Екі дүркін қашан шығады?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Екі дүркін қашан шығады?

  • Korrespondent.kz

   Біздің қазақ спортшыларында бір тенденция байқалады. Олимпиадаға қатысу, лажы болса алтын не күміс алып келу. Содан соң ана жақтан, өзімізден алатын ақшамен жағдайын, тұрмысын дұрыстап алып, спорт мектебінің, не спорт басқармасының бастығы, болмаса әкім болып, «шенеунікше» өмір сүру.

   Әсілінде мұндай принцип ол адамның мықты екенін көрсете қоймайды. Шын мықты жеңе салып қолғабын шегеге ілмеуі керек, меніңше. Мәселен, Жиров ілген жоқ. Олимпиададан соң шалқып өмір сүруіне болар еді. Бірақ ол кәсіпқой боксқа ауысуды жөн көрді. Біраз жерге дейін барды. Одан соң мына Головкин. Бұл да Олимпиаданың жүлдегері. Жүлде алдым деп жатып алған жоқ. Ары қарай жалғастыра берді. Қазір әлемдегі ең мықты 10 боксшының бірі. Илья ше? Пекиннен кейін-ақ Илья Қазақстандағы миллионерлердің бірі болатын. Бірақ ақшадан гөрі даңқты жақсы көреді екен. Тынбай дайындалды. Әлем чемпионатын 4 рет, Олимпиаданы 2 рет мойындатып тастады. Бұйыртса тағы біраз жүретін түрі бар. Ол аз десеңіз, Винокуровты айтайық. Қырыққа келгенше аттан түскен жоқ. Астындағы шайтанарбасымен күміс те алған бұрын, оны азсынды. Шын мықты екен, Лондонда алтын алды. «Тур де франс», «Джиро...», ол қатыспаған, жеңбеген турнир аз. Міне, нағыз даңқты спортшы деп осыларды айтса болады.
   Ал енді біздің қазақтың ішінен спортты ары қарай тоқтатпай қуған бір мықтыны білесіздер ме? Артаев чемпион атанып, Баркер кубогын әкелгенде қуанғаннан «жылап жібердік». Сәл болмағанда Эллиндер елінде масқара болып, бір түйір алтынсыз қалар едік. Алғысымыз шексіз. Алайда, екінші Олимпиадасында-ақ бабы нашар екенін көрсетті. Сосын не істеді? Сосын не істегенін сіз бізден жақсы білесіз. Бақтияр замандас қарны шыққан шенеуніктің өмірін таңдады. Әйтпесе жап-жас жігіт қой. Бекерге таныс емес ортаға түсіп, жоқ болып кетті. Естуімізше, 4 жылдан бері Жамбыл облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары болып қызмет етіп жүр екен.
    Серік Сәпиев те сол. Баркер кубогын алған боксшы екі дүркін олимпиада чемпионы бола алмас па еді? Астана арландарын басқа біреу де басқара алады ғой. Жасың келсе де екінші рет бақ сынап көруге болмас па еді? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Сәрсекбаев ше? Ол да жоғалды. Пекиннен келді де қолғапты лақтырды. Нағыз талантты жігіт еді. Тағы бір төрт жыл жүрсе екі дүркін чемпион болады деп ел сеніп жүрген. Бірақ, қайдан, бір алтынмен келген миллиондар қазақтың жалқауларын ары қарай спорт қуғызбайтын болды. Одан қалса пәтер дауына ілікті, әйелімен көлік үшін соттасты. Артынан атына лайық емес сөздер ертіп алды.
Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиев деген жігіт мүлде көзден таса. Тіпті Бақтияр сияқты шенеунік те бола алмады. Мейлі ғой, бірақ енді өзің білетін кәсібіңді ары қарай қусаң сені біреу күстаналай ма? Төбемізге көтерген баламыздың қай түкпірде жүргенін кім білсін, бірақ ұшты-күйлі жоғалды. Анда-санда ғаламтордан суреттерін ұшыратып қаламыз. Негізі Еркебұлан жап-жас жігіт. Кемі екі Олимпиадаға қатысуына болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол да зым-зия.
   Қазақ арасынан Олимпиаданы екі рет жеңетін бір жігіт болса, ол марқұм Бекзат Саттарханов болатын. Ерте кетті. Ал артында қалған інілерінің тірлігі мынау. Айтпағымыз, қазақ спортшылары шетінен дарынды-ақ. Бірақ енді бір багажбен, бір атақпен тоқтап қалуға бола ма? Мүмкіндігің, шамаң жетіп жатса, ары қарай жалғастырып, атыңды 6 құрлыққа таратсай. Сенен мықты ешкім жоқ екенін одан сайын дәлелдей түссей. Жоқ. Біздікілерге керегі бір реттік жеңіс қана. Ары қарайғы абырой қажет емес. «Екі дүркін Олимпиада чемпионы боламын» дейтін өз-өзіне қояр талап бірінде жоқ.
   «Елбасының Илья Ильинге деген көңілі ерекше, оны басқаларға қарағанда айрықша жақсы көреді» дейтіндерді де естіп жүрміз. Нұрекең Ильяға ғана бостан-босқа қайта-қайта қоңырау шалып, жеке өзі құттықтап жүрген жоқ. Ильяның батылдығына, қайтпас мінезіне, болдым-толдым демейтін еңбекқорлығына, сол үдеден шыға білетініне риза. Қазақтың бір баласы сондай жетістікке жетсе, қолын алмай қояйын деп тұрған жоқ. Мәселе жалқаулыққа келіп тіреліп тұр.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter