Мұнайсыз келешек қандай болмақ?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Мұнайсыз келешек қандай болмақ?

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Қазақстан десе, «мұнайлы ел» деген сипаттама қоса жүреді. Жаратқанның жеріміздің қойнауына салып берген байлығын шикідей сатып, халықты асырап келеміз. Ол біздің басты брендімізге айналды. Алайда, мұнай – бір заманда сарқылатын дүние. Ол таусылғандағы күніміз қандай болмақ?

Жапония, Швеция, Бельгия сияқты талай мемлекеттер ешбір табиғат байлығынсыз-ақ өркендеп, дамып жатыр. Олар мұнайсыз да керемет өмір сүруге болатынын дәлелдеді. Бір заманда Ұлыбритания да қарамағындағы мұнайлы елдердің күндердің бір күнінде бостандық алатынын біліп, басқа салаларды дамытуға күш салды. Яғни уақытында тізгін тарта білді. Швейцария да 70 жыл бұрын кедей мемлекеттің бірі болатын, бүгінде өзіндік брендін қалыптастырды. Ол – швейцариялық банк немесе швейцариялық қымбат сағат. Ең кедей деген Үндістанның да атын шығарған Тәж-Махал, Болливуд пен Гоа курорты бар. Израиль медициналық туризмді дамытып, табиғи көкөніс-жемістерін бүкіл әлемге таратуда. Біреулер технологиясымен алға шықса, біреу білімімен көш бастады. Оларды қойшы, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан табиғат байлығынсыз-ақ кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласын жолға қойып, бізден озып барады емес пе?! Ал бізде мұнайдан басқа не бар? Онсыз өмір сүре аламыз ба?

«Сүре аламыз!» деп батыл айтты былтыр ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Астана экономикалық форумының мінберінен айтылған бұл сөз шетелдік қонақтардың сұрағына берілген жауап еді. «Біз 2000 жылдардың басында-ақ табиғат байлықтарының келешекте бір-қатар проблемалар әкелетінін түсініп, мұнайсыз өмір сүруді үйрендік» деді Бақыт Сұлтанов.

Алайда, мұнайдың қазақ экономикасының іргетасы, негіз-гі «алға сүйреушісі» екені бесенеден белгілі емес пе?! Жалпы, бүкіл экономикамыз мұнай бағасына тәуелді ғой. Экспорттан түсетін табыстың жартысынан астамы – мұнайға тиесілі. Ішкі жалпы өнімнің төрттен бірі – мұнай шикізат экспортынан келіп түскен табыс. Елімізге шетелдік инвестиция мен технологияларды тартуға ықпал етуші басты байлығымыз. Мұнайсыз өмірді елестетудің өзі қиын. Сонда мұнайсыз өмір сүруді үйренгеніміз қайда қалды? Министрдің неге бұлай дегенін сол күйі түсіне алмадық.

Дегенмен, биылғы дағдарыс жылы мұнайдың құндылығын шындап түсіндіріп берді. Ұлттық банк мәліметінше, жыл басынан бері мұнай мен газ конденсаты экспорты 41,1 пайызға кеміген. Өйткені, мұнай бағасы төмендеп кетті. Қазіргі баға – барреліне 50,33 доллар.

«Қара алтын» жыл өткен сайын құнсыз өнімге айналып барады. Жалпы, ғалымдардың зерттеуінше мұнайдың жер астындағы қоры 50 жылға жетеді. Wood Mackenzie консалтингтік компаниясының есептеуінше, 2035 жылға қарай әлемде мұнай дефициті толық орнайды. Тапшылық тәулігіне 4,5 млн баррельге дейін жетуі ғажап емес. Ал, біз күткен мұнай бағасы тек 2018 жылға қарай өсуі мүмкін. Schlumberger мұнай қызмет көрсету компаниясының есебінше, 2016 жылдан жақ-сылық күтудің қажеті шамалы. Бүкіл әлем бойынша «қара алтын» өндірушілердің табысы 25 пайызға азайып кеткен. Бұл салаға салынатын инвестиция әлдеқайда төмендеп отыр. Және бұл – тек бастамасы ғана. Таяу Шығыста ғана өндіріс сол күйінше қарқынды жүріп жатыр, өйткені онда мұнай өндіру арзанға түседі. Ол аз болғандай, жақында мұнайдың отаны – Сауд Арабиясының мұнай министрі «2040 жылға қарай энергия өндіруде мұнай пайдаланудан бас тартамыз, біз күн және жел энергетикасын өндіруші ғаламдық державаға айналамыз» деп мәлімдеді.

Парадокс. Қанша жерден тапшылық болса да, әлемде мұнай көп. Бірақ сұраныс азаюда. Мысалы, өткен жылы әлем бойынша тұтынылған мұнай көлемі – 91 млн баррель болған. Экономистердің айтуынша, бұл көрсеткіш келешекте одан жоғарылай қоймайды. Әсіресе, АҚШ, Еуропа мен Жапония мұнай қолдануды жылма-жыл барынша азайтып келеді. Энер-гетикалық тиімділікті ойлаған дамыған елдер энергия қуатын орнымен, үнемді пайдалануға көшті. Дамушы елдер де соған келе жатыр. Демек, энергия тұтыну болашақта тек қана төмендеуі мүмкін.

Мұны болжап білген мұнайлы елдердің өзі келешекті ойлап, басқа салаларды дамытуға тырысып жатыр. Мысалы, Қытай автонарығын нығайтса, Үндістан бүгінде мұнайлы ел ретінде аталмайтын болды. Ал Швеция алдағы он жылда жел мен күн энергетикасына толықтай көшпекші. Дания онсыз да желді күндері толығымен соның энергетикасымен күн кешеді. Яғни, тұтас бір мемлекет жел арқылы өзін электр қуатымен қамтамасыз етеді деген сөз. Германия он жылда жел мен күн энергетикасының үлесін 14 пайыздан 42 пайызға жеткізіп тастады. Оларға да мұнайдан бас тартып, жаңартылатын электр қуатына көшетін күн жақын қалды. АҚШ көмірмен, газбен және мазутпен жұмыс істейтін 22 гигаваттық электр стансаларын жабамыз деп отыр. Ал бүкіл Қазақстанның энергетикасының қуаттылығы – 19 гигаватт. Электрлі автомобильдердің дәуірі келгені – анау. Сонда мұнайға деген сұраныс қашан көтерілмек? Біздінше, сұраныс көбеймесе, біздің мұнайдың бағасы сол 50 доллар күйінде қала бермек. Экономист Алмас Чукин мұнай бағасы 80 доллардан аспайтынын қаңтарда-ақ айтып қойған. Баға көтерілмесе – мұнай да өтпейді. Жыл басынан бергі уақытта 41 пайызға кеміген мұнай экспорты әрі қарай да кеми берсе, экономикамыздың күні не боларын ешкім білмейді.

Қысқасы, әлемдік экономика қазақтың тек пайдалы қазбаларына ғана қызығушылық танытып отыр. Біздің әлемге ұсынар одан басқа ештеңеміз жоқ. Өкінішке қарай. Сонда мұнайымыз ешкімге керек болмай немесе бағасы құнсызданып, я болмаса таусылғанда біз не істемекпіз? Жауабы жоқ сұрақ.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter