Балаң әкім болса, көшеңде атың тұрар
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Балаң әкім болса, көшеңде атың тұрар

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Баласы әкім болса әкесінің аты асқақтап шыға келеді. Өзі басқарып отырған ауданның бір көшесіне баттитып әкесінің атын береді. Қолда тұрғанда қоныштан басып, тек сол көшені ғана көркейтуге білек сыбанып кірісіп жатады. Әрине, әркім-ақ өз әкесін идеал тұтып, ерекше құрметтейтінін түсінуге болады. Бірақ, ардақ тұтудың, атын шығарудың, тарихта қалдырудың жөні осы екен деп орынды-орынсыз жерлерге тыққыштай беру қаншалықты дұрыс? «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, қалайда әкесінің немесе атасының атына көше алып беру үшін жанталасатындардың жарысқа түсіп кеткені сонша, бүгінде ұлы адамдардың атына берілген көшелерге де ауыз сала бастады. Мысал керек пе?

Сарыағашта Жанкешу деген ауыл бар. Бұл ауылдың бар екенін біз білмейтін бе едік, егер ондағы бір көшенің аты ауылдың бұрынғы әкімінің әкесінің атына ауысып кететін болды деп тұрғындар тарапынан дабыл қағылмағанда. Ауысқанда да анау-мынау емес, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов атындағы көшеге көз салыпты. Бұл туралы жергілікті газетке хабарландыру да берілген. Рас, ұлы сазгерді ығыстырып жатқан тұлғаның да оңай емес екені белгілі. Ұлы Отан соғысының ардагері екен. Қолына қару алып, қан майданда ерліктің үлгісін көрсеткен ардагер, шын мәнінде, құрметке лайық. Дегенмен әкімнің әкесіне ауыл орталығынан бір көшенің аты керек болды деп көзі кетсе де көңілдерден өшпейтін, күллі қазақ даласын әліге дейін өзінің әуезді әндерімен тербетіп тұрған талантты «құрбандыққа шалу» қаншалықты әділетті? Міне, осыны айтып шырылдаған тұрғындардың дабылынан кейін Ш.Қалдаяқовтай қазақтың маңдайына біткен талант қолда барда, қоныштан басатындардың «құрбандығынан» аман қалды, есесіне ардагер де атаусыз қалмады, яғни оған ауылдың басқа бір көшесінің аты бұйырды.

Ұлылардың атындағы көшеге көз салу мұнымен түгесілмейді. Рас, кеңес өкіметінің тоталитарлық жүйесі сетінеп, тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары көптеген көшелер мен елдімекендер, ауыл-аймақтар заман талабына сай қазақшаланғаны белгілі. Сол жылдары Шымкент қаласындағы №52 мектепке Махамбет Өтемісұлының аты берілді. 1992 жылдан 2012 жылға дейін батыр бабаның атымен аталып келген білім ордасы кейін кімге жақпай қалғанын қайдам, тек №52 мектеп деп аталатын болды. Ол аз десеңіз, өзінің отты жырларымен жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа, әділеттілікке шақыратын Махамбеттің тас мүсіні мектеп ауласынан алынып тасталды. Жиырма жыл бойы мектептің құжат-қағаздарына аты жазылып келген М.Өтемісұлының есімі осылайша ойламаған жерден ысырылып қала берді. Ауыл ақсақалы, жоғары категориялы ұшқыш, бүгінде зейнет демалысында жүрген Рахым Утеновтың айтуынша, мектеп алдындағы тас мүсін күрделі жөндеуден кейін қайта орнатылатын болған. Бірақ одан бері де арада төрт жыл өтті, қайта орнатылады деген дауылпаз ақынның ескерткішінен әлі хабар жоқ. Кейіннен тағы сұрастырып көріпті, сөйтсе бұл мектепке Махамбет Өтемісұлының есімі әу баста ресми түрде берілмеген болып шығады. Сонда жиырма жыл бойы мектеп бітірген түлектердің аттестатына жазылып келген «М.Өтемісұлы атындағы мектеп» дегені өтірік болғаны ма? Бұл қатені қалай түзейміз? Жарайды, жиырма жылдан бері ресми тіркелмей келді дейік, ештен кеш жақсы дегендей енді заңдастыра салса болмай ма? Әлде бұл мектеп те бір әкімнің әкесінің атын күтіп тұр ма?

Жалпы, бұған дейін жазғанымыздай, танымал тұлғалардың әкесінің атымен аталатын көшелер бізде аз кездеспейді. Мысалы, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы ең үлкен көшелердің бірі осы ауылдан шыққан кәсіпкер, кезінде Парламентте депутат болған Ермек Абасовтың әкесінің атымен аталады. Әбжаппар Жылқышиев атындағы көшені де көзіңіз шалған шығар. Әрине, жазушы Жылқышиевты танитындар аз емес, десек те осы аттас фамилия айтыла бастаса ең алдымен есімізге бірнеше жыл облысты басқарған, кейіннен Сенатқа депутат болып кеткен Болат Жылқышиев түседі. Шаянға барып орталық көшенің аты берілген Естай Шөкеевті сұрасаң міндетті түрде баласы Өмірзақты атайды. Таяуда бір көшенің бойынан Сейтжан Құртаевтың атын көріп қалдық. Аты-жөніне қосарлап «Ұлағатты ұстаз» деп қойғаны болмаса ол кісінің бүгінгі Сейтжановтарға бөтен емес екені белгілі. Сондай-ақ, Шардарадағы Тұрысбеков атындағы ауыл да құлаққа таныс естіледі емес пе?! Осыдан біраз жыл бұрын Зауытбекті Қауысбектің баласы деп танитындар енді баласының арқасында әкесін танып жүр. Шардараның бірінші басшысы ретінде Қ.Тұрысбеков тарихта қалатыны белгілі. Еткен еңбек, төккен терінің өтеуі ретінде бүгінде бір ауылдың атын беру де артық емес, дегенмен елдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқандар тек Қ.Тұрысбековпен түгесілмейді ғой. Егер осы тұрғыдан алғанда есімі ел ішінде құрметпен аталатындар аз емес. Соның бәрін бірдей жарылқауға жағдайымыз, көшеміз, ауылымыз жете ме екен?!

Рас, туған өлкеміздегі жер-су, елдімекен атауларының отаршылдық-тоталитарлық дәуірлерде қандай өзгерістерге түскені бізге тарихтан белгілі. Біз, бүгін, осы жер-су атауларының шығу тарихына тереңірек үңілсек, онда үлкен сыр жатқанын білеміз. Ендеше, ескі атауларды қалпына келтіру арқылы біз тарих алдындағы әділеттілікті орнатуға атсалысқан боламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары заман талабына сай көше, ауыл, кент аттарын ауыстырғанда көбіне тарихи аттарына басымдық берілді. Кейіннен қосылған жаңа көшелер мен ауыл-аймақтарға сол ауылдың іргесін қалап, керегесін кеңейткендердің есімі беріліп жатты. Күні кеше ғана көз алдында жүрген адамының атымен көшенің аты аталып жатса ғажап емес пе, бұл үрдіс кейіннен жаппай жарысқа ұласты. Тіпті, қыза келе көшеге берілетін аттар да саудаға түсіп жатты. Кейбір қуақы әкімдер «Көшеге пәленше деген байдың атасының, немесе түгенше деген рудан шыққан көсемнің атын берсек сол көшенің көріктенуіне артында қалған ұрпақтары атсалысатын болады» деген бақай есеппен көше аттарын оңды-солды үлестіре берді. Одан қалысқысы келмегендер тіпті астыртын таласқа да түсіп жатты. Ақыр соңы бүгінгідей ұлылардың атындағы көшелерге ауыз салумен, қалтасына қол жүгіртумен жалғасып кетті.

Ресми дерек тек Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде тәуелсіздік алғаннан бері 500-ге жуық елдімекендердің аттары заман талабына сай өзгертілгенін айтады. Бұрын Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасы Ресейдің картасына ұқсайтын, себебі жер-су, елдімекен атауларының басым бөлігі өзге тілде болатын. Еліміздің картасы да өзге тілде жасалатын. Бүгінде біршама түзелді дегеніміз болмаса әлі күнге дейін баяғы тоталитарлық режим бекіткен атауларынан арыла аймай жатқан ауылдар мен көшелер аз емес. Енді соның бәрін заман талабына сай лайықтап, жаңартатын кез келді. Әрине, еліміз егемендік алғалы Қазақстанның картасы да едәуір өзгеріп, қазақшаланып қалды. Дегенмен, еліміздің солтүстік, шығыс, орталық облыстарында орысша атаулар әлі де сіресіп тұрғаны жасырын емес. Соның ішінде, Петропавл мен Павлодар қалаларының атаулары сол күйінде өзгермей-ақ қойды. Алайда осы атауды ауыстыруға кейбір басшылардың батылы жетпейтінін несіне жасырайық. Тіпті бүгінгі басшылардың арасынан қазақша атауларға үрке қарайтындары да кездеседі. Соның айқын дәлелі ретінде Петропавл қаласын Қызылжар деп өзгерту керек екені ақындар айтысында да, ұлтжанды азаматтар тарапынан да жиі айтылғанымен әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Бәлкім, көшеге таласқыштардың біразын сол өңірлерге жіберу керек шығар, әйтпесе ұлы тұлғалар мен батыр-бағландардың, одан қалса мемлекет қайраткерлерінің атындағы көшеге көз салатындардың қатары азаятын сыңай байқатпайды.

Түйін

Қалай айтқанда да «атамның атын –ауылға, көкемнің атын – көшеге» дейтіндердің екпінін басып, бәріміз бір тудың астынан табылатындай ұлттық мүдде төңірегінде топтасқанымыз абзал. Әйтпесе, жік-жікке, ру-руға бөліну міне осындай майда-шүйде мәселерден бастау алып, ақыры тұтас елдің татулығына сызат түсіруі бек мүмкін.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter