«Соңғы көйлегінді сатсаң да, жұмысшыға жалақы төле»
Мұнай бағасының арзандап кетуі жаһандық қаржылық қиыншылыққа алып келгенін білесіздер. Ешкім де одан тыс қалған жоқ. Бірақ та осы дағдарысты сылтауратып, мұнай компаниялары мен ірі кәсіпорын басшылары жұмысшыларын жұмыстан қуды, жалақыларын кесті, тіпті еңбекақыларын айлап бермей қойды. Бір айлыққа қарап отырған отбасылар қалай жан бағады сонда?!
Таяуда Орталық коммуникациялар қызметінің аймақтық филиалында Ұлт жоспарына қатысты баспасөз мәлихатын өткізген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың алдында осы мәселе көтерілді. Сұрақ қойған журналист: «Жиналыстың бірінде кәсіпкерлерге: «Соңғы көйлегіңді сатсаң да жұмысшылардың айлығын беріңдер» деп едіңіз», – деген сөзін де әкімнің есіне салды.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл сұрақ күн тәртібінен түскен емес.
– Жалақы бермеу, жұмыстан негізсіз қысқарту – әділетсіздік. Сондықтан, оның алдын алу үшін және болдырмау үшін облыстық үшжақты комиссия жұмыс жасайды. Мәселен, жыл басында облыста 665 млн теңге көлемінде жалақы қарыздары қалыптасқаны анықталып, құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жасауымыздың нәтижесінде бұл сома 42 млн теңгеге дейін қысқарды. Бұл бағытта әрі қарай да табанды жұмыс істей береміз, – деді.
Егер компания банкротқа ұшыраса, ол дүние-мүлкін сатса да жұмысшыларға жалақыларын беруге міндетті. Бұған қоса, облыс әкімі жұмысшылар да өз құқығын жақсы білуі тиіс екендігін жеткізді. Өйткені, келісім шартсыз жұмыс істеген жұмысшының құқығын қорғау қиынға соғады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда аймақтағы барлық кәсіпорындармен, нақтырақ айтсақ, 2858 кәсіпорынмен меморандум жасалған. Құжаттың талабы қатаң. Бұдан былай кәсіпорын басшылары жұмысшыларды қысқарта алмайды. Егер, кәсібінде қиындық туындаса, жағдайға байланысты тек жұмыс сағатын қысқартуына болады. Бірақ толықтай жұмысшыны қысқартуға жол берілмейді.
– Былтыр 9 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашамыз деп белгілеп, жоспарды артығымен орындадық. Биыл жаңадан 9342 тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті тұр. Қазіргі мәлімет бойынша жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Ал, облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрап отыр. Бұл республикалық деңгеймен тең. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 4,9%-ға төмендетуіміз қажет. Бұл бағытта халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, – деп сөзін түйіндеді аймақ басшысы.
Жалпы, мұнай компанияларына және басқа да ірі кәсіпорындарға мемлекет осы уақытқа дейін қолдау көрсетті, қазба байлықты игеруге мүмкіндік берді, табысқа кенелуіне жағдай жасады. Ал енді сол жақсылықтың есесін қайтаратын кез келді.
- Мұнай бағасы
- Қырымбек Көшербаев
- Қызылорда облысы
- қызық ақпарат