Қ.Айтөреев Шардараға қайта бара ма?
Қаншалықты рас, өтірігін қайдам, ел аузында «Хатшылықтан босаған ОҚО мәслихатының депутаты Қамытбек Айтөреев бұрынғы лауазымын аңсайтын көрінеді. Оның үстіне Шардара ауданы әкімінің орны да біраздан бері бос тұр, соған тағайындалуға қам-қарекеті бар сияқты» деген әңгіме жүр.
Алыпқашпа сөзге құмарлардың айтуынша, ол тіпті бұл мақсатына жету үшін өзі бұрыннан етене жақын араласатын, облыста әжептәуір абыройы бар үзеңгілес танысын араағайындыққа салыпты-мыс. Қазір екеуі егіз қозыдай бір-бірінен ажырамай, «Бұл мәселені қалай оңтайлы шешсек болады. Облыс әкіміне қалай жеткіземіз?» деп, терең ойға шомып жүргенге ұқсайды. Бірақ әлгі «авторитетный» кісінің Қ.Айтөреевті Шардараға әкім етіп қайтаруға қауқары жетер ме екен? Шағалалы аудандағы әкімді бөтелкемен ұру оқиғасы да жұртшылықтың есінен шыға қойған жоқ. Нақ осы шатақ тірліктің ақыры Қ.Айтөреевті жылы орнынан қозғаған жоқ па еді?! «Енді барса, елге не дер екен?» деп алаңдап отыр жергілікті жамағат.
Айтпақшы, түнеугүні аталмыш ауданға басшы болудан біраз шенділердің үмітті екенін айтып едік қой. Үміткерлердің қатарына облыстық тағы бір басқарманың басшысы қосылыпты-мыс. Өзі «бейтарап» көрінеді...
- ҚАйтөреев
- Шардара
- қызық ақпарат