Уильям Шекспир – №1 жазушы
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Уильям Шекспир – №1 жазушы

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Стратфорд... Аядай қаланың атағы ұлы драматургті өмірге әкелмесе мұншалықты аспандар ма еді, кім білсін?! Өз елінде «ақын» деп аталғанымен, атын әлемге әйдік еткен оның пьесалары болатын. Өмірі мен шығармашылығына келгенде сұрақ белгісі көбі былай тұрсын, өзі сұрақ белгідей көрінетін Уильям Шекспирдің тағдыры кім-кімді де қызықтырмай қоймас. Ағылшын әдебиетінің зиялысын бүгінде жер жүзі классиканың атасындай ардақ тұтады. Драматургияға сіңірген сансыз еңбегін сөз еткен француз жазушысы Андре Маруа мәдениет тарихындағы үш ұлы жазушының алғашқысы деп Шекспирді мойындаған еді. Олай болса, сол әлем әдебиетіндегі «нөмірі бірінші» жазушы туралы өзекті дүниелерді бөлісейік...

Шекспир өзі өмірде болған ба, жоқ па?

Осыдан 400 жыл бұрын 23 сәуірде көз жұмған Уильям, содан 52 жыл бұрын нақ сол күні Эйвон өзенінің бойындағы Стратфордта туылған. Былайғы жұрт түгілі, кезінде бірде-бір қолжазбасы сақталмаған жазушының өмір сүргеніне зерттеушілердің көбі күмәнмен қарады. Тіпті оның пьесаларын І Елизавета патшайым, яки философ Фрэнсис Бекон, драматург Кристофер Марло сынды тұлғалар «Шекспир» деген лақап атпен жазған десті. Небәрі жеті жылдық білімімен-ақ бүгінде әлемді мойындатқан драматург 7 жасында грамматикалық мектепке барып латын, көне грек тілдерін үйренген. Ол Джон Шекспир мен Мэри Арденнің он баласының үшінші перзенті. Өзінен үлкен екі әпкесі шақалағында шетінеп кеткен соң Уильям олардың тұңғышы есебі еді. Оның шығармашылығын сынайтындардың дені әкесі кедейленген соң оның мүлде білім алмағандығын алға тартатын. Оған қоса саусақпен санарлықтай ғана жыл оқыған оның сөздік қорының 15 мыңға жетуі талайдың таңданысын тудырмай қоймады. Өйткені Гюго, Гете және Тэндердің өзінің сөздік қорлары 9 мыңдай болатын. Сондай-ақ ағылшындардың өзі шамамен 12000-20000 аралығында сөз білетін болса, Шекспир шығармаларында 30000 сөз қолданылған.

Стратфордқа гастрольмен келетін әртістердің дені кедейленбей тұрып, осы ауқатты отбасы Джонның үйіне түсетін. Сондықтан 4 жасынан бастап он жыл бойы қонақкәдеге қанығып өскен Уильямның отбасында әдебиет пен тарихқа жақын ешкім болмаса да, театрға деген айрықша қызығушылықпен есеюі заңдылық еді.

Мұрагері жоқ әке

18 жасында ауқатты фермердің қызы Энн Хесуэйге үйленген Уильям жиырмасында үш баланың әкесі атанады. Оның әйелі өзінен 8 жас үлкен болған. Оның он сегізінде тұңғыш қызы Сьюзен өмірге келсе, екі-үш жылдан соң егіз ұл-қызы Джудит пен Гамлет туылады. Бірақ, ең өкініштісі, 11 жасында Гамлет қыршын кетіп, Шекспир әулеті мұрагерсіз қалады. Зерттеуші Николас Роудың айтуынша, 23 жасында Уильям Томас Люсидің меншігіндегі қорықта заңсыз аң аулағаны үшін қудаланған. Осыған қатты ызаланған Уильям одан өшін алу үшін алғашқы шығармасын жазады. Оның балладасына арқау болған оқиғаны айқын көрсеткені сондай, оны Томас қатаң жазалауға кіріседі. Содан соң Лондонға қашып кеткен ол туралы кей жерде жасы үлкен әйелімен тіл табыса алмай кетіп қалғандығы айтылса, ал кей деректерде отбасын асырау үшін кеткені көрсетілген. Зерттеушілер жазушының қалай өткергені беймәлім «есіл жылдар» деп атаған жеті жылын Лондондағы театр труппасында қызмет етуге жұмсаса керек деп шамалайды.

Бай-манаптарды «мақтап» үйлі болған ба?

1592 жылы Лондонды оба жайлап, театрлар жабыла бастады. Осы тарауға шақ тұрған труппалар шекара асып күнкөрістің қамымен ел-жер кезіп кетті. Бірақ ұлы жазушы үшін бұл екі жыл шығармашылығының шыңдала түсіп, поэма, сонет жанрларына алғаш бет бұруына сеп болды. Осылай отызға аяқ басқалы тұрғанында қос поэмасы «Венера және Адонис» пен «Лукрецияны» ауқатты ақсүйектердің қолдауын иемдену үшін 19 жасар Саутгемптонның графы мен Генри Риасеслейге арнайды. Өзінің бай-бағландар арасынан оқырмандар тапсам деген ниетіне жетіп қана қоймай, графтың қаржылай қолдауын да иемденді. Оның тірісінде жарық көрген 154 сонеттен тұратын жинағындағы 126 сонеті өзінің досына арналған деседі. Зерттеушілердің ойынша, оның досы осы граф Саутгемптон болса керек. 

Осы жылдары ол «Екі верондық», «Асауға тұсау», «Генрих алтыншы», «Тит Андроник», «Ричард үшінші» мен «Қателіктер комедиясын» дүниеге әкелді. Ал 1594 жылдың көктемінде індеттің ізі жойыла бастаған соң Джеймс Бербедждің басқарған театрында драматург, актер сынды қызметтерді атқарды. Осы кезеңдегі трагик Ричард Бербедж бен комик Уильям Кемп, драматург Уильям Шекспир сынды үштіктің арқасында Англия патшайымы мен қала ақсүйектерінің өзі көрерменге айналып қана қоймай, театрға мол табыс та түсті. Стратфордта қол ұшын созуға мұқтаж отбасы мен әкесі қалған Шекспирдің қаржы табуға құлшынысы оны атақ-абыройынан айырған жоқ. Керісінше осылай тынымсыз еңбектенген ол аз уақытта ақша жинап, 33 жасында Стратфордтан үлкен кірпіш үй сатып алған. Әйтсе де ол: «Менің айналамда көріп отырғанымның бәрі де жексұрындық»,-деп те көп нәрсеге көңілтолмастығын жазған.

«Пьесаның екі бірдей түрінен де өте жоғары қабілетті драматург»

Атақ-даңққа ұмтылыс танытпаған оның аты алғаш рет пьесаларының мұқабасына «Махаббаттың мәнсіз машақаты» комедиясынан бастап шыға бастады. Ал мұнан бір жыл өткенде әдебиет пен театр сыншысы Фрэнсис Мерез «Ақыл қазынасы» кітабында Шекспирге: «Пьесаның екі бірдей түрінен де өте жоғары қабілетті драматург, яғни трагедия мен комедияның тізгінін тең ұстаған қаламгер»,-деп баға беріп, оның он пьесасын атап көрсетті.

Отыз беске келгенінше бүкіл труппасымен бірге қуғындалып, түрмеге тоғытыла жаздап, патшайымның өзі араша түскен «Ричард екінші» пьесасын, сондай-ақ «Генрих төртінші», «Генрих бесінші», «Джон патша» хроникалары мен «Жеміссіз махаббат», «Дуалы түнгі думан», «Венециандық көпес», «Он екінші түн» комедияларын жазған ол «Ромео мен Джульеттаны», «Юлий Цезарьды» да өмірге әкелді. Сол кезден бастап Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болды. Қырық жетісінде актерлікті біржола қойған ол түпкілікті труппаның негізгі драматургі қызметіне кірісті. Осыдан бір жыл өткенде ол өзінің туған жеріне оралады.

Шекспир кейіпкерлері тағдырдың құрбандары емес!

Оның әйгілі «Отеллосындағы» Маурицио Отелло расымен де Шекспир заманында Италияда өмір сүрген. Бірақ ол ақ нәсілді, италиялық теңіз капитаны екен. Ал оның «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» трагедиялары қайырымдылық пен әділеттілікті аңсаған адамдардың аяқасты болған арманының көрінісі. Махаббат пен достықты, адалдық пен ерлікті кейіпкерлері арқылы жеткізуге тырысқан жазушының шығармалары болмашыға морт сынып, тағдырдың құрбаны болатын емес, қиындықпен күресуге қабілетті кейіпкерлерге толы. Әйткенмен олардың қауқары әлемді өзгертуге жетпейтінін автор анық жеткізген.

Мәңгілік тақырыпқа айналған махаббатты ол «Ромео мен Джульеттада» көрсетсе, кез-келген еңбегіне ұрпақтар арасындағы тайталас пен патшалық билікпен талас-тартыс турасындағы мәселелерді арқау етті. Мысалы, «Король Лирді» алайық. Өзі бас тартқан билігін үш қызына бөліп берген алжыған шалдың харекеті кім-кімді де ызаландырады. Патшаның ойланбай жасаған қадамының кесірінен бірі ары, бірі бері тартқан ағайындылардың мал-араздығының зардабын қарапайым халық тартады. «Гамлетте» ше? Онда жақын жандардың сатқындығы мен кек алуы жөнінде жазылса, «Венециялық көпесте» дүниеқоңыздық пен ашкөздікті бойына жиған адамдар туралы айтылған. Ал билік, яғни тақ үшін қолын қанға малған «Макбеттің» өзінің түбіне өзі жетуі ше? Бір сөзбен айтқанда оның шығармаларындағы ауқымды тақырыппен қатар ауыр тағдырлы кейіпкерлердің қатар жүретінінің дәлеліне осы бірнеше мысалдардың өзі жеткілікті болса керек.

Сауатсыз ба еді?

Әдебиетсүйер қауым ХVІІІ ғасырдың ортасында классик деп таныған Уильям Шекспирдің шығармаларын ғалымдар неге жөндеді? Ол соншалықты сауатсыз ба еді? Англиядағы ең бірінші кітап жарық көрген соң 90 жылдан кейін туылған Шекспирдің кітаптың әріптерін теру мен басуда жаңылуы заңдылық емес пе? Өйткені оның кезінде ағылшын тілінің нормалары мен грамматикалық ережелері қалыптаса қоймаған еді. Орфография да солай. Қолжазбадағы қаріптерді терушілер түсінгенінше тере беретін. Оны өзінің қал-қадерінше жеткізу оларға үйреншікті жайт еді. Шекспирдің тірісінде оның пьесалары осылай жарық көрді. Ол кезде театрлар оның пьесаларын баспагерге сататындықтан оның теруілуі мен басылуына тұмсығын сұғу құқығы жазушыға берілмейтін. Шекспирдің де 37 пьесасының 19-ы осылай басылған. Сондықтан оны бертін келе қайта басқанда грамматикалық қателерін жөндеуге едәуір күш жұмсалды.

Кебінге оралған мәйіт

Стратфордқа келген Уильям Шекспир жаңа жанрға ден қойып, төрт жылда «Цимбелин», «Қысқы ертегі», «Дауыл» сынды трагикомедияларын жазды. Ал ол ойнаған «Глобус» театры 1613 жылы өртеніп, бір жылдан кейін қайта салынады. Содан соң барып онда Шекспирдің аталмыш жаңа пьесалары сахналана бастайды. Шығармашылық жұмысынан өле-өлгенше қол үзбеген ол өмірінің соңында балалары мен жақындарының жанында болады. Бір деректерде ауыр дертке шалдыққан делінген болса, кейбірінде оның қызы Джудиттің тойында шамадан көп ішімдік ішіп уланғанын айтқан. Осылай елу екіні еңсеріп, театр тарихына қырыққа жуық пьеса енгізген драматург өзі туылған күнінде көз жұмып, Стратфорд шіркеуіне жерленді. Ең қызығы, мәйіт табытқа емес, кебінге оралып көмілген көрінеді.

Өзі кетсе де...

Қаншама ғасырлар өтсе де бүгінгі ұрпақ Уильям Шекспирдің есімін жазбай таниды. Оның ғасырлар керуенінің көшімен ілесіп келе жатқан шығармалары сан ғасырдың сарқыншағына айналмай, керісінше алдыңғы қатардан ойып тұрып орын алуын доғарған емес. 2000 жылдары Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Санкт-Петербургтен келген режиссер Юрий Александров біраз спектакльдер, бертін келе 2008 жылы «Отелло» операсын қойды. Сондай-ақ, Шекспир шығармалары бойынша жазылған «Вестсайд тарихы» және «Сүйші мені, Кэт» атты мюзиклдері Қарағандыдағы театрларда қойылып жүр. Ғалымдардың пайымдауынша, әлемде Шекспирдің 37 пьесасының желісімен жазылған жиырма мыңға жуық музыкалық шығармалар бар. Бұл, әрине, тек опера емес. Бүгінде оның «Король Лир», «Макбет», «Отелло», «Ромео мен Джульетта» секілді туындылары үлкен сұранысқа ие. Ал оның қазақ тіліне аударылған пьесалары еліміздің көптеген театрларында қойылып келеді. Стратфордта Шекспирдің ағаштан тұрғызылған ескі екіқабатты музей-үйінде оның көне кереуеті де сақталған. Бір сөзбен айтқанда, ол туылған үй де, ол туыстарымен жерленген шіркеу де музейге айналған.

Бас сүйегін кім ұрлады?

Өткен айда шетел БАҚ-тары Шекспирдің бас сүйегінің жоғалғаны туралы ақпарат жариялады. Британдық архелогтардың мәліметінше, оның қабірін электромагниттік радармен сканерден өткізгенде мәйіттің бас сүйегі жоқ болып шыққан. Бұған қатысты ұрлағандар драматургтің данышпандығын зерттемек болса керек деп болжам жасауда. Ал өткен аптаның соңында Уильямның тұңғыш пьесалар жинағы табылғаны туралы жақсы жаңалықты естідік. Шотландиядан табылған туынды 1623 жылы жарық көріпті. Оксфорд университетінің мамандарының айтуынша, жинақта 36 пьеса бар. Олардың тең жартысы бұрын еш жерде жарияланбаған көрінеді.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі әлем әдебиеті, оның ішінде ағылшын әдебиеті Шекспирге мұқтаж ба? Оны оқырман саралап алары анық. Әйткенмен бүгінгі әлем театрлары оның драматургиясын қанша ғасыр жылжыса да қажетсіне түсетіні анық секілді...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter