«Жиырма директор жұмыстан кетсін!»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Жиырма директор жұмыстан кетсін!»

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Бұл білім сапасын көтерудің cарыағаштық тәсілі ме, әлде сынықтан сылтау іздеп, қалта қампайтқысы келетіндердің қитұрқы әрекеті ме? Бақандай жиырма директорды жұмыстан кетіру жайлы астыртын «бұйрық» шыққаны жайлы бұған дейін де әр-әр жерден айтылып жүрді. Бастапқыда сенбедік, сөзге сөз қосып, мәселені мың құбылтып айтатындардың ойдан шығарып жүргені шығар деп... «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген емес пе, алғашқыда алыпқашпа ретінде айтылған сөздің дүбірі уақыт өте келе ұлғайып бара жатты. Қызметтік тағдыры қыл үстінде тұрған мектеп директорларының мүддесін қорғап жазылған арыздың алды Астанаға кетті. Мемлекет басшысынан бастап аудан әкіміне дейінгі он бес «адреске» жолданған арыздың бірі біздің қолымызға тиді.

«ЖҰМБАҚ» АРЫЗ

Әрине, әр арыздың артында адам тағдыры тұрғандықтан, оған немкеттілеу қарауға болмас, дегенмен кейде арызданушының аты-жөні көрсетілмеген «жұмбақ» жазбалар да жан-жаққа жөнелтіліп жатады. Міне, осының ара-жігін ажыратып алу үшін алдымен арызданушыларды іздедік. Сарыағаш ауданының бір топ азаматтарынан келген (Манзура Абдалимова, Сәлібек Нұрбаев, Сапарбай Анарбаев қол қойған) тоғыз беттік арыздың да «авторы» әзірге белгісіз болып тұр. Бірақ, журналистік зерттеу жүргізіп жүріп байқағанымыз, аталмыш арыздан аудан басшылары да бір кісідей хабардар. Және оның жарыққа шығуына мүдделі жандар да жоқ емес. Демек, мәселе арызды кім жазғандығында емес, ондағы жәйттердің шындыққа қаншалықты жанасатындығында болса керек.

Жалпы, елді дүрліктіретіндей жиырма директорды жұмыстан кетіру жайлы мәселенің айтылғаны рас па? Бұған дейін кейбір мектептерде басшы болмағандықтан, «мектеп директорының міндетін атқарушылар» жылдар бойы басшының міндетін атқарады екен. Ұжымға басшылық жасауға қабілет-қарымы жететін сол «ИО-лар» осы күнге дейін жауапкершілікті толық мойнына алмай жүруіне не себеп? Әлде, «Ақшаң болмаса, директор бола алмайсың!» деген әңгіме рас па? Ал, осы бос орындарға лайықты басшы табылмай тұрғанда топырлатып тағы жиырма директорды жұмыстан кетірсек, олардың орнын қалай толтырамыз? Жарайды, жаңа жоғарыда айтылған жиырма директордың басшылығындағы мектеп биылғы ҰБТ көрсеткіші бойынша төмен балл алды делік, оның бұған дейінгі еткен еңбегі, жеткен жетістіктері ескерілмегені ме? Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бүгінгі басшысы Мұрат Махановқа қатысты айтылған айыптауларды айтпағанда, жалпы арыздағы сауалдардың нобайы, міне, осыған саяды.

АРЫЗДЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Сарыағаш ауданы әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Құдірет Қыстаубаевтың айтуынша, ауданнан анда-санда осындай «домалақ арыздар» жоғарыға қарай жөнелтіліп тұратын көрінеді. Тіпті, оның кім екенін де топшылауға болады. Және оның жазғандарын түбегейлі жоққа шығарғысы келмейтінін де жасырмады. «Биыл біздің аудан ҰБТ көрсеткіші бойынша төменгі орыннан көрінді. Соған байланысты бөлім басшысы аудандағы білім сапасын көтеру үшін тиісті тапсырмалар алғаны рас. Мектептері төменгі орыннан көрінгендерге талапты күшейтіп, тіпті жұмыс істей алмаса, өз еркімен орнын босатсын дегені де рас шығар, бірақ бұл олардың бұған дейінгі жетістіктері мен жұмыстарын жоққа шығарсын деген тапсырма емес. Ал, Мұрат Махановтың бұған дейінгі атқарған жұмысына байланысты айтылған айыптаулар қаржылық жағдайға қатысты болғандықтан, тексеру үшін тиісті орындарға жіберілді. Оның нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз».

Әрине, айтылған арыз бен жазылған өтініштің қаралу тәртібі болады. Бірақ оның реттілігін сақтап, асықпай жүргенде қаншама адамның қызметтік тағдыры шешіліп кететін түрі бар. Міне, осыны айтып алаңдағандар қалайда өздерінің жанайқайы ертерек жарыққа шыққанын қалайтын сияқты. Демек, арыздың артында «қара тізімге» ілінген директорлардың өздері тұруы да мүмкін. Бірақ, мәселе жаңа жоғарыда айтқанымыздай, оның мазмұнында емес пе? Ал, мазмұнына мән беретін болсақ, біз келтірген бірнеше сауалдың құлағы қылтиып шыға келеді. Соның ішінде 22 директордың «өз еркімен» жұмыстан кетуге мәжбүр болғаны рас болса, оның заңдылығы қандай болады? Заңдылығы демекші, осыдан бер-екі жыл бұрын Мақтаарал ауданында ҰБТ көрсеткішіне байланысты бір күнде 9 директордың топалаң асқаны бар. Бірақ, артынша бәрі сот арқылы ақталып келді. Арадағы ырду-дырду мен жүйкені жұқартқан соттасулар қалды. Тоғыз директордың тағдырымен «ойнаған» бөлім басшысының қаншалықты жауапқа тартылғанын қайдам, бірақ бұл өкініштің орнын анау-мынау айыппен өтеу мүмкін емес еді. Сонда қалай, бір емес, екі емес, тоғыз бірдей адамның тағдыры шын мәнінде ойыншық болғаны ма? Жауапсыз басшының сүйкейсалды бұйрығынан жұқарған жүйке мен ағарған шаштың өтеуін кімнен сұраймыз? Сарыағаштағы жағдай да соның күйін кешіп жүрмесе деңіз.

ҰСТАЗДЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ ҚАЙСЫ?

Біз ұстаздың ұлылығы, мұғалімнің мәртебесі жайлы айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Сөз жүзінде, ал жеме-жемге келгенде айтқанымыз бен әрекетіміздің ара-жігі қабыспай жатады. Оған дәлелді алыстан іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Бүгінге тағдыры қыл үстінде тұрған қырық қызметкердің (20 директор мен 20 «завучты» қосқанда) қандай күй кешіп жүргенін бағамдау қиын емес. Алды ауруханада жатыр. Шынында да, алды отыз жылдан бері осы салада жұмыс істеп, әне-міне зейнет демалысына шығамын деп отырғандар болса, бір ғана ҰБТ көрсеткішін негізге алып, бұған дейінгі бар жұмысын жоққа шығарып, бір күнде орнынан жұлып алу қаншалықты әділетті болады? Білім және ғылым министрі де ҰБТ көрсеткіші бойынша мектеп директорлары мен «завучтарын» жұмыстан алуға болмайтынын айтты емес пе?! Демек, директордың басқа жетістіктері де негізге алынуы керек. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір директорлар қулыққа салып, мектеп бітірушілердің тек жақсы оқитындарын ғана тест тапсыруға жібереді. Олар пайыз бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізеді. Ал, білімі мен тәртібі онымен деңгейлес мектептер ешкімнің көңілін қалдырмай, бітірушілердің барлығының бақ сынап көруіне мүмкіндік жасайды. Сайып келгенде, оның да «таяғы» басшының басына тиеді. Сол сияқты, бұған дейінгі бақылау кезінде жоғары балл алып жүргендер шешуші кезеңде сүрініп жатады. Бұл бұған дейін жақсы оқып келген баланың бағын байлап, алдағы асқақ арманын күл-талқан етеді.

Жасыратыны жоқ, бүгінде мектеп мұғалімі болудан қиын жұмыс жоқ. Бала тәрбиелеудің қандай қиын екенін біле тұра бар ауыртпалықты мектепке артамыз. Одан қалса, қоғамдық жұмысқа да негізінен мектеп мұғалімдері тартылады. Түрлі акция мен қайырымдық қорларға айлығынан жырымдап ақша жинайтындар да – бюджеттік мекемеден айлық алатындар. Тоғыз ай табаннан тозып, жүйкесін жұқартып жүрген мектеп мұғалімдері мен басшылары әупірімдеп жазғы демалысқа жеткенде, алдынан «қылышын жалаңдатып» ҰБТ шығады. Күні-түні көз майын тауысып дайындаған түлектері үмітті ақтаса жақсы, әйтпесе әлгінде айтқандай әділетсіздіктің құрбаны болып кете барады. Сонда ұстаздың ұлылығы, мұғалімнің мәртебесі қайда қалады? Бір ғана ҰБТ-ның көрсеткішімен бәрінің басын шауып тастай берсек...

ОМАРОВАНЫҢ ОНЫСЫ НЕСІ?

Сарыағаштағы білім саласына қатысты жағымсыз мағынадағы жағдай «жұмбақ» арызбен шектелмейді. Таяуда тағы бір мектеп директоры орынбасарының саладағы сыбайластық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа байланысты жанайқайы аудандық «Сарыағаш» газетінде басылды. «Нұр Отан» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Тұрсынбаев пен білім бөлімінің басшысы М.Махановтың назарына ұсынылған №11 М.П.Окороков атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Төлеген Құралбаевтың айтқаны тіпті төбе шашыңды тік тұрғызады. Аудандық білім бөлімінің маманы, әдіскер Ханзада Омаровамен 18 жылдан бері бірге істесіп келе жатқан ол соңғы кезде шыдамының сарқылғанын айтады. «...бірдеңе алғысы келгенін «амалдап» жеткізеді немесе ақшасы дайын, баса-көктеп кіріп келетіндердің жолын тостырмай-ақ, суырмасының ауызын ашып қоятыны бар, онысы «көрдің бе – сен де осыны істеуің керек» дегенге саяды. Онысын да түсінбегенсіп кетіп бара жатсаң, «құлақтары» арқылы ставкасын (20-25 мың) айтып жібереді. Ол соманы алмайынша «курировать» ететін методиске тыныштық жоқ: «ауданға Ханзада апай шақырып жатыр» дегізуден жалықпайды». Осылай деген автор өзін мазалайтын алты сауалды жолдай отырып, сөзін былай түйіндейді: «Білім бөлімінде мұндай сорақылықтың болып жатқаны бүгін ғана емес, ол – әбден қанға сіңіп кеткен жағдай. Осындай келеңсіз жағдайды көріп тұру, оны әшкере етіп бүге-шегесіне дейін айтып, жексұрын болу маған қажет дейсіздер ме? Тек мұндай сорақылыққа қашанғы шыдаймыз?», - дейді.

Міне, мұның өзі білім саласындағы былық-шылыққа бір мысал бола алатын шығар. «Саялы Сарыағашты жағымсыз жағынан танытып жатқан арыз-шағымдардың алдын алып, келеңсіздіктердің жолын кесу мақсатында аудан басшылары қалай күресіп жатыр екен» деген ой бізді аудандағы «ақ үйге» қарай жетеледі. Бірінші барғанымызда аудан әкімі Бұхарбай Парманов өзінде болмай шықты, көмекшісіне келгендегі мақсатымызды айтып, «із» қалдырдық. Арадан екі апта өтті, біздің білгіміз келген сұрақтың саны еселей түскені болмаса, Парманов тарапынан айтылған пікір болмады. Тағы бардық, сондағы көмекшінің жауабы тым тұрпайы естілді: «Аудан басшысының қолы тимейді!». Сонда екі аптадан бері екі ауыз пікір айтуға «қолы тимейтін» әкімді шын мәнінде шырылдап жүрген директорлар мен мұғалімдердің тағдыры толғандырмағаны ма? Әлде...

«БІР ЖЫЛДА НӘТИЖЕ ШЫҒАРАМЫН!»

Біздің бүгінгі тақырыбымыздың басты кейіпкері – Сарыағаш аудандық білім бөлімінің жаңа басшысы Мұрат Маханов осылайша әңгіменің тоқ етерін айтты. «Мені ауданның білім саласын көтереді деген сеніммен жіберді. Мен өзіме сенім артқан басшылар мен осындағы елдің үмітін ақтауым керек. Сол үшін көрсеткіші төмен, артқы орында салпақтап жүретін мектеп басшылары өз еркімен орнын босатуы керек екенін айттым. Бүгінде бірнеше мектеп директорларларының орны бос екені де рас, алда конкурс негізінде лайықты кадрлар тағайындалады. Маған жұмыс істеуге мұрша беруін сұраймын. Бұқаралық ақпарат құралдарының да қоғамда алар орны зор, сіздер арқылы қоғамдық пікір қалыптасады. Сарыағаштың білім саласындағы келеңсіздіктерді жойып, жақсы жетістіктерге жету үшін бірлесіп жұмыс істеуміз керек. Қыркүйек айына дейін бос тұрған мектеп директорларының орны толық өз иелерін табады деп асығыстық жасамай-ақ қояйық, өйткені талапқа сай конкурс өткізу керек. Бірақ бір жылда нәтиже шығаруға болады».

P.S. Иә, білім бөлімінің жаңа басшысы алдына, міне, осындай мақсат қойып отыр. Ал, арыздың айтары тіпті басқа. Директорлар арасындағы дүрбелең шын мәнінде білім сапасын көтерудің cарыағаштық тәсілі ме, әлде сынықтан сылтау іздеп, қалта қампайтқысы келетіндердің қитұрқы әрекеті ме – ол жағын уақыт-төрешінің еншісіне қалдырайық. Бір жыл деген анау айтқандай көп уақыт емес қой, мүмкіндік болып жатса, бұл «ауыс-түйістің» ақыры немен аяқталғанын, қандай нәтижеге қол жеткізгенін алдағы уақытта айтатын боламыз.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

102 делегаттың шығынын кім төледі?

Жастар форумы – өзекті мәселелерді талқылап, еліміздің жастар саясатының 25 жылына қайта көз жүгірту. Өткенге шегініс жасап, ертеңге жоспар құру. Бұл Елбасы күніне орай өткізілген биылғы Республикалық...

Мақпал ТӨРЕБЕК Саясат

«Премия» бар ма, жоқ па?

Дәл қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір мәселе қызу талқыланып жатыр. Ол – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай берілетін сыйақы. Оны әр аймақ өзі шешеді. Бір облыста бюджеттің қалтасы тесік...

Жан КЕНЖЕ Қоғам

Қыдырәлі болмағанда қырылып кеткендей екенбіз...

«Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы». Қарақат пен Қыдырәлінің тоқал төңірегіндегі әңгімені не үшін ойлап тапқаны туралы берген сұхбатын оқып, ойға осы мақал орала берді. Бірі «Время» газетіне...

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ Мәдениет

Қарағандылық кәсіпкерден ақшасын өндіре алмай жүрген шымкенттік азамат өзін-өзі өртемекші

  Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Арман Сауырбаевтың өзіне тиесілі ақшасын ала алмай жүргеніне жылдан асты. Өткен жылы Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында көктемгі су тасқынынан жарамсыз б...

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ Оқиғалар

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter