Лотереядан түскен ақша қайда кетіп жатыр?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Бейсенбi, 3 наурыз 2016

 Кіру / Тіркелу

Лотереядан түскен ақша қайда кетіп жатыр?

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Өркениетті елдерде лотерея қызметі мемлекеттің қатаң бақылауында. Лотереядан түскен табыстың бір бөлігі қайырымдылық шараларына және әлеуметтік жобаларға жұмсалады. Ал бізде қалай? Лотереямен айналысуға 70 мекеме лицензия алғанымен соның тек оншақтысы ғана осы салада толыққанды жұмыс істеп отыр. Және олардың бәрі – жеке ұйымдар. Олардың жұмысы, қыруар қаржыны қайда жұмсап отырғанынан халық мүлде бейхабар. 

«Бізде лотереяға деген сенім жоғалған»

Қазақстандағы лотерея бизнесінің ақша айналымы орта есеппен 5 млрд теңгені құрайды дейді ресми деректер. Оның мүмкіндігі жылына лотерея нарығындағы ақша айналымын 70-100 млрд теңгеден асыруға жетеді деседі. Біздің еліміз лотерея бизнесін бақыламайды. Оған тек рұқсат береді және тіркейді, болды сонымен. Лотерея өткізушілер басқа кәсіпкерлер сияқты салық төлейді. Алайда олар өнім өндірмейді, ешқандай қызмет көрсетпейді.

Бұл салада расымен де проблема көп. Лотерея бизнесінің көлеңкелі тұстарын былтыр мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да сынға алған болатын. Ол лотереялық бизнес деген атпен ойын автоматтарын дүкендерге тізіп қойып, мемлекетке бір тиын салық төлемейтін тұлғалардың жұмысына тыйым салмай, одан да олардың жұмысын заңмен реттеу керек деді. 

«Бүгінде халық лотерея билеттерін алуға қызықпайды, өйткені бұл салада бәрі күңгірт, күмәнді. Жариялылық жоқ. Және бұрынғыдай қомақты жүлде де жоқ. Айталық, АҚШ-та біреу 100 млн АҚШ долларын, сосын күні кеше ғана тағы біреу 365 млн АҚШ долларын ұтып алды. Ал бізде өкінішке қарай лотерея қызметіне деген сенім жоғалған. Қазақстанның қалыптасу кезеңінде біз ол сенімнен айрылып қалдық» деген болатын министр.

Лотерея туралы заң 2 жылдан бері қабылданбай отыр. Неге?

Аталған саланы реттейтін Заң жобасы 2014 жылы жасалған. Алайда, арада 2 жыл өтсе де, сол күйі қабылданбады. Өткен жылдың желтоқсанында Парламент «Лотерея және лотерея қызметін реттеу туралы» заңды әлі піспеген деген сылтаумен тиісті Комитетке қайтарды. 

Бұл заң жобасының артықшылықтары неде? Ең бастысы – ол лотерея өткізу ісін әлеуметтік бағытқа бұру. Ол не деген сөз? Лотореядан түскен табыс көпшілік спортты, оның ішінде балалар спортын дамытуға, еліміздің түрлі аймақтарында спорттық инфрақұрылым салуға жұмсалады (табыстың 10 пайызы). Ал бұл өз кезегінде лотерея билетін сатып алушыларды ынталандыра түспек. Сондай-ақ бұл заң халықты алаяқтардың әрекетінен қорғайды. Тағы бір ерекшелігі – СМС-лотерея жайлы заңда бір ауыз сөз жоқ. «Сондықтан, оған толығымен тыйым салу керек» деген болатын бір кездегі ҚР спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы. Бірақ, оған тыйым салған біреу бар ма? Теледидардағы сондай СМС-лотерея арқасында бүкіл бір телеарна күнін көріп отыр емес пе? 

Заң жобасының тағы бір талабы – еліміздегі барлық лотереядан түсетін табыс туралы ақпаратты өңдеп отыратын орталық ашуды көздейді. Ал лотерея бизнесімен айналысушылар бұл ұсынысқа қарсы. «Ондай орталықты құрып, жұмысын жүргізіп отырудың өзіне қаржы керек. Бірақ, лотереядан түсетін табыс соншалықты көп емес» дейді олар. Бұл расымен тиімсіз бе, әлде лотереяшылардың кезекті сылтауы ма – ол жағы беймәлім. 

Заңды қабылдауға қоғамда қажеттілік туса да, 2 жылдан бері кезегін күтіп жатуы жоғары жақта оны жақтаушы лобби бар ма деген күдігімізді күшейте түседі.

Лотерея терминалдары адамды құмар ойынға тәуелді етеді

Көлеңкелі бизнестің ең сәтті түрі – осы лотерея. Атап айтқанда лотереялық терминалдар. Заңгер Е. Дүйсенғалиевтің айтуынша, бүгінде елімізде 25 мыңнан астам лотерея терминалдары бар екен, алайда солардың 95 пайызы заңсыз жұмыс істеп тұр. Олар мемлекеттік кірістер департаментінде тіркелмеген. Демек, онда айтарлықтай қомақты жүлде қоры жоқ және ол өз қожайынынан басқа ешкімге ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқ. Прокурорлардың айтуынша, мұндай терминалдардың тәуліктік табысы 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін жетеді екен. Лотерея мен ойын автоматтарының айырмашылығы неде? Расында айырмашылық көп емес. Лотереяға адам белгілі бір жүлде алам деп қатысады, ал ойын автоматтарында онымен ойнайтын адам автоматқа орнатылған алгоритм негізінде ойнайды. Айтқандай, екеуі де адамның бойында құмар ойынына деген тәуелділікті оятады.

Дұрыс жолға қойылса, қоғамға пайдасы көп

Лотерея ісі дұрыс ұйымдастырылатын болса, оның пайдасын бүкіл халық көреді. Бүгінде АҚШ-тағы лотерея бизнесінің жылдық ақша айналымы 30 млрд, Германияда – 6 млрд, Жапонияда – 7 млрд, Испанияда – 6,53 млрд, Италияда – 6,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Италияда лотереядан түсетін табыстың 15 пайызы әлеуметтік қажеттіліктерге, тағы үштен бір бөлігі – мемлекет бюджетіне құйылып отырады. Жоғарыда аталған елдердің барлығында лотерея мемлекет бақылауына алынған және салығын да төлеп, әлеуметтік мәселелерді де шешіп отыр. Айталық, Ұлы Қытай қорғаны лотереядан түскен қаржыға салынған деген дерек бар. Кеңес Одағы кезінде ДОСААФ лотереясы жыл сайын өз табысының 20 пайызын мемлекетке, тағы 20 пайызын қоғам игілігіне аударып отырған. Бір замандағы «Спортлото» лотереясынан түскен табыстың біраз бөлігі 1980 жылғы Олимпиада ойындарына дайындыққа жұмсалғанын тарихтан білеміз. Ал біздің лотерея ше? Оның қызығын көріп отырған жан баласы бар ма? 

Әлеуметтік салаға кәдімгідей қаржы бөлетін, адал жұмыс істейтін лотереяны өткен жылы «Таза ниет – игі іс» Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін қолдау» қоғамдық қоры бастады. Одан түскен қаржы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін, олардың отбасын әлеуметтік қорғауға, жас өскіндерге арналған спорт жобаларын іске асыруға жұмсалуда. Бастапқы үш айдың өзінде бұл лотереядан түскен 4 млн 900 мың теңге қайырымдылық мақсаттарына аударылған. 

Демек, лотерея ойнату жүйесін әділ әрі жария түрде құратын болсаң, одан табыс табуға да, бюджетке айтарлықтай пайда түсіруге де болады. Ең бастысы – сан алуан әлеуметтік мәселелерді шешуге жол ашылар еді. Оны аталмыш қор өз ісімен дәлелдеп отыр. Алайда, бұл бір ғана мысал. Оның үлес салмағы теңізге түскен тамшыдай ғана. 

Ұзынқұлаққа сенсек, лотерея ойындарының тікелей эфирде жүргізілетіні де жалған көрінеді. Одан бөлек, лотереяның негізінен елдегі дағдарыс кезінде ойлап табылатыны жайлы да жиі естиміз. Лотерея ойынында біреу ұтылып, біреу жеңіп жатады. Бірақ, жеңімпаздардың аты-жөні көп жағдайда жасырын күйінде қалады. Соған қарағанда қазақстандық лотереялардың ұтыс иелері туралы ақпараттар жаңа клиенттерді тартуға негізделген жай ғана акция сияқты. Міне, қомақты жүлденің иегері жайлы мәлімет ашық айтылмайтыны және сол жүлденің апта сайын емес, 2-3 айда бір рет қана біреуге бұйыратыны бұл салаға деген күмәнді қоюлата түседі. Заңмен реттелмейтін, бейберекет жұмыс істейтін лотереяның бізге жалпы қажеті бар ма? Қоғамға да, мемлекетке де көк тиын пайдасы жоқ салаға неге заңмен тәртіп орнатып немесе мүлде көзін құртпаймыз?

P.S. Ата-анамыз өмір бойы Бинго, Қазлото билеттерін сатып алумен әуре. Алайда, бірде-бір рет ұтысқа ие болған емес. Өкініштісі, ондай адамдар айналамызда өте көп. Сонда да үміттерін үзбейді. Ал оңай табысқа дәніккен қулар адамның осындай осал тұсын пайдаланып, ақша тауып отырған сияқты. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Зейнеп Ахметова: "Шаншар" театрының әйел болуға әуес жігіттерінің іштерінде бір бәле бар" (видео)

Жазушы, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова   елді күлдіремін деп, талай нәрсені бүлдіріп жүрген әртіс еркектерді қатаң сынға алды. Соның ішінде жігіттердің әйел болуға әуес болып бар...

Korrespondent.kz Қоғам

ОҚО әкімі лезгинка биін билеп, жұртшылықты Алғыс айту күнімен құттықтады (фото+видео)

Бүгін республика бойынша тұңғыш рет Алғыс айту күні кеңінен атап өтілді. Аталған датаға орай оңтүстікқазақстандық жамағат «Түркістан» сарайы ғимаратының алдына жиналды. Онда түрлі ұлттың мәдени орталы...

Korrespondent.kz Қоғам

Шымкенттік журналист Назарбаевтан уәдесінде тұруын сұрады

Әділетсіздіктен әбден шаршап, қазақ тілі үшін шырылдаған шымкенттік журналист Елбасыдан араша сұрады. Бұл туралы sn.kz жазды. Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінде де қазақшаға орыс тілінде ж...

Korrespondent.kz Қоғам

Елбасы әріптестерінен кешірім сұрады

Бүгін елімізде алғаш рет Алғыс айту мерекесі аталып өтілуде. Айтулы күнге орай Астанада өтіп жатқан мерекелік шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Ол қазақстандықтарды осынау мейр...

Korrespondent.kz Қоғам

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter