Гүлстан – шөлстанға айналып барады
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Гүлстан – шөлстанға айналып барады

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Шыбық қадасаң шынар шығатын қазақтың құнарлы жері бүгінде шөлейтті аймаққа айналып барады. Бір кездері белуардан шөп өскен шүйгін жерлердің тозып, тоқырауға ұшырауына не себеп? Еліміздің батыс аймағына қарай жолаушылап шықсаңыз Қызылордадан ары қарай иен даланы көресіз. Ұшы-қиырына көз жетпейтін маң дала бейне бір ұйқыдағы дию сияқты. 

Иә, иен даланы жолаушылап жүрген адамның қолындағы шыбығын жерге қадап кетіп, араға бірер ай салып қайтып келсе, әлгі таяқтың саялы бәйтерекке айналатындығы жайлы қазақтың аңыз-ертегілерінде аз айтылмайды. Әрбір аңыздың астарында ақиқат жататынын ескерсек, кезінде қазақ жерінің құнарлығы қу таяқты жібітіп, тамыр жайдыратындай құдіретке ие болғанын аңғарамыз. Маңғыстау түбегінің майлы топырағы да бір кездері мал баққан шаруа үшін таптырмас мекен болғаны мәлім. Көшпелі халық жаз бойы қолындағы төрт түлік малын шөбі белуардан келетін сол маңға баққан. Кешегі ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін мұрты бұзылмай жатқан сары құрлық бүгінде денесін солқылдатып мұнай сорып жатқан скиважиналардың кесірінен әл-дәрмені құрыған адамдай ұзыннан-ұзақ сұлқ түсіп, сұлап жатыр. Жерден бөлінетін газ көктегі жаңбырдың нөсерлеп төгуіне мұрша бермесе керек, аспаннан ара-тұра көретін ала бұлт та түнеріп тұрып тарқап кетеді. Дегенмен кейінгі кезде мұнайдың тым тереңдеп кеткенінен шығар, көктемге қарай қарабүртіп келетін қалың бұлт бұрынғыдай бір-екі тамшылап тарап кетпей, селдетіңкіреп жауатын әдет тауыпты. Сары құрлықтың көнекөз қариялары табиғаттың бұл тартуын жақсылықтың нышанына балап жүр. Демек, әлі-ақ Маңғыстаудың маң даласы шүйгінді өлкеге айналады деген сөз. Бірақ, жер шарының басым бөлігі құрғақшылықтан зардап шегетіні жайлы бұған дейін де аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Еліміздің батыс өлкесіне алаңдап, бас қатырып жүргенде шығыс жақтың біраз бөлігі шөлге айналып шыға келді. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің соңғы таратқан мәліметіне қарасақ, ел аумағының 70 пайызы шөлге айналып үлгеріпті. Және шөлейттену үдерісі үдемесе, тоқтайтын түрі байқалмайды.

Рас, құнарлы жердің шөлге айналуы – әлем бойынша жүріп жатқан үдеріс. Адам баласы егіншілікті игергелі бұл үдеріс тіптен үдей түскен. Бүгінде жер бетінің үштен бірін шөл дала алып жатыр. Мысалы, жердің құнарлылығы құрамында миллиондаған микроорганизмдер бар беткі қабатына байланысты. Ғалымдардың есептеуінше, қалыңдығы бір сантиметр болатын құнарлы қабат қалыптасу үшін ғасырдан астам уақыт қажет екен. Ал оны жою үшін соқамен бір рет жыртып өту жеткілікті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы таратқан ақпаратқа сенсек, жер бетінің 40 пайыздан астамы шөлейттенген, ал Қазақстанда аталмыш көрсеткіш 70 пайызға жетіп жығылады. Мұндай сорақылыққа өткен ғасырдың ортасындағы тың игеру деген желеумен миллиондаған гектар жердің аяусыз жыртылуының да өзіндік кесірі тигені анық. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы өндірушілері мол өнім алу мақсатымен Жер-Ананы әлі де аяусыз қанауын қояр емес. Иесіз, бос жатқан бір гектар алқап көрсе, бір қап бидайды артық алу мақсатымен түрен салуға асығады.

Ал жалпы қазақ сахарасына көз жүгіртетін болсақ, шөлейт даланың бірнеше түрін көруге болады. Жортқан аңның табаны күйіп, ұшқан құстың қанаты талатын әйгілі Қарақұм 350 мың шаршы шақырымды алып жатса, одан кейінгі орында 300 мың шаршы шақырым жерде жатқан Қызылқұм бар. Ал, Үстірт пен Маңғышлақтың арасы 200 мың шаршы метрді құрайды. Созақ пен Жезқазған арасын жалғап жатқан Бетпақ дала да анау-мынаудан қалыспайды, ол екеуінің ара-қашықтығы 75 мың шаршы метр. Атақты Аралқұмыңыз да алдыңғысынан кем түспейді, ұзын-ырғасы – 45 мың шаршы метр! Оған 40 мың шаршы шақырымға жететін Мойынқұмды қосыңыз. 

Ал әлемдегі ең жас шөл Аралқұм екен. Арал теңізінің суалуы бұл шөлдің ұлғаюына ерекше әсер етті. Арал қасіреті де адам қолымен жасалғаны анық, мақта шаруашылығын дамыту үшін Сырдария мен Әмударияның суын оңды-солды жығып алған 4-5 мемлекеттің кесірінен тұтас аймақ зардап шегуде. Судың тартылуынан пайда болған зиянды элементтердің қатері жайлы әлем ғалымдары дабыл қағып отыр.

Қазақ жерінде орманды алқаптардың аздығы да жердің шөлейттенуіне жол ашып беруде. Барлық алқаптың 5 пайыздан астамында ғана ағаш өседі екен, ал оны ауыл тұрғындары қыстық отын үшін отап жатқанын ескерсек, жағдайымыз мүшкіл екенін ұғамыз. Құмның көшуіне бірден-бір тосқауыл болатын сексеуіл де сиреп кетті. Бүгінде Арал қасіреті тек қазақ елін ғана емес, сонымен бірге әлем ғалымдарын да алаңдатып отыр. Тартылған теңіздің түбіндегі тұзды топырақ мұзды мұхитты да еріте бастады. Соған алаңдаған эколог мамандар бүгінде Арал теңізінің айналасына сексеуіл дәнін себуді қолға ала бастады. Соңғы мәлімет бойынша, бүкіләлемдік банктің қаржысына Арал теңізінің аумағындағы 25383 гектар жерге сексеуіл егілген екен. Демек, шекара таңдамайтын шөлейттілікпен күресу бүгінде жалпыхалықтық мәселеге айналып отыр. 

Жалпы, еліміздің алып жатқан географиялық орны орман, дала, шөлейт, шөл сынды төрт аймақты қамтитыны белгілі. Алайда бүгінде сол аймақтардың шекаралары үлкен өзгеріске ұшыраған. Яғни, шөлейтті зоналар «құлашын кеңге жайып», топырағы құнарлы аймақты «ығыстыра» бастады. Дүние жүзі ресурстар институты Қазақстан аумағының 99 пайызы құрғақшылыққа бейім екенін атап, бүгіннің өзінде жердің 66 пайызы түрлі деңгейдегі шөлейттенуге айналғанын мәлімдеді. Оның ішінде негізгі аймақтар ретінде Шығыс Қазақстан облысының Семей өңірін, Балқаш көлінің маңын, Қызылорда облысын, Маңғыстау, Қарағанды облыстары аталады. Бұл аймақтардың бірінде топырақ тұзданып, сортаңға айналып жатса, бірінде экологиялық жағдайдың әсерінен жарамсыз болып жатқан жайы бар.

Астықтың мекені саналатын солтүстік өңірдің өзінде жердің 30 пайызы жарамсызданған екен. Ал Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кәсіпорындарының қалдықтары ауамен қатар топырақ қабатын да ластап, құнарсыз етуде. Көлшікке айналған Аралдың қасіреті айтпаса да түсінікті. Осы маңнан ұшқан тұздар алыс-жақын аймақтың экожүйесін орны толмас өзгеріске ұшыратып, салдарынан бұл өлкеде 2 млн. гектар жер шөлге айналып үлгерген. 

Ал ғалымдардың зерттеуі бойынша, Мойынқұм, Балқаш, Алакөл аймағы судың тапшылығы салдарынан жердің тозуына әкеп соқтыратын құрғақ климатты зонаға айналып барады. Шығысқа ойысатын болсақ, мұндағы жағдай да мүшкіл. Кенді Алтайдың кені өзге жұртты қуантып жатқанымен, жергілікті халықты уландырып, топырақ қабатын ластап жатыр. Экожүйесі ең көп зардап шеккен аймақ – Семей өңірі екені ешкімге де жасырын болмай қалды. Жарты ғасырға жуық созылған ядролық сынақ радионуклеидтері ауа, су, топырақ құрамын ғана ластап қоймай, жерді бірнеше километр тереңдікке дейін айықпас дертке шалдықтырды. Ядролық сынақтардың кесірінен 20 миллион гектар жер жарамсыз болып қалды. Ел картасына үңілетін болсақ, елімізде құмды шөлдер алып жатқан аумақтың үлкендігіне көз жеткіземіз. Қызылқұм, Мойынқұм, Қарақұм, тағы басқа құмды аймақтар мыңдаған жыл бұрын болған өзен-көлдердің орны. Мұнымен қатар, Үстірт, Бетпақдала сынды сазды шөлдер, Сарыарқаның оңтүстігінде кішігірім тасты шөлдер де бар. Ал республикамыздағы орманның алатын аумағы бар-жоғы 4,6 пайызды құрайды. Бұл бұталы тоғайларды, сексеуілді жерлерді қоса есептегендегі көрсеткіш.

Даланың шөлейтке, шөлейттің шөлге айналуы қоғамның барлық саласында үлкен қорқыныш тудыратыны белгілі. Барлық 188 млн гектар жайылымдық жеріміздің 26 пайызы құрғақшылық салдарынан жылдан-жылға азып-тозып бара жатқандықтан егістік айналымынан шығарылған жер көлемі жыл санап артып келеді. Сонымен бірге экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы адамдардың денсаулығына да кері әсерін тигізіп жатыр. Бүгінде жасына жетпей жүрек талмасымен ауыратындар көбейген. Сондай-ақ, қан қысымы да жыл өткен сайын жасарып барады. Мұның бәрі сайып келгенде экологиялық ахуалдың күрт нашарлауының кесірі.

Түйін.

Әрине, зардаптың алдын алу үшін үкімет тарапынан аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Белгілі дәрежеде бюджеттен қаржы да қарастырылған. Бірақ бекітілген бағдарлама мен бөлінген қаржы әл-әзірге ажалға бастайтын аждаһаны ауыздықтауға әл беретін емес. Бізде тіпті шөлейттенумен үздіксіз күрес жүргізетін мамандандырылған институт та жоқ болып шықты. Бұрын болған, бірақ 90-жылдардың басындағы жекешелендіру науқаны еліміздегі бұл институттың да қарасын құрдымға кетіріп тынған. Соның салдарынан бүгінгі таңда жердің, топырақтың құрамын жақсарту мақсатында жұмыс істейтін білікті мелиоратор-мамандар да жоқ. Себебі білім беру саласында мелиорация мамандығы ескерілмейді. Нәтижесінде, гүлстан шөлстанға айналып, бір кездері шыбық қадап шынар өсіретін құнарлы жерлер құрдымға кетіп барады.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter