Он жетімді бауырына басқан батыр әке
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Он жетімді бауырына басқан батыр әке

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Отбасы да Отан сияқты... Өзегіңнен тепсе де, қазығын тапқан аттай қайта айналып соға бересің. Алайда адам біткен ананың сүтімен бойына жақсылы-жаманды қасиет жиып, әкенің тәрбиесімен ақ-қараны ажыратады емес пе? Алып жердің құшағына адамның бәрі сыйғанмен, адамның құшағына ары кетсе алты бала сыятын кер заманның сиқы мен сықпыты осындай. Алайда бүгінде кер заманды кері айналдырып, он баланы жетімдіктің қамытынан құтқарған Мұрат Қабылбаев туралы айта бергім келеді, айта бергім...

Көкшенің табиғатындай кеңпейіл азамат – қазіргі таңда Көкшетауға қарасты Кенесары ауылының тұрғыны. Қысылтаяң шақта он балаға мейірімін бөліп беріп, бір шаңырақтың астына сан ұлттың баласын жиған жанды бүгінгінің батыры деп атай салудың өзі аз. Тоғыз жыл Құдайдан бір перзент сұраған әке бір кездері өлі тыныштық орнаған үйді азан-қазан қылатын, күндердің күнінде бір-біріне мүлде ұқсамайтын он бір балаға әке боласың десе, өзі де сенбес еді-ау... Сонымен ауылда күнелтіп жүрген қарапайым отбасының он баланы асырап алуына не түрткі болды? Көпбалалы болғысы келетін қалыңдығы болмаса, ол осынша жәутеңкөзді қанатының астына алар ма еді? Балалар үйіне қарай аяңдаған екеу кімнен қаймықты, неден қорықты? Бастапқыда әке Мұраттың имам екенін естігенде, одан қала берді, тоғыз жыл бала күткеніне қарап бұл бір иман мен сабырға бай жанұя болды ғой деп топшылап үлгергенбіз...

Талай жыл мешітте имам болған Мұрат бүгінде басқа салаға бет бұрған. Жағдайы төмен, жесір жандарға қамқорлық көрсететін қоғамдық қордың белді мүшесі. Қайырымдылық жасаудың ләззатын сезіне білген азаматтың жеті балапанды қанатының астына алуына маңдайында жеті саны бар бұзаудың туылуы себеп болыпты. Бәлкім, кездейсоқтық, бәлкім, ол бір Алладан келген аян... Осы бір бұзаудың маңдайындағы санның өз пешенесіндегі жеті баласына айналарын кім білген... Жетеуі де жетер еді-ау, бірақ жұбайлар мұнымен тоқтаған жоқ. Араға уақыт салып тағы үш бірдей жеткіншекті жауапкершілігіне алды. Бір-ақ күнде көпбалалы әке атанудың өзі Мұратқа оңайға соққан жоқ, ал одан кейінгі баспалдақтарды ол балаларының ұлтына қарамай қазақы тәрбие беріп, аста-төк мейірім сыйлауға сарп етумен басып келеді. Бір жазбасында: «Олар балалар... Олар махаббатқа малынуға, бақытқа бөленуге құқылы. Бірде түн жарымында айғайлап жылаған баламның дауысынан шошып ояндым. Жатын бөлмеге жеткенше неғылды, ауырып қалды ма екен, өзінің ата-анасын сағынды ма екен, оған бұл жер ұнамай ма екен деген мың сауал санамда самсап тұрды. Кереуетке келіп жеткенімде менің өзін түсінде балалар үйіне апарып тастағанымды айтып, «апармашылап» жылап отырған баламды құшақтап барып жаным тыншыды. Оны ешкімге бермейтінімді, ешқайда апармайтынымды айтып жұбатып жаттым»,-дейді. Осылайша оларды еңбекке баулып жатқан, олардың айран-сүт ішіп үйренгенін қуана желілерге жариялайтын әкенің былтыр «Маған аспанды көрсетші» деген кітабы жарық көрді. Кітап кейіпкерлерінің бірі – өзі, бірі – жары, енді бірі – балалары... Ал, ең қуанарлығы, автор орыс тілінде таралымға шыққан кітаптың көпшілікке алда қазақ тілінде жол тартатынын да жеткізді.

«Бастапқыда қорқыныш аз болған жоқ. Балалар үйіне барарда енді қалай болар екен деген күдік те болғаны рас. Оның үстіне балалар үйіне келіп түскен баланың бәрі дерлік әке-шешеден айырылған тұл жетімдер емес, дені – тірі жетімектер. Сондықтан әке-шешесі осындай қателікке бой алдырған балалардың болашағына күмәнмен қарағандар, бұл ойымыздан қайтаруға қанша тырысып бақты»,-деп ағынан жарылады. Кешегі аузынан ана сүті кетпеген шиеттей бала-шаға, бүгінгі қолғанат, ертеңгі ел сенім артар ерен ерлер. Осынша баланы көпсінбей, үдеден шыға білген отбасында Мұраттың бала кезінен-ақ көпбалалы ана болуды армандаған аяулы жары бар. Ол туралы ол өзінің кітабында бірде ата-аналар жиналысы болатынын айтқан баласына, әйелінің көбіне қолы тимейтіндіктен, өзінің баратынын айтады. Алайда баласы: «Неге ылғи сіз барасыз? Анам барсын да...»-деп өтінеді. Сонда «анаң барды не, мен бардым не» деп самарқау жауап берген отағасы өзінің баласының: «Мен анамды менің сыныптастарымның көргенін қалаймын, ол ең керемет ана»,-дегенін естіп қатты таңданады. «Жетімнің басынан сипаған қол бақытқа кенеледі» деген сөз бар. Асыл дінімізде де жетімнің басынан бір сипағанда алақаныңызға қанша шашы тисе, сонша сауап жазылатыны айтылады. Енді жүрегіне өз перзентінен бөлек он баланы сыйдырған ананы алтын демей көріңіз... Ай көрмей көріңіз...

«Әке біледі»... Бала біткеннің бәріне де ананың қауқары айды әперуге, әкенің қауқары қара жерді қақ жаруға жетердей болып тұрады емес пе? Өзінің кітабындағы Мұрат ағаның қатты әсер еткен қысқа әңгімесінің бірі де «Әке біледі» деп аталады. Бірде ұлы Төлегеннің келіп тізесіне жайғасып, ұзақ үнсіз отырғанын түсінген әке: «Не болды?»-деп сұрайды. «Жылағым келіп тұр...»-деп жауап береді ол. «Әке біледі» ,-деп жұбатады Мұрат оны. «Рақмет сізге»,-деген баланың сөзінен кейін әкелі-балалы екеу үнсіз ұғысады... Осындай тыныштықтан кейін «аға», «көке», «ата» деп жүрген баласының уақыт өте келе өзін «әке» деп атағанына жүрегі жарылардай қуанады. Міне, осыдан кейін Төлеген «бәрін білетін» әкесіне ұзақ-ұзақ қарап тұратын болған. Сүйсініп қарайды, жақсы көріп қарайды...

Бұл үйде ұқсағысы келетін адамды алыстан іздемей-ақ он бір бала өсіп келеді. Мұрат та өзінің кітабында өзінің балаларынан «Мен де сіз сияқты боламын» деген сөзді жиі еститінін жазады. Кітапты шолып шығып, күрсінесің, күлесің, таңдай қағасың, қызығасың, әлдебір ой түйесің, ақыр аяғы оның орнына өзіңді қойып көресің... Ол сынды бәрін де асырап алғың келеді, ол сынды ешкімді жылатпай бауырыңа басқың-ақ келеді, ол сияқты... Бірақ бұл кітаптың жан тебірентер оқиғаға толы беттерінің артында ап-ауыр күндердің, дауылды, боранды, қарлы, жаңбырлы шақтардың болғанын сезесің.

Ал қазіргі бұл отбасының аурасы жадыраған жаз сынды. Көргің келеді, білгің келеді, танысқың келеді, тіпті құйтақандай болса да жүйелі сөз таба білген балапандарды құшақтағың келеді, басынан сипап, арқасынан қаққың келеді... Ал кілең үздік, кілең сөз тапқыш балаларды жауратпай, тоңдырмай, аш қылмай асырап отырған ата-ананың қай-қайсысы да бізге үлгі. Қай-қайсысы да бүгінгінің батыры деуге әбден лайық емес пе?!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter