сияқты өте қолайлы әрі маңызды орын саналған екен.
Александриядан кейінгі үлкен кітапхана Отырарда болған
Бүгін төбеге айналған Отырар дәулет пен ғылым-білімнен, өнерден құралақан болмаған. Оған кешегі Әл-Фараби мен беріде шыққан Шәмші сынды алыптардың өзі куә. Ал кітапханаға келсек, Отырарда әлемдегі ең үлкен екі кітапхананың бірі болған дегенге сенесіз бе? Ол туралы: «…б.з. 100-178 жылдары өмір сүрген грек ғалымы Клавдий Птоломей Отырарда кітап қоры жағынан өте бай, Александрия кітапханасынан кейін екінші орын алатын кітапхана бар деп жазып кетіпті»,-деген еді бір сөзінде ғалым Ақжан әл-Машани. Ал профессор Еренғайып Омаров: «Көшпенділер де кітап жазған. Көпшілігі отырықшы болған, қалаларда тұрған. Бұрын қышқа жазып күйдіріп сақтаған. Одан кейін теріге жазуды үйренген. Ондай кітаптар ауырлау келетін. Олардың кітапты көп жазғаны соншалық, жазуға арналған жаңа материал ойлап табуға тура келген. Біздің дәуіріміздің басында Таразда қағазды ойлап тапқан. Шамасы қағазды әлемдегі ең ірі екі кітапхананың бірі орналасқан Отырар қаласына жақындау жерде дайындаған болар»,-депті. Оған күмән келтіруге де негіз жоқ. Өйткені тоғыз жолдың торабында орналасқан Отырардың Жібек жолының көмегімен кітап жинамауы мүмкін еместей.
Әлемнің ең ірі кітапханасы саналатын Александрия кітапханасының Рим, Грек,Үнді және Мысыр әдебиеті сақталған ең үлкен бөлігі б.д.д. 48-47 жылдары Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кетсе, кітапхананың екінші бөлімі б.д.д 391 жылы патриарх Теофильдің үгіттеуімен Серпион Махалласына шабуыл жасаған христиандар өртеп жіберген. Ал Отырар кітапханасы 1220 жылы Шыңғыс хан шабуылы кезінде жойылған. Демек, «Александрия кітапханасы өртенген 391 жылдан 1220 жылға дейін 830 жыл Отырар кітапханасы әлемдегі ең үлкен кітапхана болған» деп қорытындылайды профессор Еренғайып Омаров. Өкінішке қарай, кітапхана түгі қалмай жойылып кетіпті.
Отырардың жасы – 2445-те...
Отырар X ғасырға дейін Фараб пен Отырар сынды екі қаланың есімін қатар арқалаған. Беріде 1219 жылдары Шыңғысханның шапқыншылығы қарсаңында бірігіп, бір есімді егеленеді. Осынау «ешкімге соқтықпай жай жатқан» қазаққа қырғидай тигенге дейін Отырар тарихында қалаға көз алартқан оқиғалар жоқтың қасы. Ондаған шағын қалалардың қосындысынан құралған қала туралы, өкініштісі сол, нақты дәйек аз. Барының көбі – шетел мәліметтері. Соның бірі, жоғарыда аталған қос қаланың бірін 329 жылы Ескендір Зұлқарнайын, екіншісін – б.д.д. 529 жылы Кир салдырғаны анықталған. Демек, Отырардың жасы – бүгінде 2445-те.
Қазіргі уақытта Отырар – бесбұрыш тәріздес төбе. Төбенің ең биік жері 18 м болса, жалпы аумағы 200 га. Қала дуалмен қоршалған, әліге дейін төбені айналдыра қазған орлардың орны бар. Естеріңізге сала кетейік, Отырар ауданының негізі 1935 жылы қаланған.
Алғашқы сазсырнай мен үскірік Отырардан табылыпты
Жыл сайын Отырартөбеге 12-13 мың адам келсе, шамамен айына 2 мыңнан аса турист ат басын бұрады.
Отырартөбеден қазба жұмыстары кезінде І-ХVІІІ ғғ. аралығын қамтитын – саздан күйдіріліп жасалынған тұрмыстық құмыра, табақ, көзе, саптыаяқ, орта кесе, майшам, сия сауыт, әсем ғимараттарды безендіруге арналған сырлы жапсырма қыштар сынды заттар табылған болатын. Сонымен қатар онда алтыннан жасалған құты, алтын құйма, қоладан жасалған келі, тұғыр, майшам, тұмаршалар, күміс пен алтыннан, мыс-тан соғылған теңгелер, темірден жасалған жебе ұштары, шыныдан жасалған бұйымдар да бар. Естеріңізде болса, Отырардағы алғашқы қазба жұмыстарын 1904 жылы түркістандық археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері А.К. Кларе мен А.А. Черкасов жүргізген еді. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы зерттеу жұмыстары талай дүниенің жандануына түрткі болған. Соның бірі алғашқы сазсырнай, үскірік деген аспаптар да сол жақтан табылып, сосын қолданысқа енген деседі.
Қайыр ханның ескерткіші қайда?
Отырар қаласын билеген Қайыр ханды білмейтін қазақ жоқ шығар... «Жiгiттepiм рухыңа қармақты, Салмақ болып, тәнiңдi әбден қорлапты. Батырлықтан бағың бiрақ жанған, ә, Маған қарап күлiп тұрсың сонда да»,-дейтін кешегі әлемді жаулаған Шыңғысханның өзіне «Шіркін, сендей бес қолбасшым болса ғой, Бүкіл әлем билер еді аяғымның астында» дегізген Қайыр хан туралы айтып отырмыз. Тәнін жеңгенімен, жанын жеңе алмағанын жауына мойындата білген қолбасшы емес пе еді ол?! Қақпаны ашып берген Қарашоқыны «қанатыңа жасырынған түлкiнi аңғармапсың» деп бетіне басқанында, асығыстық жасап үкім шығармай, әкесі үшін перзентіне сенім артқанын айтып, қарияны алдырған Қарахан емес пе еді ол?! Отырарда бірде-бір ұрпақ қалмағанын айтып қамыққанда, жылт еткен күндей үміт сыйлап сол қария түнеугүні бір баланы босатып жібергенін айтқанында: «Бipaқ одан ұрпақ тарап, Одан ақын туғанша, Ал ол ақын ата жолын қуғанша, Кеудесiне сыйдырғанша даланы, Айырғанша ақтан бөлiп қараны, Талай өзен тасып өтер, бәлкiм, талай ғасыр өтер»,-деген еді-ау. Ғасырлар өтті талай. Жеті ғасырдан астам уақыт сырғып өтті... Бірақ жеті ғасыр өтсе де, Қайыр ханның бірде-бір тас мүсіні жоқ. Алты ай бойы елі мен жері үшін алысқан батырға алты ғасыр өтсе де, ескерткіш орнатпағанымыз сүйегімізге таңба емес пе? Елімізге сырттан келгендердің бірі: «Оу, қазақ, Қайыр ханнан тасыңды аядың ба?» десе, қай бетімізді айтамыз? Өскелең ұрпақ: «Қайыр ханның түрін білмеймін» десе жазғыра аламыз ба? Бәрінен бұрын қасық қаны қалғанша қазақ үшін жан алып, жан беріскен тұлғаның қадірін қанша ғасыр өтсе де, білмей келе жатқанымыз өкінішті-ақ...
- Қайыр хан
- Шыңғыс хан
- Отырар