Біздің зауыттар жабылу үшін ашылатындай
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Біздің зауыттар жабылу үшін ашылатындай

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Өндіріс орындарының ел экономикасы үшін маңызы зор. Ол дегеніңіз – бюджетке келіп құйылып жатқан салық, екіншіден – қарапайым халықтың еңбекпен қамтылуы. Қала берді, экспортқа шығып я болмаса еліміздің өз ішіндегі тұтынушы қызығын көрер сапалы әрі арзан отандық өнім. Сондықтан да, елімізде бір кәсіпорын ашылса, балаша қуанамыз.

Қазақстан бірінші индустрияландыру бесжылдығын сәтті қорытындылады. Бірінші бесжылдықтың аясында 800-ге тарта жаңа жоба іске қосылды. Өткен жылдың өзінде 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды. 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Осының нәтижесінде Қазақстан экономикасы өзінің шикізаттық бағытынан енді өнімдерді өңдеу бағытына қарай бет бұрды. 

Алайда, кей жобалар ашылмай тұрып жабылып жатқаны да жасырын емес. Олардың ашылуының өзі көзбояушылық секілді көрінетіні бар. «ТМД-да теңдессіз, елде баламасы жоқ өнім шығарады» деп мақтанғанда ханға сәлем бермей кететініміз бар. Бірақ сол жабылып қалатын зауыттар көбінде елде жоқ нәрсені шығаруға құмар болып шығады. Мысал керек пе? Айтайық. Қарағандыда сүйіншілеп ашылған «ҚазАвиаСпектр» зауыты еліміздегі ұшақ шығаратын жалғыз зауыт, көзіміздің қарашығындай көретін теңдессіз кәсіпорын еді. Ақыры қайта жабылып тынды. Ашуға сіз бен біздің миллиардтаған ақшамыз кеткен зауыт, ең болмағанда, бір ұшақ құрастыра алмаған соң бүгінде қарызға белшеден батып отыр. О баста жылына 36 әуе кемесін өндіруді жоспарлаған болатын. 2011 жылдың қараша айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен ашылған зауыт «Фермер» ұшағын бұдан былай шығармайтын болды. Өйткені, жасалған сызба-нұсқалардан өрескел қателік жіберіліп, серіктестер арасындағы келісімшарт бұзылыпты. Кесірінен, даулы іске араласқан жергілікті билік жұмысы жанбай жатып, тоқтап қалған зауыттың орнына өзге кәсіпорын ашуды көздеп отыр. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжановтың айтуынша, енді мұнда көліктік-логистикалық кешен ашылуы мүмкін. Ол үшін инвестор тарту керек. Соңғы жылдары тек қарыз қайтарумен әлек болған Қазақстандағы жалғыз ұшақ зауыты өз жұмысшыларына да берешек екен. Өндіріс басшылығы қазан айынан бастап онға жуық қызметкерді ақысыз демалысқа жіберіпті. Ал маңдай терлерімен тапқан жалақыларын сот арқылы өндіруге кеңес берген. 125 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған зауыт «ҚазАгроҚаржы» ұлттық холдингінен 846 миллион теңгелік несиені жеңілдікпен алған еді. Құрылысы бір жыл жүргізілген өндірістің жұмысына 1 миллиард 450 миллион теңге бюджет қаражаты да жұмсалды. 

Бір заманда ұшақ қана емес, көлік те шығара аламыз деп кеудемізді соқтық. Нәтижесі – «Тұлпар» автомобиль зауыты. 1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстік кореялық LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі – «Тұлпар» автокөлігін жасау және жылына 40 мың данасын шығару жөнінде уағдаласқан. Жобаға салынуы тиіс 1 миллион АҚШ долларының 60 пайызын Қазақстан қаржыландырмақ болған. 1997 жылы наурыз айында зауытқа президент Нұрсұлтан Назарбаев келді, келесі айда шыққан алғашқы «Тұлпар» Қазақстан президентіне сыйға тартылды. Ал, 1998 жылы зауыт жабылды. 

2006 жылы күзде Солтүстік Қазақстан облысында «Биохим» зауыты ашылды. Жоба құны - 88,6 миллион АҚШ доллары. «ТМД көлемінде теңдесі жоқ» деп сипатталған бұл кәсіпорын жылына 57 мың тонна биоэтанол, 19 200 тонна балауыз, 24 мың жем-азық ашытқысы, 25 600 тонна көмірқышқыл газы, 58 мың тонна ұн, 50 мың тонна кебек өндіреді деп жоспарланған еді. Өнімнің 30 пайызы Қазақстанда, 70 пайызы сыртқы нарықта сатылмақ болған. 300-ден астам адам тұрақты жұмыс істеуі тиіс болатын. 2012 жылы ол да алдыңғы зауыттардың кебін киді. 

Бәрінен қызығы – Ақтаудағы планшет шығаратын зауыт. “Аққу” зауыты 2011 жылдан берi планшет, монитор мен теледидар өндiруi тиiс едi. Маңғыстау облысындағы аса маңызды инновацияық жоба ретiнде таныстырылған “Аққу” зауыты жылына соңғы үлгiдегi 67 мың 760 дана планшет, 40 мың 414 теледидар және 43 мың 560 монитор шығарады деп хабарланған. Алайда зауыт отандық өнiм өндiрудiң орнына Қытайдан дайын өнiм алып, оны Қазақстанда “Аққу” маркiсiмен сатқан. Ендi тергеумен айналысып жатқан Маңғыстау облысының қаржы полициясы бұл зауыт әуел бастан мемлекеттiң қаржысын алаяқтықпен жымқыру мақсатында құрылған деп мәлiмдедi. Қаржы полициясының есебiнше, алаяқтықтың кесiрiнен мемлекетке 200 миллион теңге көлемiнде залал келген. 

Айта берсек, мысал аз емес. Енді солардан не қалды? Ештеңе. Атын соншама дабырайтып, затын ұқсата алмадық. Одан да дәретхана қағазын немесе жай сіріңке, киім-кешек шығарсыншы, сұраныс та, қажеттілік те бар. Жо-жоқ, атамаңыз! Біз инновациялық дүние шығаруымыз керек. ТМД-да теңдессіз, әлемде баламасы жоқ пафосқа құрылған дүниелер ғана біздің атымызды шығарады. Оның соңы аты өшіп, құрдымға кетіп, жабылумен тынады. Бәрінен де жұмыспен қамтылады деп күткен ағайыннан обал. Басқа елдің қылы да қисайған жоқ.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter