ОҚО-дағы мешіт еліміздегі ең көрікті мешіт атанды
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы «Нұғман» мешіті еліміздің ең көрікті мешіті атанды. Яғни, екінші Алла үйі атанып кеткен бұл орын республикалық байқауда оқ бойы озып шықты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі әрбір мешітке, мешіт жұмысына, ондағы қызметкерлерге ерекше көңіл бөліп отырғандығы мәлім. Осыған орай ҚМДБ биылғы жылы «Көрікті мешіт 2016» атты тазалық бәйгесін ұйымдастырды.
Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат - аудан орталықтары мен ауылдардағы мешіттердің деңгейін көтеріп, көрікіндегі сән-салтанатымен қоса, ауласының таза, ретті, көгалды болуы сынды көрсеткіштері бойынша бағалап, әр облыстағы мешіт имамдарының бір-бірінен үлгі-тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру.
Бәйге екі деңгейде өтті. Атап айтқанда, бірінші деңгей - қала, аудан мешіттері деңгейінде өтсе, екінші деңгей ауыл мешіттері арасында ұйымдастырылды. Шара аясында еліміздегі әр өңір 2 деңгейдегі мешіттер арасынан, 1, 2, 3-ші орын алған мешіттерді анықтаған болатын, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
ҚМДБ өз кезегінде арнайы құрылған комиссияның шешімімен өңірлерден келген мешіттердің ішінен республикалық жүлделі орындарды анықтады. Нәтижесінде, аудандық, қалалық деңгей бойынша бірінші орынды Мақтарал ауданы, Жетісай қаласындағы орталық «Нұғман» мешіті алса, ауылдық деңгей бойынша Қазығұрт ауданындағы Үшбұлақ ауылдық мешіті үшінші орынға лайықты деп табылды.
«Көрікті мешіт 2016» байқауының жеңімпаз имамдарына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан үлкен қажылық тарту етіледі.
- ОҚО
- ЮКО
- ОҚО мешіттері
- ЮКО мечети
- корерспондент
- қызық ақпарат