Ресей телеарналары екі елдің ортасына от тастап отыр
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сенбi, 20 ақпан 2016

 Кіру / Тіркелу

Ресей телеарналары екі елдің ортасына от тастап отыр

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Жаңа жылдан бастап Қазақстан аумағына таратылатын шетелдік телеарналарда жарнама көрсетуге тыйым салатын заң күшіне енеді. Ал, 2017 жылдан бастап біздің елде эфирге шыққысы келген шетелдік арналар ресми түрде тіркелуі тиіс.

Осы заң қабылданғаны туралы ақпарат тарасымен шетелдік арналарды ел аумағында көрсететін кабельдік операторлар мен ресейлік арналар шырылдып қоя берді. Біріншісінің «шала бүлінгені» түсінікті – қаржыдан қағылып отыр. Өйткені жаңа жылдан бастап жаңа заңға сәйкес кабельдік операторлар шетелдік (негізінен ресейлік) арналарға жарнама орналастыра алмай қалады. Қазақстандағы тележарнама нарығы жылына 120 млн АҚШ долларын құрайды екен. Соның 40 пайызға дейінгі үлесі сол өзге елдің өнімін Қазақстанға тарататын операторлардың еншісінде. Ал, дағдарыс заманында табысы да төмендейтін кәсіпкер өз өнімін көрсету үшін кабельдік арналарға кетіп қалу «қаупі» ұлғайды. Өйткені өз бағдарламасын дайындауға қаржы шығармайтын кабельдік арналардағы жарнама құны әлдеқайда арзан. Қала берді, телерадио хабарларды тарату заңына өзгеріс енгеннен кейін ресейлік арналар Қазақстанға таратылатын контентін жарнамадан тазарту міндетін осы кабельдік операторларға жүктейін деп отыр. Ал, кабельдік телеарналар: «Ол үшін қосымша жабдық сатып алу қажет. Бұл қосымша шығын» дегенді алға тартады. Осы уақытқа дейін сол шетелдік арналардағы жарнаманы кесіп тастап, орнына жергілікті роликтерді берудің үдесінен шығып отырған операторларға енді оны жарнамадан тазарту қиын екен-міс.

Енді, ресейлік арналардың «айғайына» келсек. Кешеге дейін солтүстік көршілердегі әріптестеріміз Украинаның медиа нарығынан қосымша нәпақа тауып келді. Арадан «ала мысық өтіп», жұмсартып айтқанда Украинамен «ренжісіп» қалған соң, Ресей бұл олқылықтың орнын Қазақстанның есебінен толтырғысы келеді. Бірақ, ресейлік арна басшылары біздегі жарнамадан түсетін қаржыдан айырылғысы келмейтіні соншалық, тіпті бопсалауға дейін барды. «Өз эфирімізден жарнаманы алып тастамаймыз. Оған, сендердің кабельшілеріңнің басы ауырсын» деген сыңай білдіріп, отандық операторларды билікке қарсы қойғысы да келетіні көрініп қалды. Арандаған «кабельшілер» Президент Назарбаевқа: «отандық телеарналардың қамын ойлап, біздің тиындап тауып жүрген табысымыздан қағып отырсыз» деген кейіпте хат та жолдады. Бірақ, біздің кабельдік операторлар жарнамадан түскен «тиын тебенмен» емес, негізгі табысы – тұтынушыдан алатын абоненттік төлем есебінен күн көріп отырғанын айтқан жоқ! 

Ары қарай одан да қызық. «Телерадио хабарларды тарату» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді Парламент мақұлдағаны сол, ұзынқұлақтан бізге «Астанаға, арасында Ресей үкіметінің өкілдері бар, арнайы делегация» келіпті деген хабар жетті. Сол ұзынқұлақтың айтуынша: қит етсе «газды жауып тастаймыз», «тауарын өткізбей қоямыз» деп қиқарланатын көршілер бұл жолы да сол әдетіне басып «Қазақстанда ресейлік арналарды жауып тастаймыз» деген көрінеді. Сол арқылы біздің басшыларға Украинадағы «Майданды» меңзеп, ондағы оқиғалар да дәл осы ресейлік БАҚ-ты жабудан басталғанына тұспалдапты-мыс. Осыдан кейін Мәжіліс депутаты Әйгүл Соловьева шетелдік арналардағы жарнамаға салынған тыйымды алып тастау туралы Парламентке ұсыныс білдіреді. 

«Телерадио хабарларды тарату» туралы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңға Елбасы қол қойғаннан бірнеше күн өткен соң-ақ ресейлік БАҚ бұрқырап шыға келді. Сол елдің ең ірі мерзімді басылымы «Коммерсантъ» газеті 17 желтоқсан күнгі № 233 санында «Тенге снимают с эфира. Российскому телевидению запрещают казахстанскую рекламу» деген тақырыпта мақала жариялады. Онда «1 қаңтардан бастап Қазастанда көрсетлетін шетелдік арналарда жарнама орналастыруға тыйым салынады, бұл шын мәнінде көптеген ресейлік арналарды ретрансляциялауға салынған тыйым. Тағы бір жылдан соң шетелдік БАҚ-тарға республикада өз өкілдігін ашуға тура келеді, әрі шетелдің мемлекеттік құрылымдарымен байланыста болған хабар таратушылар жергілікті бизнесінің 80%-ын қазақстандық әріптеске беруі қажет болады» деп жазады. Бұл таза арандату. Ресей арналарын Қазақстанда таратуға ешкім тыйым салған жоқ. Өз мүддесі үшін түймедейді түйедей етіп көрсетіп, сол арқылы өз оппонентін «жексұрын» етіп көрсететін әдетінен танбаған ресей басылымдары тағы да өздігінше тұжырым жасап, елді жаңылыстырып отыр. Сорақысы әлі алда.

Аз-кемнен соң бұл ақпараттық соғысқа Ресейдегі ең танымал арнаның бірі – РЕН-ТВ қосылды. Олар тіпті «Коммерсантъ» газетіндегі әріптестерінен де асып түсті. Ресейлік арна әзірлеген бейнематериал: «Сарапшылардың болжамы бойынша 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы үйлерде теледидар үні өшеді. Келер жылдан бастап шетелдік, соның ішінде ресейлік арналар ол елден кетуі мүмкін» деп басталады. Бұл ресейлік көп арнаның ұстанатын «жау алдыру» әдісі. Алдымен, жарнамадан түсетін қаржыдан қағылып, кетуге бел байлаған ресейлік арналардың өздері шығар. Олардың бұл қадамына Қазақстанды кіналауға кім құқық берді екен? Ал, жарайды, «жау алдырып» жатыр. Онда неге ресейлік әріптестер тура осындай заң сол елде де 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгенін айтпады? «Қазақстандық арналар – мемлекеттік тілде. Маған оларды көру ыңғайсыз», - деген орыстілді қазақстандықтың пікіріне сүйеніп, күллі қазақстандықтардың теледидары өшіп қаларына соншалықты сенімді болғанына таң қалып, жағамызды ұстадық. Қазқстандық арналарда хабар тарату тілі - «60/40 саясаты» заң жүзінде бекітілгенін де айтпайды. Сөйтеді де, сол ақпаратқа имандай сенетін ресейлік және қазақстандық көрерменді қарсы қояды. Ол аз десеңіз РЕН-ТВ дағы әріптестер неге екенін қайдам, Қазақстанның 70 пайызы тек қана ресейлік арналарды көретініне, басқасына бұрылып та қарамайтынына бек сенімді. Еуразиялық Одаққа мүше елдердің заңын белден басу, ту сыртымыздан, арқамыздан пышақ ұру деген сөздерді айтуға дейін барды. «Арқаға пышақ ұру» - таяудағы Ресей-Түркия жанжалындағы басты тіркеске айналған-тұғын. Біздің елге байланысты да қолданып отырғанына қарағанда «Бізді ренжітсеңдер түріктердің кебін киесіңдер» дейтін бопсалауға ұқсайды. 

Журналистиканың ең басты талабы – объективті ақпарат тарату екенін ресейлік әріптестердің ұмытқаны қашан. Телеарнада талай жылғы тәжірибем бар менің сөзімнен секемденсеңіз, ресейлік сайттардағы форумдарға кіріп, өз телеарнасы туралы көзіқарақты көрермендердің пікірін білуіңізге болады.

Меніңше бұл жерде көршілердің көздегені - екі оқпен бір қоян ату. Қазақстандық жарнама берушілер ақшасының есебінен біздің ақпарат кеңістігімізді жаулап алу. Сол арқылы өз еліндегі идеологиялық саясатты Қазақстанға да жүргізу. Санасы арбалған адамды бағындыру да оңай. Қазақстан үшін бұл заң – жарнаманың есебінен күн көріп отырған отандық коммерциялық арналарды қолдауға керек. Ең бастысы ақпараттық кеңістігіміз бен қауіпсіздігімізді қорғау үшін қажет.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Әлия
0 Әлия 12.01.2016 16:08
Ресейдің телеарналарын шетінен жауып тастай салу керек. Не кажети бар сол онбаган уятсыз каналдарынын
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

Шымкенттік жүргізушілер полицейлерді таң қалдырды

Шымкенттік полицейлер қаладағы көлік жүргізушілерінің жедел жәрдем қызметіне қаншалықты құрметпен қарап, жол беретінін анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент ролигін түсірді. Бір қызығы, нәтижесінд...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Отандық азық-түлік сатып алған Назарбаевтың төлеуге ақшасы жетпей қала жаздады (видео)

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қалтасына 5 мың теңгеден артық ақша салып жүрмейтін болып шықты.

Korrespondent.kz Саясат

Бердібек Сапарбаев қар тазаламаған қызметкерлеріне ұрсып тастады (видео)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коммуналды шаруашылық саласының қызметкерлеріне ашуланғаны соншалық, эмоциясын жасыра алмады. Бұл туралы youtube.com хостингіне Асқар Ақтілеуі есімді азаматты...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Елбасы орысшаға қазақ тілінде жауап беретіндерді жұмыстан қуатынын айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орысша хатқа қазақ тілінде жауап беретіндер жұмыстан қуылатынын ескертті. Бұл туралы SN.KZ хабарлады. 

Korrespondent.kz Саясат

Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

97
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

97
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №3

84
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №2

91
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №1

84
Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter