«Жастар практикасы» бойынша құжат қабылдау науқаны басталды
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Дәл қазір кез-келген мекеменің есігін қағып, дипломыңызбен қызметке орналасу қиынның-қиыны. Сондықтан да болар, елімізде оқу орнын бітіргенімен, құжатсыз-ақ істеуге болатын жұмыстарға жалданып жүрген жастар жетерлік.
Расын айту керек, мемлекет тарапынан жастарға қолдау боларлық бағдарламалар жоқ емес. Соның бірі – «Жастар практикасы». Қаңтар айында жастарды жұмыспен қамтуға кіріскен бағдарламаның жай-жапсарын білу үшін таяуда Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы мен жастар орталығына сауалдар жолдаған болатынбыз. Сол сауалдарға берген жауаптарымен таныстыра кеткіміз келді.
Биыл өңіріміздегі жастар тәжірибесіне қатысушылардың құжаттары 5 қаңтардан бастап қабылданды. Ал оларды жұмыс ұсынған мекемеге жіберу жұмысы 20-қаңтарда жүзеге асқан болатын. Азғантай уақыттың ішінде ендігі 800-ден астам жасты практикаға жолдап үлгерген жұмыспен қамту орталығы биыл бағдарлама аясында 2070 азаматты жұмыссыздықтан құтқаруды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, мекемеде жолдамалар беру жыл соңына дейін жалғасады.
«Жас келсе іске» деген бар. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша өткен жылы 653 азамат жұмысқа жіберілсе, оның 523-і сол мекемелерде тұрақты қызметке қалған. Бағдарламаның «Жастар практикасы» деп аты айтып тұрғандай оған қойылатын талаптар мен шектеулер де жоқ емес. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылатын жобаға 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Сондай-ақ, мұндай құқылылар қатарында балалар үйінің тәрбиеленушілері, тұл жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен 2013-2015 оқу жылдарының түлектері де бар. Ал «Жастар практикасы» барлық салалар бойынша мамандарды жұмыспен қамтамасыз ете алады ма?
Мұнда құжаттарын тапсырған жастар еңбек нарығындағы мамандықтардың сұранысына сәйкес жұмыспен қамтылады. Жастар тәжірибесіне әр жылдың 10 қаңтарына дейін мекемелерден мамандарға өтінімдер қабылданады. Сол мекемеге келіп түскен өтінімдерге сәйкес азаматтар қажетті мамандарды талап еткен орындарға жіберіледі.
Өткен жылы «Жастар практикасының» жұмыс жасауына мемлекеттік бюджеттен 114,4 миллион қаржы бөлінсе, биыл 474,171 миллион қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақылары мамандықтарына қарамастан бірдей мөлшерде бөлінеді. Өткен жылы жастардың айлық жалақысы 35 676 теңге болса, биыл әр азаматтың айлығы 38 178 теңгені құрап отыр.
Ал енді қажетті құжаттардың талабына тоқталатын болсақ, қолында дипломы бар жас маман міндетті түрде ең алдымен қала тұрғыны, яғни жергілікті жерде тіркелген болуы тиіс. Мұнан бөлек жеке куәлік пен дипломның көшірмесі қажет. Алайда жастар практикасынан бір рет өткен болса, ол екінші рет бұл бағдарламаға тек басқа мамандықты тәмамдаған құжаты болған жағдайда ғана қатыса алады. Жоғары білімі бар маман осылайша уақытша жұмысқа орналастырылып, жолдама алған мекемеде 6 ай бойы білімі мен біліктілігін, белсенділігі мен жауапкершілігін көрсетуі тиіс. Бұл бағдарлама – маманның әрмен қарай тұрақты жұмысқа қабылдануына берілген мүмкіндік. Ал осы мүмкіндікті жастардың ұтымды пайдалануын «Жастар орталығы» өз назарында ұстайды, яғни «Жастар практикасымен» жұмыс жасап жатқан азаматтармен үнемі байланыста болады. Осылай өздерінің сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалуына атсалысады. Ағымдағы жылы аталмыш орталық практикаға қатысушы азаматтардың 70-80 пайызын тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Орталық түлектерді кәсіпорындарға жолдаумен ғана шектелмей, 6 айда тұрақты жұмыста қалмағандарды еңбек нарығындағы бос орындарға қайта ұсынады. Демек бұл бағдарлама бойынша жұмыс іздегендердің дені жұмыспен қамтылады деген сөз. Ең маңыздысы, жастардың басым бөлігі мемлекеттік мекемелерді таңдап, сонда түпкілікті қалуға барын салады. Сан сала мамандарының ішінде медицинаға бет бұрғандар басым. Яғни, қазіргі таңда бағдарламаға облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен білім саласы, әлеуметтік саладан басқа облыстық сот, прокуратура тарапынан сұраныс мол екен.
Жас ұрпақтың ең негізгі бас қатырар мәселесі – жұмысқа орналасу екені айтпаса да түсінікті. Алайда, екі қолға бір күрек іздеген кезде табыла кетпейді. Әсіресе, оқуды күні кеше аяқтаған тәжірибесіз маманды көп жерде қабылдамайды. Осындай тығырықтан шығып, өз мамандығымен жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін «Жастар практикасын» жастар тиімді пайдалана алса игі...
- жастар практикасы
- құжаттар
- диплом