Нығматулин депутаттарды «оята» ала ма?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Нығматулин депутаттарды «оята» ала ма?

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Нұрлан Нығматулин Мәжіліске қайта оралды. Біреулер мұны «кланаралық қақтығыстардың жеңісі» дейді. Екіншісі «елдегі биліктің бейнесі өзгере бастағанының көрінісі» дейді. Біздіңше, Нұрлан Зайроллаұлының заң шығарушы органға тағайындалуын бір оқпен екі қоянды атуға теңеуге болады. Елбасының үзеңгілесі, әрі беделді саясаткердің бұл тағайындалуы, біріншіден, Мәжіліс пен Министрлер кабинетін жақындастыру, екіншіден, соңғы бірнеше айда Қазақстандағы тіршілік түрлі оқиғалардың ортасында қыз-қыз қайнап жатса да, сайланғанына бір тоқсан болған Мәжілістің мардымды жұмысы әлі көрінетін емес. Нығматулин бүған дейін де төменгі палатаның тізгінін ұстағандағы жұмысы нәтижесіз болмады. Бұл жолы да қысқы ұйқысы әлі ашылмаған депутаттарды оятары сөзсіз.

Қазақстанның саяси жүйесін президенттік басқарудан пре-зиденттік-парламенттік мемлекетке айналдыру мәселесін Елбасы да бірнеше рет айтқан болатын. Ол үшін ең алдымен мықты саяси жүйе, соның ішінде заң шығарушы органның қызметін күшейту керек. Ал, соңғы бірнеше айда көз ілеспес жылдамдықпен өрбіп жатқан оқиғаларға не Парламент, не Үкімет тарапынан жұмсартып айтқанда «жүйелі» реакция байқалмады.

Сайып келгенде, осының бәрі бүгінгі саяси жүйедегі осы қос буынның онсыз да аса жоғары емес беделіне халықтың күдігін күшейтті. Ал, билік формасының транзиті кезінде оған ешқандай да жол беруге болмайды. Сондықтан, Ақ орда тарапынан жасалған соңғы тағайындаулар ең алдымен елдегі саяси ахуалды түзеуге бағытталғаны көрініп-ақ тұр.

Билік трансформациясын айтқан тұста мына факторды да ұмытпаған жөн: Қазақстан Республикасының Ата заңына сәйкес Елбасы қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе қаза болған кезде президенттіктің қалған мерзімінде оның құзыретін Парламент Сенатының төрағасы атқарады. Егер Сенат төрағасы орындай алмаса, онда ол уәкілетті Мәжіліс спикері өзіне алады. Оның да мүмкіндігі болмаса, онда елдің тізгіні Премьер-министрдің қолына өтеді. Осыны ескеріп, жоғарыда аталған ауыс-түйістің астарында, егер олай-бұлай боп кетсе, мемлекеттің тұтқасын сенімді адамдарға қалдыру әрекетін де көруге болатын сияқты. Әрине, Елбасымыз аман болсын. Нұрлан Нығматулиннің тағайындалуы елдегі саяси ахуалға қаншалықты ықпал етеді дегенге келсек, бұл біріншіден, Қазақстандағы құқықтық негізді күшейтуге бағытталғанын айттық. Екіншіден, қазіргі Мәжіліс спикерінің билік басындағылар арасындағы беделін ескерсек, Үкіметтің Парламент алдындағы жауаптылығының артатынын күтуге болады. Үкімет пен депутаттарға деген халық сенімінің сұйылып кетуінің бір себебі де – осы атқарушы және заң шығарушы билік арасындағы байланыстың әлсіреуі. Әрі Мәжіліс жұмысы да, ашығын айтқанда, жақсартуды қажетсініп тұр. Осы екі фактордың әлсіреуі салдарынан, тұспалдап айтсақ, «түсініксіз заңдар» түсе бастады Парламентке. Қала берді, қазіргі Мәжіліс төрағасы мен Үкімет басында отырған негізгі «әйел үміткердің» сәлемі түзу деседі білетіндер. Сондықтан, билік трансформацияланса да, ауысса да, соңғы тағайындау тылды күшейтуге көбірек саяды.

Өзінің сөзінде Нығматулин палата төрағасы ретінде барлық партиялық фракция-лар мен депутаттық топтардың пікіріне байыппен қарайтынын айтты. Сонда ол қандай топтар? Қазіргі мәжілістегі 107 орынның 84-і «нұротандықтардың», жеті-жетіден – «Ақ жол» және Қазастанның Коммунистік халықтық партиясының еншісінде. Қалған 9-ы – Ассамблея атынан сайланған депутаттар. Қазір Мәжілісте «Нұр Отан» бір жақ, қалған партиялар бірігіп, коалиция боп айғай салса да, бәрібір дауысы шықпайтын халде. Бір сөзбен айтқанда, біздегі көппартиялылық – әзірге тек атауы ғана. Содан болар біздегі кей заңдардың шикілігі олар қабылданып кеткен соң да шығып жүргені. «Жатырдағы» жоба кезінде мүжіп тұрып талқылап, жілігін шағып, майын ішіп, майшаммен қарап, қарапайым сайлаушының мүддесі үшін бір-бірімен жаға жыртыспаса да, қызыл-кеңірдек боп айтысып жатпағасын, кей заңдарымыз көңілсіз қойдан туған қозыны елестетеді. «Егер халқың көшеде бір-бірімен қырылыспасын десең, депутаттарың Парламентте жаға жыртыссын» депті бір саясаткер.

Кәсіби Парламентті Елбасының армандап жүргені қашан. Юриспруденция мен процессуалдық тәртіптің майын ішкен мамандар мен тәжірибесі тау жығар қаржыгерлер отыруы тиіс Парламентте әзірге кімнің жұмыс істеп отырғанын толық тани алмай жүрміз. Сол 107 депутаттың 43-і бұрынғы шақырылымнан қалған «сыры мәлім», сыралғы саясаткерлер. Дегенмен олардың да атының шығып жүргені шамалы екені – шындық. Бізде көппартиялы жүйе әлі қалыптаспады. Демек, оған біреулер мүдделі. Егер Парламентте бірнеше партия өкілдері қазіргідей емес, біріксе, басымдыққа ие болатындай мүмкіндікке ие болса, билік партиясы да, қалғандары да ойланар еді. Өйткені, қазіргі билік басында жүрген топтарға қарама-қарсы саяси салмақ пайда болар еді. Ал, айтылған ойға қарсы дәйекті уәж бен балама пікір жоқ жерде ақиқаттың тумайтыны тағы бар. «Айнаға қарамасаң бетіңнің кірін көре алмайсың» деген осы шығар.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter