Экономиканы әртараптандырмай даму мүмкін емес
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Экономиканы әртараптандырмай даму мүмкін емес

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Тәуелсіздік алғалы – 25 жыл. Өз валютамыз бар, дербес экономикамыз қалыптасты. Дегенмен, сол 25 жыл ішінде әлемдік нарықта өз орнымызды ала алдық па? Неге әлі күнге дейін шетелдік тауарларды пайдаланамыз? Неге экономикамыз мұнайға тәуелді күйінше қалып қойды? Жауабы біреу – Қазақстан сол 25 жылда шикізат тәуелділігінен арылып, ел экономикасын әртараптандыра алмады. Сол себепті дағдарыс жағдайында экономиканың шикізаттық емес секторы дамып, бюджетке тиісінше табыс әкеледі деп күтудің жөні жоқ. Сондай-ақ, Қазақстанның қазіргі таңдағы сыртқы қарызы – 155 млрд 57 млн долларды құрайды екен. Оның ішіндегі ең үлкен бөлігі – Нидерландыға тиесілі. Біз голландықтарға 43,13 млрд доллар қарызбыз. 

Осы орайда «ел экономикасын алда не күтіп тұр?» деген заңды сауал туындайды. Экономист мамандар мұнай бағасының қашан көтерілетінін күтпей, индустрияландыру, шағын жеке бизнесті дамыту керек дейді. Ал, экономист Меруерт Махмұтованың пікірінше, біз сол баяғыша шикізат экспорттаушы ел күйінде қала береміз. 

«Соңғы жылдары минералдық шикізат барлық экспорттың 80 пайызын құраған болса, биыл да сол қарқын сақталады. Ол үшін экономиканы әртараптандыру керек. Ол жайлы 2002 жылдан бері жиі айтылып келеді, алайда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Экономика тұрақты түрде өскенде ғана теңгеге деген сенім нығая түспек. Ал ол үшін экономика әртараптандырылуы тиіс. Яғни, ол тек мұнай бағасына байланып, түбегейлі тәуелді болмауы керек. Долларды шектеуге бағытталған ешқандай шаралар дедолларизацияға қол жеткізуге көмектесе алмайды» дейді маман. 

Мұнайдан түсетін табысты алмастыратын ештеңе жоқ, сондықтан мемлекет бюджетіндегі тапшылық Ұлттық қор есебінен өтеліп жатыр. Соның салдарынан Ұлттық қордағы қаржы шетінен кертіліп, жұмсалуда. Егер 2013 жылы Ұлттық қордан бюджетке аударылған трансферттер үлесі – 22 пайызды құраса, үстіміздегі жылы ол бюджет табысының – 36 пайызын (3 трлн теңге) құрады. 

Доллар бағамының аздап тұрақтағанына қарамастан, девальвациялық қатер азаймай отыр. Бұл түсінікті де. Бұған дейін қазақстандық сарапшылар сыртқы саудадан түсетін кірістің қысқаруы республиканың төлем теңгерімінің нашарлауына әкеліп соғатынын, ал одан кейін экономиканың девальвациядан құтыла алмайтынын бірнеше рет айтқан-ды. Бірақ оған құлақ асқан кім бар? Экономист С. Смирновтың айтуынша, теңгенің долларға шаққандағы бағамының тұрақтануы – уақытша құбылыс. Теңге қайтадан құлдырайтын болады. 

Валюталық табыстың қысқаруының негізгі себебі – Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары шикі мұнай мен металлдар бағасының құлдырауы болып отыр. Мұнай өндіру көлемі жылдан жылға азаюда. Айталық, 2013 жылы 81,8 млн тонна мұнай өндірілсе, 2015 жылы – 79,5 млн тонна, ал биыл – 74 млн тонна өндіріледі деп күтілуде. Металлургия саласы да тоқырауды бастан кешіріп жатыр. Үдемелі инновациялық индустриалдық бағдарламасы жоспарланған нәтижелерді бермеді.

Дегенмен, мүмкіндіктер де жоқ емес. Үкімет осы уақытқа дейін қағажу көріп, назардан тыс қалып қойған басқа да әлеуеті зор салаларға көңіл аударуына болады. Мәселен, қызмет көрсету саласы. Сапасы нашар, ал, бағалары шарықтап тұр. Қырғызстанда туризм ішкі жалпы өнімнің 5 пайызын құраса, бізде - 1 пайыз. Салыстыру үшін айтсақ, бізде ауыл шаруашылығы ІЖӨ-нің 5 пайызын құрайды. «Үлкен жобалардың қажеті жоқ. Алысқа бармай-ақ, мәселен, National Geographic Traveller-дің Алматыны биыл көруге тұратын 16 орынның тізіміне кіргізгенін жарнамалық қолдау ретінде пайдалану керек» дейді Меруерт Махмұтова. 

Маман жол көрсетіп, бағыт-бағдарды нұсқап отырса-дағы оған құлақ салып, дегенін істей қояр кім бар. Басқа салаларға көңіл бөліп, дамытып, өркендетпей, бір мұнайға байланған экономиканың көрер күні осы. Қазіргісі осы болса, келешегінің не боларын ешкім нақты болжай алмайды. Бұл жерде барлығы бүгінгі жасаған әрекетімізге байланысты. Қазір шара қолдансақ, ертең жемісін жейміз. Олай болмаған жағдайда келешегімізге деген күмән қоюлана түспек. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter