Арыстанбектің абыройы неге сонша төгіле береді?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Арыстанбектің абыройы неге сонша төгіле береді?

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Арыстанбектен абырой кетті. «Киноға бөлінген ақшаны қымқырып қалды» деген айыптан ақталып үлгермей жатып оған тағы бір кінә тағылды. Бұл жолы ауыр айып. Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры болып тұрған кезінде Мұхамедиұлы студент қыздарға қырғидай тиген бе деп қаласың. Ал, бұл мәлімдемелерді «арнайы тапсырыс» деген жоғары лауазым иелерінің өзі ойланып қалған сыңайлы. Өйткені, биліктің жоғарғы эшелонындағы кез келген тұлға тапсырыс құрбаны боп кетуі ықтимал.

Мешін жылы Арыстан үшін ауыр болды. Арыстан болғанда аң патшасы емес. Өзіміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын айтам. Бүкіл жан-жануардың ішінде ең көңілдісі, әрі өнерлісі саналатын маймыл жылы басқа-басқа мәдениет қызметкерлеріне жайлы келсе керек-ті. Жоқ. Олай болмады. Басқасын қайдам, осы саланың басшысының жыл басталғалы басынан дау арылмай-ақ қойды. Бәрі көктем шыққанда, табиғатпен бірге адамның сезімі де оянғанда басталды. Алдымен Астанадағы «жалаңаш» арудың ескерткіші біраз адамның назарын өзіне аударды. Елорданың ортасында тұрған мүсіннің іш киімі жоқ екенін жұрт пәленбай жылдан соң барып байқапты. Бұл бүршігі ғана екен. Сол кезде мәдениет министрінің төбесіндегі түйіршік-түйіршік ақ бұлттардың түнеріп, арты дауылға айналарын ешкім де болжамаған болатын. Бар гәп құс келерде басталды. Мамыр айында қоғамда қызу талқыланып жатқан білім реформасына Мәдениет министрі Мұхамедиұлы тоқтау салды. Нақтырағы, жоғарыдан айтылған сөзді қағыс естіп қалған Арекең ағаттық жасапты. Ол ол ма? «Борсық ұрған сайын семіреді». Ал, Арыстанбек Мұхамедиұлы «табалаған» сайын тапқырлық таныта бастады. Білім министрінің бастамасын байқаусызда «бөгеп» тастаған ол артынша аузынан «авария» болды. «Авария» болғанда да жәй өз адамымызға тисе мейлі, ондайдың талайы жабылып кетіп жатыр ғой, Қырғыздың келіншектеріне соқтықты ғой оңбай. Қазақ министрінің Мәскеудің дәретханасына жиі кіретінін сонда біліппіз. Сәйкестік пе, цистит пе, әйтеуір әжетханаға кірген Арыстан ағамыз ол жерді тазалап жүрген айыр қалпақты ағайынның келіншектеріне көзі түсіпті.

Сөйтсек, қыздарға көз салу, тіпті сөз салу оның әдеті екен. Жүргеновті бітіргендер солай дейді. Бір емес, бес «бұрынғы» бойжеткен өнер акдемиясын басқарып жүргенде Арыстанбектің өздеріне қырыңдағанын көпшіліке жайып салды. Оны алдымен сол оқу ордасының түлегі Еңлік Сыдықова жалпыға жария етті. Артынша, танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстан арбаған арулардың баршылық екенін, тек айта алмай жүргенін айтты. Бұл дау тек қоғамды ғана емес, мәдениет майталмандарын да екіге бөліп жіберді. Арыстанның әңгімесі алашқа жік салды. Осы кезде әлдебіреулер оның «сутенер» деген лақабы болғанын да еске алды. Ал, министрдің мәселесі бойынша қоғам өзді-өзі «қырқысып» жатқанда тағы төрт келіншек қызға қырыңдау, төсекке тарту бүгінгі министрдің бұрынғы әдеті екенін жариялады. Тілшінің көзіне тік қараудан қаймықты ма, министр мырза баспасөз хатшысы арқылы ақталып жатты. Ұзынқұлақтан жеткені – өзі Францияда жүр. Айтпақшы, ол жақтың қыздары қырыңдаған еркектің көкірегінен итермейді деп естиміз.

Осы дүрбелеңнің арасында Арыстабек Мұхамедиұлының отставкаға кетуін талап еткен дауыстар да естіліп қалды. Жайшылықта министрлердің апшысын қуырып жатқан «жаңа» Мәжіліс депутаттары министрдің бұл әрекетін айыптаудан қашқақтағаны байқалып қалды. Тіпті мұны саяси тапсырыс дегендер де бар. Оларды үкімет мүшесінің беделіне түскен көлеңке емес, «мұндай әңгіме сонша жылдан кейін айтыла ма?» деген сауал көбірек ойландырады екен. Әрине, ақ қарасын анықтамай, біреуді кінәлаудан біз де аулақпыз. Қала берді, Арыстанның айбаты АҚШ-тың 42-ші президенті Клинтоннан кем бе? Клинтоныңыз қырындамақ түгілі «Ақ үй қызметкері Левинскаямен жыныстары жақындасты» дегенде де қылы қисайған жоқ. Оны да кезінде көре алмаушылардың тапсырысы деді.

Байқасақ, бізде ірі сот процесстері «қарсыластар жасаған подстава» айдарымен өтеді. 14 жылға сотталған ЭКСПО-17-нің бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев те өз айыбын сол күйі мойындамай, мұны тапсырысқа балады. Экс-премьер Серік Ахметов сотталғанда да көпшілік солай деді. 2010-да «Қазатомпромның» басшысы Мұхтар Жәкішев 14 жылға кесілгенде де «аяқтан шалу» деді. «ҚазМұнайГаздың» экс-басшысы Серік Бүркітбаев та «қысастықтың» кесірінен кесілген 6 жылының үш жылын отырып шықты. Кеден комитетінің төрағасы Серік Баймағамбетов те «бақталастардың әрекеті» деп байбалам салды. Жақында істі болған журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы да өздеріне таңылған қылмыстық істі күндестіктен көріп, түрмеге кетті. Сонда, Қазақстанда кез келген лауазым иесінің кінәсін табуға болады екен ғой. Егер алдағы уақытта үкімет мүшелері немесе генералдардың бірі сотталып жатса, оған да таң қалмаймыз. Ол да «подстава» болуы мүмкін. Ал, «аяқтан шалған кім?» деген сұраққа айналасындағы адамның қайсысын шұқып көрсетсеңіз де, қателеспеуіңіз мүмкін. Ең бастысы, бас болса болғаны, тағар айып табылады.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Әбдірахымовқа «атака» жасау туралы «заказды» кім берді екен?

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «ОҚО әкімі орынбасарларының бірі Шымкент қаласы әкімінің қызметін сұраған көрінеді» деп жазған едік. Айтып болғанымыз сол екен, Шымкент қаласы әкімін сын тезіне...

Korrespondent.kz Қоғам

Аты жоқ ауыл қатарға қашан қосылады?

Көзі қарақты оқырманның есінде болса, осыдан біраз уақыт бұрын біз аты жоқ ауыл жайлы мақала жазған болатынбыз. Онда Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы, 1-мамыр ауыл округіне қарасты төрт бірдей ...

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ Қоғам

Қай облыстың медицинасы мықты?

Тәніміз ауырғанда ең жақсы дәрігерді, үздік аурухананы іздейтін әдетіміз бар. Жергілікті медицинаның қауқарына сенбей, жанымызды аман алып қалу үшін Тескентаудан да асуға дайынбыз. Біреу білікті маман...

Жан КЕНЖЕ Қоғам

Неке қиғыш молдалар тоқалқұмарларға қол боп тұр

Екі әйел алу абырой ма, абыройдан айырылу ма? Қос қалыңдықты қанатының астына алған азаматтардың шариғаттың шарттарына келгенде қомдаған қанаты қайырылып кетпей ме? Пайғамбардың сүннетін орындап, сауа...

Мақпал ТӨРЕБЕК Қоғам

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter