Ақбөкеннің неден қырылғаны әлі күнге айтылар емес
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ақбөкеннің неден қырылғаны әлі күнге айтылар емес

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Былтырғы қой жылының көктемі қынадай қырылған ақбөкенімен есте қалды. Барша ақпарат құралдары дабыл қағып, мың жерден мәселе көтергенімізбен мәселенің басы ашық күйінде қалды. Сары даланың сәні болған ақбөкендердің неден қырылғанына байланысты нақтылы жауап болмады. 

Қайқы мүйізді, дөңес тұмсықты түз жануарларына тажал қайдан келді? Айналасы бірер күннің ішінде 30 мыңнан астам ақбөкеннің ажал құшуы қалай айтқанда да қазақ үшін үлкен қасірет! Өзі Орталық Азияда барлығы 260 мыңға тарта киік болса, олардың 200 мыңға жуығы Қазақстанның батыс және орталық өңірлерін мекендейді. Бір кездері бас саны бес миллионнан асқан ақбөкеннің екі жүз мыңға дейін азайып кетуіне әр түрлі себеп бар. Өткен ғасырдың екінші жартысында тек біздің қазақ даласынан 4 млн 137 мыңнан астам ақбөкен ауланып, нәтижесінде 71 мың 112 тоннадай ет, 3 млн 614 мың тері өндіріліпті. Франция, Италия секілді елдер емдік қасиеті бар жеңсік тамақ ретінде 3 мың 500 тоннадай ақбөкен етін сатып алған екен. 300 тоннадай бөкен мүйізі дәрілік шикізат есебінде шетелдерге шығарылыпты. 

Ақбөкенге ауыз салғандардың айылы тәуелсіздік алғаннан кейін де жиылмады. Ақшаға құныққандар бағалы аңның тек мүйізін қағып алу үшін қаншасын қынадай қырды. Денелері әр-әр жерлерде теңкиіп жатты. Браконьерлер көзге түсіп қалмау үшін оққа ұшқан олжаларының тек мүйізін ғана алып, қалған ет, терісі бұйым құрлы болмай аң-құстардың аузында кетті. Белгілі журналист Төреғали Тәшеновтың келтірген мәлеміттеріне қарағанда, 2003 жылы Бетпақдалада киіктердің саны 1 мың 800 бас ғана қалған екен. Кеш те болса, Үкімет оң шешім қабылдап, киіктерді аулауға тыйым салды. Соның нәтижесінде 2007 жылы 110 мыңға жетіпті. Одан бері де қорғауға алынған өсімтал киіктің саны біршама өскені белгілі еді, бірақ былтырғы айтқызбай келген ажал тағы біразының басын жалмады. 

Ақбөкендер қырғыны елімізде бұрын да болған. 1981 жылы сәуір айында бұрынғы Торғай облысының аумағында 180 мың ақбөкен қырылған. 1984 жылы Еділ мен Оралдың құмында 250 мың ақбөкен қырылып қалған. 1988 жылы Байқоңырдан ракета ұшырылғанда, қазақтың елсіз даласында жайылып жүрген 500 мың ақбөкені мен басқа да жабайы аң, малдар қырылып қалған болатын. Оның бәрі кеңес заманында еді. 

Ал тәуелсіз елімізде 2010 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында ресми есеп бойынша 12 мыңдай киік қырылған. Арнайы комиссия сол кезде бөкендер пастереллез деген жұқпалы ауруға ұшырады деп топшылаған. Артынан «олай емес» деп жалтарған. Сол ақбөкендердің дәл неден қырылғаны әлі күнге анықталған жоқ. 2011 жылы сол аумақта тағы да қырылды. Жүргізілген сараптаманың нәтижесі бойынша, бұл жануарлардың өліміне де былтырғыдай пастереллез дерті себепкер деп шықты. Ал былтырғы зауалды да аспанға ұшырылатын зымыранның запыранынан болмады деп ешкім кесіп айта алмайды. Өйткені сол жүз мыңға жуық ақбөкеннің аяғы көктен келетінінен бір күн бұрын «Протонның» апатқа ұшырағаны белгілі. Ертеңіне ақбөкен қырылып қалды. Ал бұл қырылуды Ауыл шаруашылығы министрлігі пастереллез ауруынан көріп отыр. Қызық, «Протон» құлайды, киік қырылады, оған пастереллез кеселі кінәлі болып шығады! 

Жалпы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары – ақбөкендердің жаппай қырылатын эпиорталығына айналған. Бұған не себеп? Апатқа ұшыраған «Протон» осынша үлкен аумақтағы өсімдік әлеміне гептил уын шашуы мүмкін бе? Мамандар ол аумақ Байқоңырдан алыс жатыр, сондықтан мүмкін емес деп сендіргендей болады. Бірақ бұл аумақтың бәрі «Протонның» ұшу кеңістігі бойынша бір-бірімен жалғасып жатқанын маман емес адам да жақсы білсе керек. 

Бір күнде баудай қырылған ақбөкендердің ажалы неден болғанын болжау тиісті мамандарға қиындық тудырғанымен қарапайым халық оны іштей сезіп отыр. Өлген киіктердің іші кеуіп, аузынан көбік байқалған, тышқақтаған. Демек қанша жерден жасырып-жапқымыз келсе де көптеген киіктің қынадай қырылуының астарында ауаның уланғаны жатыр. Өліп жатқан киіктердің тек ұрғашысы мен лақтары болуы не себептен? (Олардың ұрғашы екендігі мүйізі жоқтығынан білінеді). Оны аналық киіктің қыстан әлсіреп шығуымен әрі лақтауынан кейін пайда болатын әлсіздікпен, сондықтан улы шөптің тез әсер етуімен байланыстырады. Шынымен де солай ма? Мұның себебі киіктер лақтарын туарда текелері топ-топ болып бөлініп, солтүстік жаққа ауып кететін көрінеді. Осылайша, олар «Протонның» ұшу кеңістігінен аман қалатын секілді. Оның үстіне орта есеппен жүз аналыққа бір текеден келетіндіктен, өлген текелер ұшы-қиырсыз далада жан тапсырған аналық киіктердің арасынан байқала бермеуі мүмкін.

Жауын көп жауған жағдайда қырық жыл бойы шықпаған улы шөптер де қаулап өсіп кетіп, киіктер содан уланып жатыр дейді мамандардың бір тобы. Ағылшын ғалымы киіктер қомағайлығынан қырылды деді. Киік – қорада өскен үй жануары емес, туғаннан далада жүрген жабайы киіктің улы шөпті инстинкт бойынша ажырата алмауы мүмкін емес дейді оған қарсы басқа мамандар. Оған олар ғылым бойынша әлдеқашан анықталған улы шөптің шығыста, тауда, орманда өсетінін әрі елімізде жүз мың шамасындағы киікті бірден жалп еткізердей көлемде улы шөп өспейтінін айтады. 

Не керек, алапат зауалдың неден келгені бір жылдан бері үкіметтік деңгейде тексеріліп жатыр. Аэроғарыш мамандары да киік қырылуының ғарыш айлағына тиісті болуы мүмкін екенін айтып қалды. Бірақ Ақтөбе, Қостанай, Ақмола зымыран ұшырулар тікелей әсер ететін аудандардан тым алыста жатқандықтан, зерттеп көруіміз керек деп отыр. Сонда қашанғы зерттейміз деп өзімізді алдаусырата бермекпіз?!

Дүниежүзіндегі ақбөкеннің 90 пайызы Қазақстанның еншісінде, Яғни ақбөкен – еліміздің бренді. Ендеше, сол ақбөкеннің 100 мыңға жуығының бір күнде қырылып қалуы халықаралық апатты жағдайға жатады. Халықаралық Табиғат қорғау қоғамы барынша дабыл қағатын жағдай! 

Әлемде 2 мыңнан аса ядролық қару сыналса, соның елеулі бөлігі қазақ жерінде сынақтан өткен. Планетада ядролық сынақтан дәл Қазақстандай зардап шеккен бірде-бір ел жоқ. Қасиетті жеріміздің үштен бірінен астамы осы әскери сынаулардан азып-тозып, бүлінген, 25 миллион тонна улы қалдық қаттаулы. Еліміздің бас ауруына айналып отырған полигондарды біржола жауып, оларды жергілікті халықтың игілігіне қайтару жұмыстары толық өз шешімін тапса, жазықсыз ақбөкендер қырылмас па еді деген ой келеді. 

Қалай айтқанда да қазақ даласының сәні болған түз жануарларын қорғау біз үшін өте-мөте маңызды болып отыр. Сол себепті оның бас санын көбейту мәселелері де бүгінде жүйелі түрде жолға қойылған. Айталық, осыдан қырық жылдай бұрын Қазақстанның Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында киік етін өндіретін мемлекеттік аңшылық өндірістік шаруашылығы құрылып, киік соятын алып мұздатқышы бар комбинат салынса, қазір керісінше сол Ырғызда киіктерді қорғайтын ғылыми мәртебесі бар мемлекеттік табиғи резерват ашылып, алып әкімшілік ғимараты кешені салынды. Сол кезде бірнеше ондаған аңшы бригадалары киік атып даламызды қанға бөктірсе, қазір қорықшылар күн-түн көз ілмей дала жануарларын қорғап жүр. Тек жаңа жоғарыда айтып өткенімізден табан асытнан келетін қауіп-қатерден сақтасын! 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter