Кім кіммен нағашы-жиен?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Кім кіммен нағашы-жиен?

  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Газетіміздің өткен нөмірінде жарияланған «Кім кіммен бажа?» атты мақала басылым оқырмандарын қызықтыра түссе керек, редакциямызға хабарласып, білгендерімен бөліскендер аз болмады. Тіпті кейбірі алдағы уақытта оқығысы келетін мақалалар туралы ойларымен де бөлісті. Соған орай бүгін нағашылы-жиен тақырыбына кеңінен тоқталмақпыз. 

Қазақтың үш жұрты болады. Соның бірі – нағашы жұрт. «Нағашы – сыншыл. Жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші, тілеуқор боп жүреді» деген сөз текке айтылмағаны белгілі. Сонымен қатар «жиен ел болмас» деп жатады. Дегенмен жиен қыздың перзенті, яғни, өзге жұрттың ұрпағы болғанына қарамастан, атам қазақ жиенін құрметтеген. Тіпті «жиеніне қол көтергеннің қолы қалтырайды» дегенді текке шығармаса керек. Жиенін сыртқа теппейді, керісінше «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп бауырына басады. 

«Бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» деген бар емес пе? Әрине, егер таққа отырған адам өз туысын, әйелін, ұл-қызын жұмысқа алып, қызметтік мансабын пайдаланса, заңға қайшы келеді. Ал нағашы жұрты мен қайын жұрты, жиендері туысы болып саналмайды. Демек, бір-біріне ықпалы тиюі мүмкін. Бірақ бүгінгі біздің кейіпкерлеріміздің бір-біріне қаншалықты ықпалы тигенінен біз бейхабармыз. Анығын анықтауды оқырман, өзіңізге тапсырдық. Сонымен, нағашылы-жиенді танымал азаматтар кімдер?

Филипп Голощекин мен Александр Машкевич

Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, қазақ халқының қынадай қырылуына себепкер болған атышулы Филипп Исаевич Голощекин қазақстандық кәсіпкер, миллиардер Александр Машкевичтің нағашысы екен. Байлығы 3,7 млрд АҚШ долларына бағаланған қалталы азамат бүгінде Израиль елінде тұрады. Машкевичтің Голощекиннің жиені болып шыққаны туралы мәлімет Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты» атты кітабында жазылған. Алайда бұл екі тұлғаның туысқандық қарым-қатынасы жайында көп айтыла бермейді. Айта кетейік, Филипп Голощекин 1937 жылы «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1941 жылы бір топ әскерилермен бірге атылды. Бірақ кейіннен ақталғаны белгілі. Қысқасы, қазақты қырған адамның жиені сол қазақтың байлығының арқасында шалқып-балқып өмір сүріп жүр. 

Бақыт СӘРСЕКБАЕВ пен Кәрім МАХМҰДОВ

Бейжің Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаевтың бапкері Кәрім Махмұдов спортшының нағашысы екенін дүйім жұрт біледі. Олимпиадада алтыннан алқа тағып, елге оралған соң олар туралы көп әңгіме тарады. Көбі туысын қанатының астына алып, чемпион атануына септігін тигізген бапкерге қызыға қарады. Бірақ, арада көп уақыт өтпей екеуінің араларынан қара мысық өтіп, спортшы нағашысымен соттасты. Оған пәтер дауы себеп болған. Сөйтіп соттасып, Бақыт Әбдірахманұлы бапкеріне сыйға тартқан Астананың элиталы аудандарындағы 3 бөлмелі пәтерін тартып алды. Бапкер де қарап қалған жоқ. Жоғарғы сотқа дейін шағым түсірді. Ол ол ма, 1981 жылы дүниеге келген боксшы әйелімен де соттасты. Жақында сот отырысы өтіп, чемпион жеңіліп қалды. 

Мұхтархан ДІЛДӘБЕКОВ пен Досжан ОСПАНОВ

«Алма алмадан алысқа домаламайды» деген сөз қос боксшы Мұхтархан Ділдәбеков пен Досжан Оспановқа арналып айтылғандай. Себебі Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, оңтүстікқазақстандық Мұхтархан Ділдәбеков Азия чемпионы Досжан Оспановтың туған нағашысы. Отбасының кенжесі Мұхтарханның ең үлкен әпкесі Досжанның анасы. 

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Қабыланбекұлы 1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Бүгінде жары Альбина Елшиевамен екі ұл, бес қыз тәрбиелеп отыр. 

Мұхтархан Ділдәбековтің жиені Досжан Оспанов қазір спорт әлемінен алшақ кетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын тілшілерге берген сұхбатында бокстан кетуіне ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген спортшы Иван Дычко себеп болғанын жасырмай айтқан. Содан ол бизнеске бет бұрып, кейін облыстағы спорт мектептерінің біріне басшылық етуді көздеп жүргенін де айтып қалды. Дәл қазіргі таңда Досжан туралы мәлімет тым аз. Себебі оны спортпен байланыстыру қиын. Кім біледі, күндердің күнінде бұлт арасынан сығалап шыққан күн сияқты жарқ ете қалар...

Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ пен Қуандық ҚҰЛАЖАНОВ

Бізге келіп жеткен мәліметтерге сүйенсек, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков пен Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов бір-біріне нағашылы-жиен екен. Нақты дәлел жоқ, дегенмен ұзынқұлақ солай дейді. 

Зауытбек Тұрысбековті танымайтын адам кемде-кем. Әсіресе оңтүстік халқы үшін Зауытбек Қауысбекұлының есімі жақсы таныс. 

1951 жылы ОҚО, Түлкібас ауданында өмірге келген З.Тұрысбеков 1993-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды. Кейін Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы, Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін абыроймен атқарды. Хатшылық қызметке тағайындалғанға дейін З.Тұрысбеков Қазақстан Республикасының Украинадағы, сосын Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Ал Қуандық Құлажанов 1994 жылдан бері мемлекеттік қызметте түрлі лауазымды тізгіндеген. Басқарма басшылығына келгенге дейін ол ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарған.

Серік БІЛӘЛОВ пен Ерлік ЖАНДІЛДИН

Сенатор Серік Біләлов бір кездері аты дүркіреген мемлекеттік қызметкер Ерлік Жанділдиннің нағашысы. Ерлік Борисұлының қызметтік өрлеуі туысы Біләловтің Солтүстік Қазақстан облысына әкім болып тұрған кезінде «космостай» шарықтаған. Алғашында Тимирязев ауданына қарасты ауылдық округте іс қағаздарын қарайтын қарапайым маман болып еңбек етіп жүрген Ерлік Борисұлы туысы әкім болған соң  Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тимирязев ауданы әкімі аппаратының жетекшісі,   облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы болды. Кейін ол Айыртау ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Шамамен бес жылдай уақыт өткен соң СҚО әкімі қызметінен кетті. Оның орнына келген жаңа басшы Ерлік Жанділдинді қызметінен босатты. Бірақ өңірдің экс-әкімі Біләловтің бағы жанып, сенаторлыққа «жолдама» алды. 2014 жылы  оның жиені Ерлік Борисұлы оңтүстікке келгісі келгенге ұқсайды. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшылығына жарияланған конкурста бағын да сынап көріпті. Бірақ бір себептермен оның жолы болмай, қарсыласы Берік Уәлидің айы оңынан туған. 

Ұласбек СӘДІБЕКОВ пен Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы әрі кеңесшісі Нұрлыбек Жеңісбек бір-біріне нағашылы-жиен. 

Ұласбек Сәдібеков 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Қызметтік жолы ешбір қара пиарсыз деуге болады. 2006-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының әкімі болған. 2007-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының басшылық тізгінін ұстаған. 2009-2012 жылдары – «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. 2012 жылғы қаңтардан төменгі палата тарқатылғанға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты мандатын иеленді. Ағымдағы жылдың 8 ақпанында ОҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ал оның туысы Нұрлыбек Жеңісбек Шымкенттің бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалдының кезінде баспасөз хатшысы қызметіне кірісті. Оған дейін журналистика саласында еңбек етіп жүрді. Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы журналистерге берген бір сұхбатында ақпарат орталығының есігі кез келген БАҚ өкілі үшін ашық екенін мәлімдеген болатын. Дегенмен шаһардың қазіргі әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың облыс әкімдігі ғимаратында өткен кезекті бір брифингіне журналистерді іріктеп, тек «өзіне ұнайтын» журналистерді кіргізіп, басы дауға қалғаны белгілі. Ол туралы біраз ақпарат құралдары жазды да. Бұл кезде хатшы әрі кеңесші бұған дейінгі сұхбатында не айтып, не қойғанын есінен шығарып жіберсе керек. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter