«ВКонтакте» террористер дайындайтын желі ме?
- Мақпал ТӨРЕБЕК
«Даудың басы» дүйім жұртты дүрліктірген Ақтөбедегі террорлық шабуылдан басталды. Құқық қорғаушылар лаңкестердің әлеуметтік желідегі парақшаларын ақтара келе, олардың «ВКонтактедегі» діни топтарға тіркелгенін анықтаған. Осыдан кейін Ерлан Қарин қауіпті бәлекеттің бәрі осында екенін айтып, бұғаттауды сұрады. Мұны естіген белгілі саясаткер Әзімбай Ғали да «...жабардың алдында біздің алдымыздан өткендейсің»,- деп, ашынып, қарсылығын танытқан еді.
Қазір ел арасында бұған қатысты екі түрлі пікір өріп жүр. Осыған дейін бірнеше рет төбе көрсеткен мәселеден ендігі ығыр болғандардың арасында жабылса жабылып, жанымыз жәй тапсын дейтіндер де жоқ емес. Алайда жас-тар жағы желінің артықшылығын еске салып бағуда. Кім не десе де, екі пікірді де қате дей қою қиын. Ал ең қиыны, жыл сайын ғаламтор арқылы жиһадқа арбайтын топтар артып келеді. Мысалы, лаңкестікке қарсы орталық штабтың мәліметінше, 2014 жылы ғаламторда 432 жиһадтық қауымдастық анықталса, 2015 жылдың бірінші тоқсанында олардың саны алты есе өскен. Олай болса, одан бергіні шамалай беріңіз... Әлеуметтік зерттеушілер-дің пайымдауынша, жат ағымның етегінен ұстайтындардың дені – 15 пен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттер. Ал түрмеге тоғытыл-ғандардың ішінде ең үлкені 48 жаста болса, ең кішісі 17-де екен. Ал, ең сорақысы, жиһадқа шақыратын осындай топтардағы жазбаларды күніне 2 миллионнан астам қолданушы оқитын көрінеді. Осыдан кейін «ВКонтакте» дейтін пәледен қорықпай көріңіз.
Дәл қазір сенімнің сергелдеңіне түсіп, діни ағымдарда адасып жүрген жастарымыздың қанша екенін құдай білсін. Желілерде бір ғана батырманы басып тіркелу де, неше түрлі топтар ашып алу да оп-оңай. Оның саны, сапасына қарап, елеп-екшеп жатқан ешкім жоқ. Бір сөзбен айтқанда, желідегі террорлық топтарда талай қазақ баласы шынымен де адасып жүруі әбден мүмкін.
Осыдан бірер ай бұрын Тәжікстанда әлеуметтік желідегі террористік және экстремистік топтардың роликтеріне «лайк» басқан 14 тұрғын тұтқындалыпты. Екі жыл бұрын желі арқылы жас жігіттерді «жиһадқа» шақырған «қыздар» туралы жайттар да әлі естен шыға қойған жоқ. Одан басқалары қаншама?!
Осы мәселеге басқа қырынан қарап, келіспейтіндердің бірі саясаттанушы Талғат Мамырайымов: «Ислам мемлекеттерінің террористік ұйымдарына «қызмет-керлер» шақыратын әлеуметтік желілерді «жиһадқа» үгіттеуге де пайдаланады дегенге сенбеймін. Оларды «қызметкерлер» деуімнің себебі, терроризм - кәсіпқой адамдарға жүктелетін жауапты жұмыс. Бейтаныс жандардың әлеуметтік желі арқылы жастарды «жиһадқа» шақыруы мүмкін емес. Бұл - нонсенс, әрі бос сөз. Адамды бетпе-бет кездесіп үгіттеуге ғана болады», - дейді.
Ал Ерлан Қарин осыдан бірер жыл бұрын терроризмнің қауіптік көрсеткіші әлемдік деңгейде ұлғайғанын айта келіп, 2005 жылға дейін жылына әлем бойынша 200-300 ары кеткенде 500-600 террористік актілер орын алған болса, 2005 жылдан бастап бұл көрсеткіш күрт өсіп, жылына 10 мыңнан астам оқиғалар тіркелетінін мәлімдеген болатын. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өте салған жоқ.
Кім не десе де, әлеуметтік желі арқылы қол жинау – бүгінде қорқынышты тенденцияға айналып барады. Жүздеген, мыңдаған адам содырлық идеологияға елітіп, тұзаққа түсуі үшін жәй ғана ғаламторға телміріп, экстремизмді ұрандатушылармен кездейсоқ танысып, сөйлесе қалса болды. Біраз уақыттан соң содыр болып шыға келуі әбден мүмкін. Осыдан соң қорқынышты демей көріңіз. Осыдан соң жерін тастап қолына қару алып, ел аман жұрт тынышта өзге елге соғысқа аттанған қандастарымыздың қылығына бей-жай қарау мүмкін бе? Әрине, құр сөздің бас ауыртып, құрғақ қасықтың ауыз жыртары бесенеден белгілі. Әйтеуір, желі деп желпініп жүргендер сол тұзаққа түспесе игі деген тілек біздікі...
- «ВКонтакте»
- террористер