Мемлекеттік хатшылық шенеуніктерді «утилизациялайтын» орын сияқты
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Мемлекеттік хатшылық шенеуніктерді «утилизациялайтын» орын сияқты

  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Мемлекеттік хатшы. Бір қарағанда, әжептәуір-ақ лауазым. 2007 жылдың 13 тамызында Президенттің жарлығымен бекітілген өз мәртебесі мен өкілеттігі бар. Тек мемлекет басшысына бағынып, соның тапсырмаларын орындайды. Міндеті – Елбасы үшiн iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстарды тұжырымдап, Парламентпен, басқа да мемлекеттiк органдармен, қоғамдық бiрлестiктермен, сондай-ақ халықаралық қарым-қатынастарда оның мүдделерiн бiлдiредi. ҚР Президенті жанындағы түрлі консультативтiк-кеңесшi органдардың қызметiн үйлестiредi. Шет мемлекеттердiң елшiлерiнен сенiм грамоталарын қабылдайды. Байқасаңыз, аты дардай болғанымен, мемлекеттік хатшыға байланып тұрған дәнеңе жоқ. Егер тура осы құзырет АҚШ-тың мемлекеттік хатшысына берілсе, әй, бұл лауазымға ешкім қызыға қоймайтын шығар. Себебі, ондағы мемлекеттік хатшыңыз бүтін бір елдің сыртқы саясатына жауапты. «Госдептің» қожайыны. Әрі олай-бұлай болған жағдайда президенттің орнын алмастыра алатын 4-ші адам. Оның үстіне аталмыш қызметтің 227 жылдық тарихы бар.

Саясаттың жілігін шағып, майын ішетіндер болмаса, жоғарыда айтқан жарлыққа қарап, былайғы жұрт «Бұл лауазымның Қазақстанда пайда болғанына 9 жыл енді толады екен ғой» деп топшылауы ықтимал. Бірақ олай емес. 20 жылдан асты. 1996 жылдың наурыз айында Н.Назарбаев қаулы шығарып, Қазақстанның тұңғыш Мемлекеттік хатшысы етіп бүгінгі «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті тағайындаған-ды. Білетіндер бұл лауазымның пайда болуын сол кездері Үкіметті тізгіндеген Әкежан Қажыгелдиннің «екінші президент өзім боламын» деген арман-тілегін жасырмай айта бастауымен байланыстырады. Ал, Есімовке оның саяси амбициясын ауыздықтау жүктелген көрінеді. Содан болар, алғашқы «госсектің» өкілеттігі өте ауқымды болыпты. Тіпті тек Президентке ғана бағынатын ҰҚК, Бас прокуратура, Ұлттық банк, Есеп комитеті сынды бірқатар азуын айға білеген органдардың жұмысын бақылауға құқық берілген. Алайда аграршы Ахметжан бұл креслода ұзақ отырмады. Жарты жылдан сәл өте Премьер-министрдің 1-орынбасары атанды. Бір қызығы, Есімовтен кейін Мемхатшының тақиясына тар келмейтін өкілеттіктердің барлығы алынып тасталды.

Мұнан соң Мемлекеттік хатшылыққа белгілі жазушы, мұнайлы өңірдің тумасы Әбіш Кекілбаев келді. Шынын айту керек, мың жерден құзыреті тарылғанымен, 3 жылдан астам уақыт ішінде қаламгер өзін мықты идеолог һәм саясаткер ретінде танытты. Билік пен бұқара арасындағы көпір бола білді. Зиялы қауыммен етене жұмыс істегені соншалық – дәл сол жылдары билік бұтақтарына шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын кадрлар көптеп келіп, мемлекеттік идеологияның қалыптасуына айтар-лықтай ықпал етті.

2002 жылдың қаңтарында Кекілбаевтың ізін премьерліктен босаған Қасым-Жомарт Тоқаев бас-ты. Ол бұл қызметті Сыртқы істер министрі лауазымымен қоса атқарды. Алайда 2003 жылдың жазында «госсектік» тағы бір Үкімет тізгінін тапсырған шенеунік –  Иманғали Тасмағамбетовке бұйырды. Маман-дығы бойынша география және биология пәндерінің мұғалімі саналатын Имекең мұнда ұзақ аялдамаса да, тәп-тәуір тірлік тындырды. «Мәдени мұра» бағдарламасы өмірге келіп, оның аясында біраз игі істің жүзеге асуы осы кісінің есімімен байланысты.  

2004 жылдың қыркүйегінде өткен Мәжіліс сайлауы Тасмағамбетовті сол жылы көктемде-ақ «АП-ның» жетекшілігіне жылжытты. Ал, Мемлекеттік хатшы орынтағына Сенаттың экс-төрағасы Оралбай Әбдікәрімов жайғасты. Өзінің сабырлы мінезімен және пәлендей саяси амбициясының жоқтығымен ерекшеленетін Орекеңнің тіпті бар-жоғы білінбейтін.

Шетелдік елшілерге сенім грамоталарын табыстау, «Болашақ» бағдарламасының жүзеге асуын қадағалау, мемлекеттік награда комиссиясына жетекшілік жасау сынды жұмыстардан ұзап шыға алмады.

2007 жылдың мамырында Мемхатшылық тізгінін мұхиттың арғы бетіндегі елшілік қызметінен оралған Қанат Саудабаев алды. Өзі осы лауазымның «қызығын» ең ұзақ көрген де Бекмырзаның ұлы шығар. 2009 жылдың қыркүйегінде Сыртқы істер министрі болып тағайындалғанда да, 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы атанғанда да «госсектікті» уысынан шығарған жоқ. Мұндай тегеурінділікті кейінгі ізбасарларының ешбірінен әзірге байқамадық.

Тіпті 2011 жылы аяқ астынан президент сайлауы өтіп, сәуір айында Үкімет отставкаға кеткенде Саудабаев бірнеше күннен соң билікке Мемлекеттік хатшы болып қайта келді. Сол қарқыны тек 2012 жылдың қаңтарындағы кезектен тыс парламент сайлауынан кейін ғана бәсеңдеп, эстафетаны Мәдениеттің экс-министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолына ұстатты.

Өкінішке қарай, Мұхаң үшін бұл транзиттік лауазым рөлін атқарған тәрізді. Бір жылға бір апта толар-толмас мерзімде қайтадан Мәдениет және ақпарат министрі болып кете барды.

Соңғы 3-4 жылда Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған Марат Тәжиннің 2013-тің қаңтарында Мемлекеттік хатшы қызметіне келуі де біраз талқыға түскені бар. Өйткені Тәжиннің сыртқы және ішкі саясаттағы салмағы мен ықпалы басым-тын. Сарапшылар оның кландық, рулық байланыстардан ада, нағыз кәсіби дипломат екенін екпін түсіре айтатын. Естеріңізде болса, Тәжин мемхатшылыққа кірісіп жатқан тұста Президенттің талай жылдан бергі саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Грузияға елшілікке аттанып бара жатқан-ды. Сол кезде «Енді Назарбаевқа Ертісбаев секілді кеңесші қажет болмай қалды» десті сәуегейлердің біразы.

Расында да, Мұханбетқазының ұлы үлкен екі істі қолға алуымен ерекшеленді. Бірі – этнос тарихын біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту арқылы ұлттық тарихқа жаңаша қарау. «Тәуелсіз елдің азат ойлы ұрпағын қалыптастыру үшін санасында тарихи төңкеріс жасау керек. Сол арқылы қазақ халқының рухын аспандату лазым» деген ол аталмыш мақсатқа тарихшыларды жұмылдырып, қызу тірлік бастаған-ды. Игі бастаманы қазақ қоғамы қуана қарсы алған. Ал, екінші ісі – еліміздің идеологиялық алаңы – баспасөзге төңкеріс жасау, оның бір сарындылығын түбегейлі өзгертіп, шын мәнісіндегі тәуелсіз ақпараттық кеңістікті құру мәселесін күн тәртібіне қоюы. Алайда екі шаруа да аяқсыз қалды. Демек, оның ұлттың тарихын тірілтіп, идеологиямен қарқынды айналысуы кейбіреулерге ұнамағаны анық. Бір жылдан енді аса бергенде «пошел» деп, Ресейге «посол» қылып жіберді.

Содан 2 айдай Қазақстанның идеологиялық кеңістігі бос тұрды. Бос тұрды дейміз-ау, Мемлекеттік хатшы міндетін сол кездегі Президент әкімшілігінің жетекшісі К.Мәсімовтің уақытша қатар атқарғанын ұмытып барады екенбіз ғой.

Не керек, «Марат Тәжиннің орнын басатын, мемлекеттік хатшылыққа лайық ешкімнің болмағаны ма?», «Мемлекеттік хатшы лауазымы алынып тасталуы мүмкін екен» дегендей сыбыстардың таралғанына екі айдай уақыт өткенде – 2014 жылдың сәуірінде Қорғаныс министрі лауазымынан босатылған Әділбек Жақсыбеков «госсек» боп келді. Бірақ 6 ай «дем басты» да, Астанаға әкім боп кетті. Биліктегі бұл баспалдақтың болмысына бойлай алмай біз қалдық. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң».

Енді, міне, 2014 жылдың 11 қарашасынан бері Мемлекеттік хатшының креслосында вице-премьерлікпен қоштасқан Гүлшара Әбдіқалықова отыр. Жамбылдағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтынан «эконо-мист-сарапшы» мамандығын игерген ол еңбек жолын өзі туып-өскен Сыр өңірінен бастаған. Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасында аға инспектор, бөлім бастығы болды. 30 жасында орталық органға қарай жол тартты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде түрлі сатылардан өтіп, министрге дейін көтерілді. Әйткенмен аталмыш ведомствоның басшысы ретінде жұртшылық алдында жақсы әсер қалдырғаны есімізде жоқ. Тіпті кейде оның аты Наталья Коржова, Серік Әбденовпен («Патамушта» министр) қатар аталатыны өтірік емес. Ел аузында «Әбдіқалықованың министрліктен кетуі оның әлеуметтік жаңарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлей алмауымен, ағымдағы үдерістерге сай әрекет жасауға мүмкіндігі жоқтығымен байланысты» дейтін де әңгіме айтылады. Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі 20 жылдан астам тәжірибесін ескеріп, Наушаның қызын вице-премьерлікке қойып көрді. «Баяғы жартас – бір жартас». Еңбек министрлігіндегі сарынынан жаңылмады. 

Ал, Мемхатшы ретінде не тындырып жүргені Гүлекеңнің өзіне ғана аян. Бәлкім, әрі барса, гендерлік саясаттың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген болар... Әйтпесе кешеге дейін әлеуметтік саланың құлағын ұстады. Сіз бен біздің өмірімізге Әбдіқалықова не өзгеріс енгізді? Шығыс Қазақстан облысы әкімінің 1-орынбасары болып жүрген жерінен Серік Әбденовті алдырып, өзінің орнына қалдырып, әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке көтерткеннен басқа. Сірә, «Менің оған қатысым не? Министр емес едім...» деп ақталар. Бірақ көпшілікке ұнамаған бұл реформаның министрдің креслосында 9-ақ ай отырған Әбденовтің «өнімі» және сол 9 айдың «жемісі», ал, Әбдіқалықованың «ни при чем» екеніне есі дұрыс адам сенбейді...

Көзіміздің жеткені, мемхат-шылықтың салмағы мен ықпалы сол креслоға отырған адамға – Тұлғаға байланысты екен. Ол қандай да бір саяси шешімдерге ықпал ете білетін, мәртебелі адам болса, бұл лауазымның да мәртебесі бір саты жоғары тұрады. Ал, Г.Әбдіқалықованың салмағы қандай?

P.S. Сізге қайдам, бізге Мемлекеттік хатшы дегеніңіз жұмбақ лауазым боп тұр. Қағаз жүзінде «госсек» «АП» жетекшісінен бір бас жоғары тұрады. Бірақ Президент әкімшілігінің басшысы Мемхатшының хатшылығындағы шенеуніктерді тағайындап, қаржы мәселесін шешеді... Бір жағынан «Бұл билік пирамидасындағы шенеуніктерді «утилизациялайтын» орын ба?» деген де ой келеді. Әлде «соқырішек» пе екен? Оны алып тастасаң да, адам қалыпты өмір сүре беруші еді ғой...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Мұғалімдердің көбі шынымен де сауатсыз ба?

Үстіміздегі жыл білім саласы үшін берілген уәделерге, басталған бағдарламаларға толы болды. Әйткенмен, білікті ұстаздардың жоқтығы – бүгінгі күннің басты тақырыбы. Еліміздің түкпір-түкпірінен ашылып ж...

Мақпал ТӨРЕБЕК Қоғам

Кәрім мен Дариға зиярат жасап келді ме?

Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысына Үкімет басшысы келіп кетті. Ресми мәліметтерде Кәрім Мәсімов іс-сапарының негізгі бағыты көлік инфрақұрылы-мындағы қауіпсіздік шараларын тексеру екені айтылған...

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ Саясат

Күнгейдің депутаты Украина мен Ресейдің тыңшысы емес пе?

ОҚО мәслихатында не көп, депутат көп. Шетінен дөкейлер. Бәрі бір кездері бір жерлерді тіреп тұрған. Әлі де көбісі аттан түсе қойған жоқ. Айтпағымыз, шашы күміс түстес, палуан денелі, галстук тағу деге...

Korrespondent.kz Саясат

Депутаттарды 50 заң жобасы күтіп тұр

Парламент палаталарының біріккен отырысына қатысқан Н.Назарбаев халықтың әл-ауқатын арттырып, жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. «Дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүйелі жүргізу ғана...

Korrespondent.kz Саясат

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter