46 миллиардты жұтқан Egov.kz қашан дұрыс жұмыс істейді?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

46 миллиардты жұтқан Egov.kz қашан дұрыс жұмыс істейді?

  • Жан КЕНЖЕ

Биыл Egov.kz сайты 10 жасқа толды. Электронды үкімет құрылғалы оған бюджеттен 46 млрд теңге жұмсалыпты. Дегенмен, 240-тан астам қызмет түрін көрсететін бұл порталдың саннан сапаға көшетін кезі әлі келмеген сыңайлы.

Бұл сайт өмірге қалай келді? Ең алғаш 2004 жылы Елбасы жолдауында айтылып, қолға алынған сайтты жасауда кей шетелдік мемлекеттердің тәжірибесі пайдаланылыпты. Негізінен, 2001 жылы электронды қызметтер туралы бірінші болып заң қабылдаған Финляндияның сайты негізге алынған. Екі жылдан соң сайт іске қосылды. Сол кезден бастап қолданушыларға мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай, кезекке тұрып уақыт жоғалтпай, анықтама алу мүмкіндігі туды. 2010 жылы сайтта онлайн-төлем жасауға мүмкіндік беретін алғашқы транзакциялық қызметтер пайда болды. 4 жылдан бері мұнда неке қиюға өтініш тастауға да болады. Бүгінде бұл сайтқа күнделікті шамамен 43 мың адам кіріп, қолданады екен. Бас-аяғы 240-тан астам қызмет түрі көрсетіледі. «10 жылда 130 млн қызмет көрсетілді» дейді ресми мәлімет.

Әрине, электронды формат өте ыңғайлы, уақытыңды үнемдейді. Алайда, қағаз құжаттың рөлі әлі де басым. Қызмет көрсету орталықтарындағы базасы үнемі «зависать» етіп қалатын компьютерлер де заман көшіне ере алмай отыр. Ал, Egov.kz сайтындағы сервистердің көпшілігі елдің наразылығын туғызудан әрі аспай-ақ қойды. Көбінде ел оны тек өтініш беру үшін ғана қолданып жүр. «Ал басқа қызметтерін тым күрделендіріп жіберген» дейді олар. Мысалы, мәліметті өңдеу процесі тым ұзаққа созылып кететіні өтірік емес. Ол тек ақпараттық жүйеге емес, адами факторға да байланысты. Ол сайттың артында да кәдімгі қызметкер тұр. Егер ол жедел жұмыс істеуге дайын болмаса, қанша жерден өркениет игілігі, «ақылды» технология деп шәпкімізді аспанға атқанмен, одан пайда жоқ.

Таяуда ғаламторда Egov.kz жұмысын сынаған ролик жарыққа шықты. Видеожазба туралы пікір білдіргендер мұндай мәселенің бар екенін жоққа шығармады. Біреу «сендер егов арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып көріңдерші, сонда көресіңдер бұл сайттың әуселесін» десе, енді біреулер «ИП ашайын дегенмін, 4 күннен бері күтіп отырмын. Оны салық басқармасында ашуға болмайды екен, тек қана егов арқылы. Одан да баяғы жүйе оңай еді» деп күйінді.

Электронды қызмет түрін пайдаланып көрген Бақытжан С. атты қолданушының айтуынша, халықтың жұмысын жеңілдетем деп керісінше қиындатып жіберген.

«Қызығы сол – еговты Хром браузерінде ашасың, ал, Egov.kz Джава, сосын NClayer жүкте дейді. Жүктейсің. Сосын Хром браузердің 42-нұсқасы Джаваны танымайды дейді. Сосын амалсыз Мозилланы жүктеуге тура келеді. ЭЦП-ға өтінім берген соң браузер Джаваны блоктап тастайды. Сосын джаваның іске қосылуын өзің баптауға тиіссің. Кілтті орнататын кезде «файл қоймасы» дегенді таңдау керек. Ол – папка. Өтінім берген кезде ЭЦП сол жерге қондырылады. Сосын өтінімді жүктеп, қағазға шығарып, ХҚҚО-ға барасың. Ондағы операторлар өтінімді растаған соң үйге оралып, сол папкаға ЭЦП-ны орнатасың. Бары сол. Оп-оңай, солай емес пе?» дейді ол.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де өзекті. «Кибер шабуылдарды талдау және зерттеу орталығы» жүргізген эксперимент еговты қолданған әр адамның аты-жөнін жазып-ақ ол жайлы бүкіл мәліметті алуға болатынын көрсетіп берді. Қолданушылар онда өзінің телефон нөміріне дейін көрсетеді. Міне, осы ақпараттар порталмен қорғалмаған, іздеген жанның бәріне қолжетімді. Эксперимент кезінде орталық мамандары бір адамның аты-жөнін теру арқылы ол жайлы мәліметке қарық болды. Ал, оның ЖСН-ін мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан біліп алу қиынға түскен жоқ. Ұнатқан қызыңның немесе үлкен қызметтегі шенеуніктің телефон нөмірін біліп алам десең, вуаля! Мысалы, презентация кезінде орталық мамандары залда отырған Президент Әкімшілігі қызметкерінің нөмірін айтып беріп, таңғалдырған екен.

«Сайтты соны жасаған адамдар тестілеп, кемшіліктерін анықтайды. Алайда, адам өз жұмысындағы кемшіліктерді көрмей қалуы ғажап емес. Ал, сол тексеруге жыл сайын 50 млн теңге бөлінеді. Соған қарамастан қарапайым қателер өте көп» дейді мамандар. Демек, егов сайты нашар жұмыс істемегенімен қоймай, қауіпті.

Жыл сайын БҰҰ іріктеген электронды үкіметті жан-жақты дамыта білген көшбасшылар қатарында ылғи Оңтүстік Корея, АҚШ, Дания және Ұлыбритания тұрады. Айталық, Оңтүстік Кореяның үкіметтік веб-сайты өзінің дұрыс ұйымдастырылуымен, қолжетімділігімен, қарапайым халықтың қолдану көрсеткішімен бәрінен озып тұр. Кедендік алым-салық жүз пайыз электронды үкімет арқылы іске асырылып, соның арқасында жыл сайын 2,5 млрд доллар үнемделеді. Салық төлеушілерге арналған корейлік Тax Service әлемдегі ең үздік электронды қызмет атанған. Корейлер сондай-ақ, ауыл мен қала халқының арасындағы айырмашылықты барынша азайту үшін арнайы желілік портал ашып қойған. Яғни, халық ауылда тұрса да, қаладағы барлық қызметтерді қолдана алады. Мысалы, сол сайт арқылы білім алады, электронды коммерциямен айналысады. Бәрі ауыл халқының өмірін жақсартуға бағытталған. Олардың бұл жүйелерін көптеген елдер өздеріне үлгі етіп алған.

Дамыған ел Америкаңыз да бұл жағынан осал емес. Америкалықтар автотұрақ, коммуналдық қыз-меттердің ақысын, айыппұлды электронды үкімет арқылы төлеп, көліктерін тіркейді. Ең қызығы – америкалықтар үкіметтің шығындарын бақылап, қажет болса өз қарсылығын арнайы формада жеткізуіне жағдай жасалған. Халықты жүз пайыз қамтымаса да, АҚШ-тағы электронды үкімет өте танымал. Тұрғындар жиі қолданады. Бізге үздіктер қатарына ілігу әзірге арман ғана.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Архимедті Архимед қылған кім?

Ол Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалғанда 40 жасқа да толмаған-тын. Аты-жөні де республикаға анау айтқандай мәшһүр емес, ары барса, бір өңірдің жұртшылығы ғана біледі. Сірә, содан да болар, Мемл...

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК Саясат

Ипотека арқылы үй алудың машақаты аз емес

Жуырда ғана LSM.kz сайты жүргізген зерттеу нәтижесіне көз салсақ, әр банктың ипотека беру шарттары әртүрлі. Мысалы, «Сбербанк Қазақстан» басқарма директоры Мақсат Нұриденұлының айтуынша, бұл банктен А...

Жан КЕНЖЕ Қоғам

Қай облыс несімен мақтанады?

Қазақстанның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Соған орай өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы да әрқилы дамыған. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер берді. Елімізде қазба ба...

Жан КЕНЖЕ Экономика

Он жетімді бауырына басқан батыр әке

Отбасы да Отан сияқты... Өзегіңнен тепсе де, қазығын тапқан аттай қайта айналып соға бересің. Алайда адам біткен ананың сүтімен бойына жақсылы-жаманды қасиет жиып, әкенің тәрбиесімен ақ-қараны ажырата...

Мақпал ТӨРЕБЕК Сіздің елдің азаматы кім?

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter