Алматының миллионыншы тұрғыны Астананың миллионыншы тұрғынын құттықтап, тілек айтты
Алматы қаласының миллионыншы тұрғыны Бауыржан Қадырсызов Астананың миллионыншы тұрғыны Саида Мұхамедиярға ұзақ та қызықты өмір тіледі, деп хабарлайды BNews.kz.
«Саида ең бақытты, сұлу әрі ақылды қыз болғанын тілеймін. Ол барлығына үлгі болсын, өйткені ол – елорданың бейнесі. Ал қыз бала қашанда мейінбандықтың, қамқорлықтың үлгісі саналады.
Бауыржан Дәулетұлы Қадырсызов 1981 жылы 19 желтоқсанда төртінші перзентханада құрылыс саласында еңбек ететін Дәулет және Гүлнәзия Қадырсызовтардың отбасына дүниеге келді. Осынау қуанышты сәтке байланысты қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы отбасына ізгі тілегін білдірген болатын:
«Бауыржан деп атын қойған сәбиге батамды беремін. Дені сау, нағыз жігіт болып өссін. Ұлы Отанымыздың мықты азаматы болуына шын жүрегіммен тілектеспін», – деген еді.
Өмірге келген ұл балаға сол кезде «Алматы қаласының миллионыншы тұрғыны» деген алқа тағылып, қаланың символикалық кілті табыс етілді.
Бауыржан өзінің миллионыншы тұрғын болғанынан аздап қысылатынын айтады, сондықтан жұртқа жария ете бермейді.
«Мен қарапайым жігітпін, ешқандай сый-құрметті талап етпеймін. Мені сүйікті қаламның миллионыншы тұрғыны ретінде емес, осы қалпыммен қабылдағандарын қалаймын. Ал қаланың кілтіне келер болсақ, ол Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар музейінде сақтаулы», – деді ол.
Айта кетейік, биыл 4 шілдеде сағат 01:00-де Астанадағы №1 перинатальдық орталығында өмірге қыз бала келді. Елорданың миллионыншы тұрғыны атанған сәби – №9 «Нұршашу» ясли-бақшаның тәрбиешісі Арайлым Мұхамедияр мен электр монтері Олжас Мұхамедиярдың тұңғыштары. Миллионыншы тұрғынға Саид есімі беріліп, Астана әкімі Әсет Исекешев бұл отбасыға екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.
- Саида Мұхамедияр
- Бауыржан Дәулетұлы
- миллионный житель Астаны
- милионный житель Алматы
- Астананың миллионыншы тұрғыны
- Астана миллионер қала
- қызық ақпарат
- Корреспондент