Қарызға толы етегің, пантеон сенің не теңің?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қарызға толы етегің, пантеон сенің не теңің?

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Жер кодексіне қатысты жұрт митингке шығар шықпасын анықтай алмай арпалысып жатқан тұста жағаласып тағы бір «жаға ұстатар» жаңалық жарқ ете қалды. Астанада 79 миллиард теңгенің пантеоны салынатын болыпты. Түсіндіре кетейін, «пантеон» деп грек тілінен аударғанда құдайларға арналған ғибадат орны дегенді білдіреді екен. Қысқаша айтқанда – Құдайлар үйі. Сонда қазақ 80 миллиард теңгеге қай «құдайына» үй салғалы жатыр?

Аузынан авария болып, жағы жаңыла беретін министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бір сөзінде «Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың (есімдер реттілігі мәдениет министрінің айтқанындай аталып отыр) қазасынан кейін қазаққа да бір пантеон керек деген мәселе көтерілді», депті. Ал, кешегі елге есеп берген жиынында Мәдениет министрі «құдайлар қорымын» салу ниеті осыдан екі жыл бұрын талқыланғанын айтқан. Ұлттың атын шығарған оғландар мен танымал тұлғаларды жерлейтін арнайы орынның қажеттілігін жан-тәнімен насихаттап жүрген мәдениет министрі сол тұлғалардың өмірбаянын да білмейтінін байқатып алды. Жарайды, «көпірдің басындағы әңгімеге» қайта оралайық.

Сонымен, Қазақстанға да бір ұлттық пантеон керек екені үш жыл бұрын айтыла бастады. Үкімет қаулы да шығарды. Оның келбет-көрінісі қандай болатыны туралы ұсыныстарын айтқан сәулетшілер арасында байқау өткізілді. Арыстанбек Мұхамедиұлының «Пантеон - адами қарым-қатынас саласындағы негізгі қызмет» деген «қанатты» сөздері де сол кезде айтылған болатын. Жалпы, мұндай тәжірибе әлемде кең қолданыста. Батысқа бармай-ақ, қол созым жердегі Түркияда Ататүріктің пантеоны бар. Мәселе, оның құрылысында емес, соған бөлінетін қаржыда боп тұр. Астананың іргесіндегі Қабанбай ауылынан салынуы тиіс қорымға инженерлік желі мен жол тарту үшін 2014 жылы қазынадан 1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ал, өткен аптада ВИП қорымның техникалық-экономикалық негіздемесінің өзіне 79 миллиард теңге бөлінетіні туралы ақпарат тарады. Оған халықтың қандай қабақпен қарайтынын алдын ала болжау үшін балгерге де барудың қажеті жоқ еді; қымбатшылықпен итжығыс түсіп жүрген жұрт тағы бір ашуланып алды. Халық айтса қалт айтпайды: сыртқы қарызы 155 млрд АҚШ долларынан асқан елде қорым салуға, мейлі ол ұлттың батырлары болсын, 80 млрд теңге төңірегінде қаржы жұмсау тиімді емес. Кейбіреулер «өлі риза болмай тірі байымайды» деуі мүмкін. Қазақ тарихында атын қалдырған тұлғаларды танымал орынға жерлеу мақсат болса Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі тақияға тар келіп тұр ма? Нағыз қазақ үшін жанын аямай, қан төккен тұлғалар жатқан жоқ па сол жерде? Сол кесененің айналасынан топырақ бұйыруын армандап қанша қазақтың асылы өтті өмірден... Ендігі, бақилық болған бастық пен билік өкілін не өзге тұлғаны халық шынымен тарихи тұлға деп тануы үшін уақыт керек емес пе? Елі үшін еңбек еткендердің арнайы пантеонға бірнеше жылдан кейін ғана жерленгені жайлы әлемдік тәжірибеден көптеп мысал келтіруге болады. Керісінше, ондай орынға жерленген адамды кейін алып тастағанын да бәріне көніп келе жатқан адамзат көріп келе жатыр. 

Ал, сол ВИП-қорымға қаралған қаржыға қаншама мектеп, бала бақша салуға болады. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 16 мектеп апатты жағдайда. Үш ауысымда білім беретін мектептерді босату үшін Шымкент шаһарының өзінде тағы 8-10 мектеп салу керек. Қалтасы көтерген қаржыға бұйыртқан бұрышты жалдап күн кешкен, жеке баспанасы жоқ мұғалімді кім санады? Сол түрімізбен үш тілді білім жүйесіне ауысуды жоспарлап отырмыз. Қарызға толы, жалба-жұлба етегің, пантеон сенің не теңің?! 

Ел осылай деп бұлқан талқан боп жүргенде мұның кезекті ақпараттық «арандату» екені белгілі болды. Осы бойынша түсінік берген Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл тек алдын-ала болжамдалған баға екенін айтып ақталды. «Жобалық-сметалық құжат енді ғана жасалып жатыр. Сондықтан құрылыстың нақты құнын айту әлі ертерек», деді елдің бас қазына есепшісі. Демек, ондай «құдайлар қорымының» салынары хақ. Тек мәселе қаржысына кеп тіреліп тұр. Бір ғана сұрақ: ол жерге қай «құдайымызды» жерлейміз?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter